АУЫЛДА МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 15.05.2019
Оқылды: 2669
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Көксу ауданына қарасты Қызылтоған ауылында су жаңа мектептің құрылыс жұмыстары басталды. Алғабас ауылдық округіне қарайтын шағын орталығы бар 120 орынды орта мектеп құрылысына облыстық бюджеттен 717 миллион 654 мың теңге қаржы бөлініп отыр. Ал жаңа нысанның шағын орталығы 25 бүлдіршінге лайықталған.

Құрылыс жұмыстарын «СП NEFT» ЖШС жүргізуде. Құрылыс жұмыстарына бірінші кезекте ауылдағы жұмыссыз азаматтар тартылуда. Алғабас ауылдық округінде елді қуанышқа кенелткен істер мұнымен біткен жоқ. Ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты да айшықты шаралар қолға алынып жатыр. Атап айтқанда, аудандық бюджеттен 20 миллион 347 мың теңге бөлініп, Алғабас ауылының 390 метр болатын Көмекбай көшесіне, Қызылтоған ауылының 760 метр болатын Нұрахмет көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жасалып, асфальт төселді. Сондай-ақ, Алғабас ауылында «Туған жер» бағдарламасы аясында ауылдың кәсіпкер азаматтарының қаржысынан Жастар саябағы салынуда.

Ауыл әкімі Дәурен МОЛДАҒАЛИДІҢ айтуынша, «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында таяу уақытта құны 18 миллион болатын стадион құрылысы басталмақ. Ауыл әкімінің сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта халықтың әл-ауқатын арттыратын осындай әлеуеметтік маңызы бар жобалар жалғасын таппақ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"