ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ 4 ПАЙЫЗ

Уақыты: 16.05.2019
Оқылды: 2764
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Кезекті Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ел экономикасының даму қарқынының айтарлықтай жақсы екендігін атап өтті. Мәселен, қаңтар-сәуір айларындағы жалпы ішкі өнім өсімі 4 пайызды құраған. Атап айтар болсақ, құрылыс, сауда-саттық, көлік, машина жасау, соның ішінде автокөлік өнеркәсібі, металл кендерін өндіру, мұнай өңдеу және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы өсім көрсеткіші экономиканың негізгі драйверлеріне айналып отыр.


Негізгі базалық көрсеткіштер бойынша экономикалық өсімге Шығыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Павлодар, Атырау облыстары қол жеткізген. Өз кезегінде Үкімет басшысы Маңғыстау, Ақмола облыстарының және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне құрылыс, инвестициялар, өнеркәсіп және тұрғын үйді пайдалануға беру көлемін арттыруды тапсырды.

«Төмендеуге жол берілген өңірлердің әкімдіктері жоспарлы көрсеткішке шығуы қажет, ал көш бастап тұрған өңірлер қолда бар қарқынды төмендетпеуі керек», – деді Асқар Ұзақбайұлы.  

Сондай-ақ, бұл жиында биылғы жылдың төрт айындағы республикалық бюджет болжамының қалай орындалғаны белгілі болды. Электронды сауданы дамыту мәселелері де осы отырыста қаралды. Мәселен, республикалық бюджетке 2,1 трлн. теңге көлемінде кіріс кірген. Ал республикалық бюджеттің игерілуі 98,3 пайыз. 

Үкімет басшысы: «Қолда бар қорларды тиімді пайдалану қажет. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», Индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын және басқа да салалық мемлекеттік бағдарламалардың сапалы әрі толық іске асырылуын қамтамасыз ету қажет», – деді. Яғни, аталған бағдарламаларды іске асыру экономиканы одан әрі дамытуға ықпал етпек. 

Ал электронды коммерцияны дамыту 2025 жылға қарай логистикалық компаниялардың транзиттен кірісін 1,27 трлн. теңгеге дейін ұлғайтпақ. Электронды сауда көлемін арттыру жаңа жұмыс орындарын құруға септігін тигізетін болады. Бүгінде аталмыш және іргелес салаларда 33 мың адам жұмыспен қамтылған. Ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 314 мың адамға жетеді деп көзделіп отыр. 

Үкімет басшысы электронды сауда арқылы отандық ауылшаруашылығы өндірісінің және басқа да өңдеу өнеркәсібінің өнімдерін шетелдерге, оның ішінде қытай нарығына өткізу әлеуетін атап өтті. Мысалы, ауылшаруашылығы тауарлары мен тамақ өнімдерін электронды сауда-саттық арқылы өткізу жыл сайын 20 пайызға көбейетін болады.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА