БАНК ТӨРАЙЫМЫ БАСПАСӨЗ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 19.05.2019
Оқылды: 853
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстандағы ең ірі әмбебап қаржылық құрылым – «Қазақстан Халық Жинақ Банкі» акционерлік қоғамы және оның еншілес ұйымдары 2019 жылдың бірінші тоқсанындағы қызметінің нәтижелерін жариялап, баспасөз мәслихатын өткізді. Брифингке "Қазақстан Халық банкінің" басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова, "Қазақстан Халық банкі" басқарма төрайымының орынбасарлары Ертай Салимов және Мұрат Көшенов қатысты.

Бірінші болып баяндама жасаған "Қазақстан Халық банкінің" басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова:

– Qazkom-мен бірігудің синергиясы өз нәтижелерін 2019 жылғы бірінші тоқсанда-ақ көрсетті: филиалдар желісін оңтайландыру есебінен операциялық шығыстарды қысқартуға, ссудалық қоржынның сапасын арттыруға бағытталған белсенді жұмыстар провизияларды құру шығындарын тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Бүгінгі біздің басты мақсатымыз — елдің ең ыңғайлы, қарапайым және мейірбанды қаржы институты болу және біз бұған біртіндеп жетуді көздеп отырмыз, – деді.

"Halyk" тобының таза кірісі 2019 жылғы бірінші тоқсанда 74,5 млрд теңгені құрады. Бұл – 2018 жылғы осы кезеңнің нәтижесінен (62,1 млрд теңгеге) 20,1 пайызға жоғары.

Басқарма төрайымының айтуынша, заңды және жеке тұлғалардың қаражаты 2018 жылмен салыстырғанда, негізінен банк клиенттері ағымдағы қажеттіліктерін қаржыландыру үшін жинақтарын ішінара алуынан сәйкесінше 0,9 және 3,4 пайызға қысқарды. 2019 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша теңгемен номинацияланған корпоративтік депозиттердің жалпы сомасындағы үлесі 2018 жылғы 31 желтоқсандағы 48,3 пайызбен салыстырғанда, 50,3 пайызға дейін өсті, сонымен қатар, теңгемен номинацияланған бөлшек депозиттердің жалпы сомасындағы үлесі 2018 жылдың аяғындағы 41,0-42,6 пайызға дейін өсті.

2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк 280 мыңнан астам шағын және орта бизнес клиенттеріне қызмет көрсетті. Оның ішінде 7485 заемшыға 23 337 несие берілді. Шағын және орта бизнестің несие портфелі жыл соңында 478 миллиард теңгені құрады. Бұл маусымдық фактормен байланысты. Бизнесті қаржыландыру тұрғысынан банк Қазақстан нарығының шамамен 39 пайызын құрайды.

Банктің төлем терминалдары арқылы жүргізілген операциялардың жалпы саны 2019 жылғы 1 тоқсанның қорытындылары бойынша 4,4 млн құрады, бұл 2018 жылмен (2,7 млн операция) салыстырғанда 60 пайызға артқан.

Банк зейнетақы мен жәрдемақы алушыларға қызмет көрсету бойынша көшбасшы орынды сақтап келеді (2,5 млн адам немесе республика бойынша барлық төлемдердің жалпы көлемінің 70,5 және 67,9 пайызы). Сондай-ақ, жиында банктің мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы, бөлшек депозиттер нарығы, сақтандыру жүйесі, халықтың қаржылық сауаттылығы және басқа мәселелер жайында сөз қозғалды. Ең бастысы, "Халық банк" өз клиенттерінің сұраныстарын ескере отырып, ең тиімді шешімдер қабылдау арқылы кәсіптік қызметтің жоғары сапасын қамтамасыз етуге ұмтыла беретін болады.

«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»