ҒАЛЫМДАР ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫНЫҢ 14 ТҮРІН ТАНЫСТЫРДЫ

Уақыты: 10.04.2019
Оқылды: 1133
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазіргі таңда егіс жұмыстарын техника күшімен жүргізу күн тәртібіне шықты. Мол өнім алуға сеп болатын сапалы тұқымға деген сұраныс та артып келеді. Өкінішке қарай, сапалы техниканың жетіспеушілігі диқандардың ұмтылысына қолбайлау болып тұр. Бұл мәселе облыстық әкімдіктің жіті қадағалауында. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Талдықорған өңірлік сынақ алаңында өткен семинарда осы мәселелер сөз болды.

Біраз жылдан бері облыстық әкімдік пен Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бірлесіп, сапалы тұқым мәселесін шешу үшін жұмыс істеп келеді. Өткен жылдары аталған институт "Тиссерин" (Франция) және "Игорь" (Германия), тағы да басқа тұқымдарды жерсіндіріп, өңір диқандарына ұсынып, жоғары көрсеткішке жетті.

– Биыл облысымызда 14 мың гектар жерге қант қызылшасы, 81 мың гектардай жүгері, 100 мың гектардан аса майбұршақ егіледі. Осыншама алқапты игеру үшін де заманауи техникаға деген сұраныс арта түсетіні белгілі. Өнімділікті арттыру үшін сапалы тұқымға қажеттілік те өспек. Сондай-ақ, өңірдегі қант қызылшасын, жүгері, майбұршақ өңдейтін зауыттардың іске қосылуы диқандардың сенімін арттыруда. Бүгінгі семинар міне, осындай мақсатта ұйымдастырылып отыр, – дейді облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров.

Осы ретте Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары жетісулық диқандарға 14 түрлі қант қызылшасының шетелдік және отандық тұқымын көрсетті. Сонымен бірге, «YTO» Агро Қазақстан» ЖШС-нің заманауи техникаларын сынақтан өткізіп, оның тиімділігін таныстырды.

Жалпы 54 гектар аумақты алып жатқан Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Талдықорған өңірлік сынақ алаңының 17 гектарына қант қызылшасы, қалғынына жүгері мен майбұршақтың тұқымы себіліп, жерсіндіріледі. Мамандар бұл аумаққа себілген қант қызылшасының әр гектарынан 800 центнерден өнім алуға болады деп қарайды. Өткен жылы облыс бойынша қант қызылшасының орташа өнімділігі 450 центнерден айналғанын ескерсек, осы алаңда жерсіндірілген сапалы тұқым келесі жылдан бастап диқандардың табысын еселеуге сеп болмақ.

Қажет АНДАС