ТАЛДЫҚОРҒАН-ӨСКЕМЕН ЖОЛЫ: ҚҰРЫЛЫС ҚЫЗУ

Уақыты: 04.05.2019
Оқылды: 1982
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Талдықорған мен Өскемен арасын жалғаған жолға күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі дегенді естіген Алматы мен Шығыс Қазақстан облысындағы тұрғындар қуанышында шек жоқ. Екі аралықтағы жол машақаты артта қалатын күн жақын.

Биыл республикалық маңызы бар «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автожолының 287-1073 шақырым  аралығындағы құрылыс жұмысы ресми түрде басталды. Мұның 313,5 шақырымы Алматы облысының еншісінде. Ол Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының шекарасын басып өтеді. Осы аралықтағы жолдың 31,5 шақырымы төрт, 282 шақырымы екі жолақты болады. Сондай-ақ, екінші деңгейдегі екі жолайрығы, 21 көпір және 404 су өткізетін құбыр салынады. «Каздорпроект» ЖШС жобалаған жол құрылысын жүзеге асыруды «CITIC Construction Co LTD» ЖШС жауапкершілігіне алса, "ГК Инжиниринг" ЖШС техникалық қадағалау жұмысын жүргізеді.

Аталған компания бүгінде жол құрылысына қауырт кірісіп кеткен. Талдықорғаннан шыға берістен бастап жер қазып, шағыл-тас тасып, құрылысқа қажетті басқа да материалдарды жеткізіп, сабылысып жүрген техника көп. Дала төсі қызу еңбекке толы. Бір жерде көпір салынып жатса, бір жерде қыраттарды төмендетіп қазу жұмысы басталған, тағы біреулері төгілген құм-тастарды тегістеп жүр. Таң атқаннан кеш батқанша тынымсыз жүргізілетін жұмыс қарқыны ерекше.

Бұл жолы біз Талдықорған қаласы мен Жансүгіров ауылына дейінгі аралықты аралап шықтық. Жобалау құжаттарына сай Талдықорған-Өскемен күрежолының 316, 362, 473, 532, 584-нші шақырымына бес құрылыс алаңы орын тепкен. Ол жерлерге қаз-қатар үй салынып, жол құрылысына қажетті техникалар мен материал дайындайтын зауыттар орналасқан. Сонымен қатар, жұмыстың іркіліссіз жүруін бақылап отыру үшін Үшарал қаласының бұрылысында «Рубеж» бекеті, Қабанбай ауылының маңынан жол пайдалану пункті, Жансүгіров ауылы мен Үшарал қаласының маңынан жол пайдалану басқармасы құрылған.

Ең бастысы, жол құрылысының басталғаны ауыл тұрғындарын шексіз ризашылыққа бөлеуде. Жұмыссыз отырған ауыл жастары жол құрылысы жұмысына тартылып, тіршілігін түзей бастаған.

– Бұрындары бұл кезде қала жағалап, жұмыс іздеп кетуші едік. Енді демаларға уақыт таппай жүрміз. Ай сайынғы жалақымыз тұрмыстық қажеттілікті шешуге жетіп жатыр. Тіпті, қала жағалап, пәтер жалдап жүретін таныстарымыз қайтадан ауылға орала бастады. Ауыл өміріне сән кірді. Күні бойы жол жұмысында болсақ, демалыс күндері үй-жайымызды реттеп, жаңаша өмірге талпынып жатырмыз, – дейді кран жүргізушісі Асқар Бекенов.

Қазір қызу еңбек Талдықорғаннан шығаберіс пен Талдықорған-Қапал жолының қиылысында, Қызылағаш пен Сағабүйен ауылының аралығындағы аумақта қарқын алған. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, олар күзге дейін жұмыстың басым бөлігін аяқтауды жоспарлап отыр. Дәл осындай жол құрылысының қарқынды жұмысы Талдықорғаннан Өскеменге дейінгі аралықты түгел қамтыған.

Қажет АНДАС

Фото - Руслан КАДЫРОВ

Ақсу ауданы

Алматы облысы