АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: БАСҚАРМА БАСШЫСЫ СЫНҒА ҰШЫРАДЫ

Уақыты: 17.04.2019
Оқылды: 1152
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылып, екінші тоқсанға арналған міндеттер сараланған келелі жиын өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, аудан, қала әкімдері мен облыстық басқарма басшылары қатысты.

Жиын басталмас бұрын аймақ басшысы көпшілікке Ғалымжан Әбдірайымовтің Талдықорған қаласының әкімі болып тағайындалғанын жеткізді.

– Ғалымжан Райылұлы мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен, оқыған-тоқыған азамат. Оның үстіне, еліміздің бірнеше өңірінде жауапты қызметтер атқарды. Облысымыздағы біраз мекеменің тізгінін ұстап, біліктілігін көрсете білді. Демек, алдағы уақытта Талдықорған қаласының көркейіп-гүлденуі үшін құлшына еңбек ететініне сенемін, – деді ол.

Осыдан кейін аймақ басшысы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастаған Үкіметтің мүшелерінің екі күннен бері облыста болып, жұртшылықпен жүздесіп, әлеуметтік нысандарды аралап, қол жеткізген жетістіктер мен алдағы жоспарларға жоғары баға беріп қайтқанын айтып өтті. Осыдан кейін жиынның күн тәртібі бойынша сөз кезегін облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқовқа берді.

Жеңіс Шылбынұлының айтуынша, облыс бірінші тоқсанды жақсы көрсеткіштермен қорытындылады. Өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда өнеркәсіп өнімі 3,7 пайызға, ауылшаруашылық өнімі 2,2 пайызға өссе, жалпы құны 81,6 млрд теңге инвестиция тартылған. Құрылыс, тұрғын үйді іске қосу, бөлшек тауар айналымы, тұтыну бағасының индексі, жергілікті бюджетке түскен салық түсімі де едәуір артқан. Сондай-ақ, 5144 жаңа жұмыс орны ашылып, көрсеткіш еселене түскен. Оның бәрін нақты-цифр, дәлел мен дәйек арқылы айтып шыққан Жеңіс Шылбынұлының есебін облыс басшысы да көкейге қонымды деп тапты.

Аймағымызда Елбасының тапсырмасы бойынша әлеуметтік әлсіз топтарға қамқорлық жасау мәселесінде өзгеге үлгі болар жаңалық көп. Айталық, өңірде көпбалалы аналарды баспанамен қамту, тегін жол жүруге мүмкіндік жасау, олардың балаларының балабақшаға орналасуы, мектеп жасындағы балаларға жасалатын көмектер өз жүлгесін тапқан.

Осыдан кейін мінберге көтерілген Панфилов ауданының әкімі Темірлан Бектасов бірінші тоқсанда атқарылған жұмыс барысын баяндады. Шекара шебінде жатқан Панфилов ауданы облыстағы өнеркәсібі мен саудасы өркендеген өңір. Сондықтан, олардың бұл бағыттағы жетістігінің аз болмайтыны анық. Аудан әкімінің баяндамасында соның бәрі толық айтылды. Дегенмен, өткенде Премьер-Министр Асқар Маминнің Панфилов ауданына сапары кезінде жұртшылықтан шалғай ауылдардағы медициналық пункттердің санын көбейтіп, дәрігерлердің біліктілігін арттыру жайлы ұсыныс түскен болатын. Амандық Ғаббасұлы аудан әкімінен осы мәселені шешу жолын сұрады. Бұл сұраққа жауап берген облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев дәрігерлердің біліктілігін арттыру мен шалғай ауылдардағы ауруханалардың қызмет көрсету сапасын жақсарту туралы нақты шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, Панфилов ауданында жүгері өсіру мен өңдеу жұмысының толық кемелденбей отырғаны да жиналыста көтерілген басты тақырыптардың бірі болды.

Бірнеше жыл қатарынан республика бойынша құрылыс саласында көш бастап келе жатқан облысымыз соңғы жылдары қарқынын сәл баяулатып алды. Әсіресе, «7-20-25» бағдарламасы бойынша нәтиже көңіл көншітпейді. Оның үстіне «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша да жұмыс баяу. Аймақта құрылыс саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған облыстық құрылыс басқармасының басшысы Дәурен Жолжанов Амандық Ғаббасұлы тарапынан сынға ұшырады. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша нақты жоспары, көңіл көншітер көрсеткіші жоқ бірқатар аудан әкіміне де ескерту айтылды.

Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен 16 сәуір күні өткен отырыста республиканың бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық қорытындысы сөз болып, ондағы облыстардың үлес салмағы нақты көрсетілген еді. Аталған жиында Алматы облысы жайлы алабөтен сөз болмаса да кейбір саладағы көрсеткіштің республикалық деңгейге жетпей жатқаны белгілі болды. Осы жағдайды еске салған облыс басшысы жиынға қатысқандарға жетістіктерді одан ары жетілдіре беруді міндеттеп, көрсетілген кемшіліктерді екінші тоқсанда түзетуді қатаң тапсырды.

Қажет АНДАС