СЕССИЯ: ӘКІМ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕГЕ НАЗАР АУДАРДЫ

Уақыты: 18.05.2019
Оқылды: 1336
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Аймақ басшысы Амандық БАТАЛОВТЫҢ қатысуымен VI шақырылған облыстық мәс­ли­хаттың кезекті ХХХХVIІ сессиясы өтті. Жиында бірнеше мәселе қаралды.

Онда облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 13 желтоқсандағы «Алматы облысының 2019–2021 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» № 38-211 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, өткен жылғы бюджеттің орындалуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу жөніндегі ведомствоаралық комиссияларының дербес құрамдарын бекіту, облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту мен жер комиссиясының құрамы мен ережесін бекіту туралы мәселелер қаралды.

Алдымен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов хабарлама жасады. Жомарт Амангелдіұлының айтуынша, жалпы республикалық бюджеттен қосымша 39,8 миллиард теңге нысаналы трансферттер бөлінген. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға 102 миллион теңге, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыруға 48,5 миллион теңге, мектепке дейінгі білім мекемелерінде 7903 көпбалалы отбасылардың ата-аналар төлемақысын бюджет қаржысы есебінен субсидиялауға қосымша 245 млн. теңге қарастырылып отыр. Әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік, көлік және коммуникация, тағы басқа салаларға бөлініп отырған қаражат көзі де аз емес. Осы өзгерістерге байланысты облыс бюджеті 514,6 миллиард теңге көлемінде бекітілді.

Бұдан соң облыстық қаржы басқармасының басшысы Данияр Әлімбаев өткен жылғы бюджеттің қалай орындалғанын баяндады. Онда белгілі болғандай, өткен жылға арналған бюджеттің кіріс және шығыс жоспары 362 737,7 млн. теңге болған. Оның ішінде қарауға ұсынылған меншікті облыстық бюджеттің кіріс бөлігінің жоспары жыл басында 299, 742,7 млн. теңге болып бекітілсе, жыл барысында бес рет нақтыланып, үш рет түзетулер енгізіліп, бюджет көлемі 362 737,7 миллион теңгені құраған.

Облыстық бюджет түсімдері бойынша бюджет 99,9 пайызға орындалған. Ал республикалық бюджеттен жоспарланған 156 003,7 млн. теңге субвенция мен 52695,8 млн. теңге нысаналы трансферттер толығымен түскен. 1 қаңтарға облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілері бойынша 403,4 млн. теңге дебиторлық қарыздар қалыптасқан. Ал кредиторлық қарыздар 3 560,4 млн. теңгені құрайды.

Жиын барысында облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасы сайланды. Сессияда Амандық Ғаббасұлы сөз сөйлеп, әлеуметтік мәселелерге ден қойды. Әсіресе, көпбалалы отбасылардың жағдайын жақсартып, проблемаларын шешуге көмек көрсету керек екенін айтты. Осы ретте оларды баспанамен қамту мәселесіне мән беріп, тұрғын үйлерді көптеп салу жөнінде тапсырма берді. Сонымен бірге, берілген қаражатты тиімді пайдаланып, уақытылы игерілуін қамтамасыз етуді міндеттеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА