ҮШ БӨЛМЕЛІ ПӘТЕРГЕ СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Уақыты: 17.04.2019
Оқылды: 1330
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитет төрағасы Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ Талдықорған қаласының 6-шағын ауданында салынып жатқан 16 қабатты екі тұрғын үй құрылысымен танысты. Мұнда облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов аймақта жүргізіліп жатқан жалпы құрылыс саласы бойынша жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндап берді.

Айдарбек Естебекұлының айтуынша, оңтүстік-батыс ауданының аумағы бекітілген жоспар бойынша кеңейіп келеді. Бұл аймаққа 5 жаңа шағын аудан салу жоспарланған. Бүгінгі таңда аумағы 316,7 мың шаршы метр болатын 121 әр түрлі қабатта үй салынды. 6037 отбасы үймен қамтамасыз етілді. 2012-2018 жыл аралығында 33 үй пайдалануға берілген. Нәтижесінде, 1943 отбасы тұрғын үймен қамтылған. Нақтырақ айтқанда, 443-і жас отбасы, 182 отбасы әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар және 398-і "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" салымшылары. Осындай ауыз толтырып айтатын жаңалыққа Елордадан келген қонақ өз ризашылығын білдірді.

Ал өзі аралап көрген 16 қабатты несиелік үйдің бірінші қабаты алғашқы медициналық жәрдем көрсету орталығы бар тұрғын үй. Әр бөлмені аралап көрген комитет төрағасы қазіргі кезде осындай орталығы бар үйлерді көптеп салуды қолға алу керектігін айтты. Негізгі еуропалық стандартта осы жоба тиімді екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үй салған кезде үш бөлмелі пәтер санын көбейтуді тапсырды. Қазіргі кезде көпбалалы отбасын үймен қамтамасыз етуде ең тиімдісі осы үш бөлмелі екенін баса айтты.

Жуырда пайдалануға берілетін көпқабатты үйдің бөлмелері Мархабат Жайымбетұлының көңілінен шықты. Аумағы жағынан кең, үш бөлмелі пәтер 94 шаршы метрді құраса, 2 бөлмелі 70 шаршы метрге тең. Осы ретте көпбалалы отбасыларға үй беру кезінде өздерінің келісімдері бойынша екі бөлмемен де қамтамасыз етуге болатынын тілге тиек етті.

Бұдан кейін комитет төрағасы Талдықорғанға кіреберісте бой көтеріп жатқан коттедж қалашығына барды. Мұнда алаңы 64 мың шаршы метрге 4 типті 606 коттедж салу жоспарланған. Қазіргі уақытта 204 коттедждің құрылысы жүргізілуде. Оларды маусым айында аяқтау жоспарланған. Ал қалған 402 коттедждің жобаларына түзетулер енгізілуде. Қаз-қатар бой көтерген үйді көрген Мархабат Жайымбетов құрылысшылардың жұмысына ризашылығын білдірді. Мұнымен қоса, құрылыстың сапасына мән беріп, олардың сатылуына жағдай туғызу керектігін тапсырды. Қазіргі кезде осы типтес үйлер жиі қолданысқа еніп, халықтың сұранысына ие болған. Сондықтан, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен" бірлесіп, көпбалалы отбасыларға, әр түрлі санаттағы тұрғындарға төменгі несиемен үйдің иесі болуға мүмкіндік жасау керектігін атап өтті.

Нұр-Сұлтаннан келген қонақ одан кейін облыста газ тарту мәселесі бойынша атқарылған жұмыстарды көрді. Қазір бірқатар аудандарға газ құбыры тартылған. Енді ішіндегі елді мекендерге тарту жұмыстары қолға алынып келеді. Газ тарту жұмыстарының жартысы жергілікті бюджеттен болса, жартысы жеке меншік тарапынан екенін жеткізді. Бұл тұрғыда Мархабат Жайымбетұлы: "Жеке кәсіпкерлерді газ мәселесіне тартқандырыңыз өте тиімді. Бұл үрдісті республика көлемінде насихаттауға тұрарлық іс екен", - деп өз ризашылығын білдірді.

Комитет төрағасы екі күндік сапарында облыста атқарылып жатқан ілкімді істерге куә болып, тың жобаларға мемлекет тарапынан да қолдау болатынын айтып, жұмыс сапарын аяқтады.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Фото - Руслан КАДЫРОВ