"АГРОКАПИТАЛ": ЖЫЛДАМ ҚАРЫЗ БЕРЕТІН ҰЙЫМ

Уақыты: 20.05.2019
Оқылды: 1136
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бүгінде мал өсіріп, егін егіп, өсімдік шаруашылығымен айналысамын деуші шаруаларға қай жағынан болсын қолдау көп. Оларға қаржылай да көмек көрсетіледі. «Агро Капитал» несиелік серіктестігі» ЖШС осы бағытта қызмет көрсетіп, несиелеу бойынша жұмыс істейтін мекемелердің бірі саналады. Басшысы Руслан ГАЛИЕВ осы мәселеге байланысты әңгіме өрбітті.

– Руслан Нұрланұлы, «Агро Капитал» несиелік серіктестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қай жылы және қандай мақсатта құрылды?

– «Агро Капитал» несиелік серіктестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Жетісу» Әлеуметтік Кәсіпкерлік Корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы базасында құрылды. Несиелік серіктестік Аграрлық Несие Корпорациясымен мақұлданған облыстағы бизнестің кез келген бағытын қаржыландырады. Басым бағыт – ауылшаруашылығы, соның ішінде, өсімдік және мал шаруашылығы.

«Агро Капитал» несиелік серіктестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2017 жылдың ақпан айында құрылды. Қызметкерлері өткен жылдың наурыз айынан бастап Жетісу жеріндегі агроөнеркәсіптік секторының қатысушыларын несиелеу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Облыстағы несиелік серіктестіктер рейтингісінің жоғары болуы қысқа мерзім ішінде жобаларды қарап, жылдам қарыз беруге мүмкіндік туғызады. Бүгінгі күнге дейін отыз бестен аса жоба қаржыландырылып, төрт жүз миллион теңгеден аса қаражат берілді.

– Атқаратын негізгі қызметтеріңізге тоқталып өтсеңіз?

– Несиелік серіктестік – коммерциялық ұйым, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк лицензиясынсыз банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асырады. Несиелік серіктестік  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі нысанында құрылтай шарты негізінде құрылып, өзінің жарғысына сәйкес жұмыс жүргізеді. Бұл қаржылық кооперативі – банктегідей капитал бірлестігін емес, адамдардың бірлестігін білдіретінін айтып өткен жөн. Банк қызметін тұтынушылар пайдаланады, олардың санында шек жоқ.

Несиелік серіктестіктің банктен айырмашылығы сол, тұлғаларға белгілі бір шеңберде қызмет көрсетеді. Яғни, біздің қызметті қатысушылар ғана пайдалана алады. Несиелік серіктестікті қорландырудың негізгі көзі – «ҚазАгро» Ұлттық Басқарушы Холдингі» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ құрылымындағы компаниялардың бірі саналады. Несиелік серіктестік жүйесі арқылы тек өсімдік және мал шаруашылығымен айналысатындар ғана емес, сонымен бірге, ауылдық жерлердегі ауылшаруашылығы саласына қатысы жоқ кәсіп түрі мен ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу істері де қаржыландырылады.

– Несие алудың қандай талаптары мен шарттары және міндеттері бар?

– Біздің серіктестік арқылы қаржыландыруға ие болғыңыз келсе, қатысушылардың құрамына енуіңіз керек. Ол үшін кіру туралы өтініш жазылады. Бір сөзбен айтқанда, несиелік серіктестіктің құрамына кіруге ниет білдірген және жарғылық қорға үлестік пай (мүшелік жарна) енгізген кез келген заңды немесе жеке тұлға несиелік серіктестіктің қатысушысы бола алады. Несиелік серіктестіктің құрамына кірген соң қаржыландыруды қарау үшін қажетті құжаттар пакетін жинау қажет. Құжаттар топтамасы несиелендіру бағдарламасына байланысты әртүрлі болуы мүмкін.

– Осы жерде несиелеу бағдарламалары жөнінде кеңірек түсіндірсеңіз?

– Бүгінгі таңда біздің несиелік серіктестік «Агробизнес», «Агротехника», «Іскер» және «Сыбаға» атты төрт негізгі бағдарламалар бойынша өтінімдер қабылдайды. Мәселен, «Агробизнес» бағдарламасының басты мақсаты негізгі және айналым құралдарын сатып алуды несиелендіруге бағытталған. Сонымен бірге құрылыс-монтаж, соның ішінде қайта жаңғырту жұмыстары да бар. Несиенің ең төменгі сомасы –100 мың теңге, осы бағдарлама бойынша пайыздық ставка 16 пайыз, 10 пайыз мемлекетпен субсидияланады. Несие мерзімі нысаналы мақсатына байланысты 120 айға дейін болуы мүмкін. Қарастырылған жеңілдік кезеңі 24 айға дейін. «Агротехника» бағдарламасы бойынша соңғы қарыз алушы 15 пайызбен қаржыландырылуы мүмкін, 10 пайызы мемлекетпен субсидияланады, мерзімі 84 айға дейін.

Бағдарламаның мақсаты – ауылшаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтарын сатып алу. Сондай-ақ, осы бағдарлама бойынша өте тиімді шарттар қарастырылған. Сатып алынатын техниканың 20 пайызын жеткізушіге төлеу кезінде осы техниканың өзі кепіл бола алады. Осы бағдарлама бойынша жеңілдікті кезең бір жылды құрайды. Ал «Іскер» бағдарламасы ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін, несие сомасы 2,5 айлық есептік көрсеткішті құрайды, ал зәкір кооперациясын дамыту – 8 айлық есептік көрсеткішке тең. Пайыздық ставка – 6 пайыз, мерзімі – 84 ай. Жеңілдікті кезең несие сомасының 1/3 құрайды. Егер, қатысушының кепіл заты жетпесе, іс бастаушы кәсіпорындар 85 пайызға, жұмыс істеп тұрғандары 50 пайызға дейін кепілдіктер енгізу үшін кәсіпкер әрқашанда «ҚазАгроГарант» акционерлік қоғамына жүгінуіне болады. Біз аталған ұйыммен тұрақты негізде тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Өткен жылы «Іскер» бағдарламасы бойынша бізбен бірлесе отырып жиырмаға жуық жоба қаржыландырылды.

«Сыбаға» бағдарламасының негізгі мақсаты – мүйізді ірі қара аналық басын және ұсақ мал сатып алу мен негізгі және айналым қаражатын толықтыру болып табылады. Несие мерзімі – 180 ай, пайыздық ставка – 14 пайыз, 10 пайыз мемлекет есебінен субсидияланады. Жеңілдік кезеңі – әр траншты беру күнінен бастап 30 айдан артық емес. Несие беру шарттары туралы жекелеген бағдарламалар бойынша біздің ресми сайт agrocapital.kz. арқылы егжей-тегжейлі білуге болады.

– Мекемеде қанша адам еңбек етеді?

– Қазіргі таңда ұйымдағы штат тоғыз адамды құрайды. Негізгі бөлігі мекеме құрылған кезден бастап жұмыс істеп келеді. Сонымен бірге бізде мақтан тұтарлық азаматтар да еңбек етеді. Олардың еңбегі әрдайым еленіп, ескеріледі және лайықты сый-құрмет  көрсетіледі. Мәселен, «Аграрлық Несие корпорациясы» акционерлік қоғамы филиалының директоры Азамат Асқаров «Агро Капитал» несиелік серіктестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі төрағасының орынбасары Наиль Әділұлын «Алматы облысындағы аграрлық секторды дамытуға қосқан үлесі және адал еңбегі үшін» Құрмет грамотасымен марапаттады.

Осындай азаматтарымыздан кейінгі жастарымыздың үйренері көп әрі үлгі-өнеге алады. Жоғарыда айтылған жұмыстармен қатар несиелік серіктестік «Майбұршақ және қант қызылшасын өндірушілер мен қайта өңдеушілер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен белсенді жұмыс жүргізеді. Облыс бойынша ірі фермерлер мен майбұршақ және қант қызылшасын қайта өңдеушілер аталған қауымдастықтың қатысушылары, сонымен бірге «Жетісу» Әлеуметтік Кәсіпкерлік Корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы да осы қатардан табылады.

Біздің тарапымыздан аталған дақылдарды қайта өңдеп, өндіру мәселелеріне байланысты кеңес беріледі. Агросүйемелдеу бойынша кәсіпорындар мен азық-түлік өнімдерін дәріптеп, саланы алға сүйреу негізінде толық көмек көрсетіледі. Сонымен бірге, әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, семинарлар мен «дөңгелек үстелдер» өткізіліп тұрады. Қауымдастық мақсатты бағытта қатысушылардың қызығушылығын арттырып, техникалық регламенттер мен тарифтік реттеу мәселелері бойынша мемлекетпен өзара тығыз байланыста іс-әрекет етеді.

– Әңгімелескеніңіз үшін рахмет.

Сұхбаттасқан - Айгүл БАЙБОСЫНОВА