ҚАРЖЫЛАНДЫРУ 57 ПАЙЫЗҒА АРТТЫ

Уақыты: 10.04.2019
Оқылды: 990
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биыл «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын қаржыландыру 57 пайызға артты. Бұл туралы кезекті Үкімет отырысында айтылды.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын орындау мәселесі талқыланған жиында Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бастамасын іске асыру аясындағы жобалар да пысықталды. Онда белгілі болғандай, аталған мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 210 млрд. теңге қаражат бөлінген. Бұл қаражатқа 13 мың шағын және орта бизнес субъектілері қаржыландырылып, 10 мың жұмыс орны құрылып, 3,3 трлн. теңгеге өнім шығарылған. Бөлінген қаражаттың басым бөлігі несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға, қалғаны фабрикалар мен зауыттар, шағын және орта бизнестің өндірістік нысандарына жетіспейтін инфрақұрылым жүргізуге, несиелерді кепілдендіруге, гранттар беруге, оқытуға және кәсіпкерлерге консультациялық қызмет көрсетуге бағытталған. Жыл сайын жиырма мыңға жуық кәсіпкер білім алып, біліктілігін арттырса, жүз мыңнан аса кәсіпкер консультациялық және сервистік қызмет алады.

Биыл Елбасының тапсырмасымен «қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша қолжетімді несиелеу міндетін шешу үшін 600 млрд. теңге бөлінген. Осының аясында басым жобаларды жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасын іске асыру үшін 18 наурыздан бастап «Атамекен» ҰКП базасында бағдарламаның орындалу барысына мониторинг жасайтын жобалық офис қызмет атқарады.

Бүгінде банктерде қаралып жатқан әлеуетті жобалардың негізгілері жеңіл, тамақ өнеркәсібі және қызмет көрсету салалары. Жеңілдікті несиелендіру бағдарламасы бойынша АӨК дамытуға бөлінген 200 млрд. теңгенің 100 млрд. теңгесі ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға жұмсалса, қалған 100 млрд. теңге ауылшаруашылығы өндірісін өркендетуге бағытталмақ.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин шағын және орта бизнестің рөлін күшейтіп, оның ел экономикасындағы үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін жеткізу міндеті тұрғанын атап өтіп, жоғарыда аталған мәселелерге қатысты тапсырмалар берді.

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бастамаларын іске асыруда жыл басынан 282 мың адам әлеуметтік қолдауға ие болған. 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмекті белгілеуге құжаттар қабылдануда. Жалпы, биыл жергілікті атқарушы органдармен 821 мың адамға әлеуметтік көмек көрсетуге 83 млрд. теңге бағытталған. Сондай-ақ, 58 мың отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін республикалық бюджеттен 500 млрд. теңге бөлініп, ол тұрғын үйді жалға беру Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жеңілдетілген қарыздары арқылы жүзеге аспақ.

Соңында Үкімет басшысы бизнес-бастамаларды дамыту, өзінің жеке ісін ашу бойынша тәжірибесін көпшілікке тарату керек екенін айтып өтті. Бұдан өзге, кәсіпорындардың басшыларына өз жұмысшыларының проблемаларына, соның ішінде тұрғын үйге қатысты мәселелерге ерекше назар аударуды міндеттеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА