ПӘТЕР КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА БІРІНШІ БЕРІЛЕДІ

Уақыты: 17.04.2019
Оқылды: 1199
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитет төрағасы Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ Текелі қаласының тұрғындарымен жүздескенде осылай деді.

Алдымен Мархабат Жайымбетұлы Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаевтың бастауымен газдандыру, «Текелі энергокомплекс» ЖШС базасындағы жұмыс жағдайы, «Металлург» шағын ауданындағы жылу жүйелерін күрделі жөндеуден өткізу барысымен танысып шықты. Осыдан кейін қалалық жұмыспен қамту орталығында жұртшылықпен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.

– Елбасының тапсырмасы бойынша көпбалалы отбасыларға бірінші кезекте үй беру тұрғысында заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілмекші. Алдағы жеті жылда баспанаға мұқтаж жандар үшін елімізде 42 мың пәтер салынбақ. Осы мақсатта Алматы облысының өзіне 5-6 миллиард теңге қаржы бөлу қарастырылуда. Бұл қаражатпен жылына 700-ге жуық пәтер салынады. Бұл жетісулықтарға аз көмек болмайтыны анық. Алайда тұрғындар белгіленген тәртіп бойынша үй кезегіне тұрып, әлеуметтік көмек алу туралы өтінішін уақытында өткізуі керек, – деді комитет басшысы Мархабат Жайымбетұлы.

Айта кетерлігі, Текелі қаласында баспанамен қамту тұрғысында жақсы көрсеткіштер жоқ емес.

– Қазір көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларды баспанамен қамту мақсатында 180 миллион теңге қаржыға өтініш бердік. Ол шешілсе, 20 отбасына пәтер сатып алып бермекпіз. Оның сыртында 40 пәтерлі үйдің құрылысын қолға алдық. Тағы да бір 40 пәтерлі үйдің құжаттары реттелуде. Бұл мақсатта инвесторлар да жақсы қолдау танытып, олар өздерінің қаржысымен бес үй салып беруге уәде етті. Қаладағы көпбалалы аналардың бәрінің әлеуметтік паспорты жасалып, оның әрбіріне қандай көмек керек екендігі нақтыланды, – дейді қала әкімі Бақтияр Өнербаев.

Жыл өткен сайын Текелі қаласындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді. Бұл жағынан жұмыспен қамту орталығының атқарып жатқан жұмыс да жеткілікті. Үш бөлмеге орналасқан орталықтың бір жағында оқу, жұмыс мәселесі шешіліп жатса, енді бір бөлмеде жағдайы төмен, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың өтініші қаралады, енді бірінде жұмысқа орналастыруға тиісті шаруалар реттеледі. Біз келгенде мұндағы жұмыс қызу жүріп жатыр екен. Келушілердің арасынан әлеуметтік көмек пен баспанаға мұқтаж жандар да табылды. Солардың бірін сөзге тартып көрдік:

– Мен бұл жерге әлеуметтік көмек алу және баспана мәселесі туралы сұрақпен келіп отырмын. Кейде істің жөнін білмегендіктен құжат жинау барысында қиналып қалып жатырмыз. Алайда орталық мамандары кішіпейілділікпен білмегенімізді түсіндіріп, жол көрсетіп береді. Қазір бар құжатымды өткіздім. Алдағы уақытта өтініштерім қабылданады деген ойдамын, – дейді Текелі қаласының тұрғыны Майнұр Байжұма.

Расында, қордаланған көп мәселенің бірден шешіліп кетуі қиын. «Көш жүре келе түзеледі» дегендей, барлық ойға алған мақсаттар осы бағыттан таймаса ел ризашылығына бөленетін жақсы істер жалғаса береді.

Қажет АНДАС

Текелі қаласы