ТАЛҒАР ТАУ-ШАҢҒЫ БАЗАСЫ: БІРНЕШЕ МӘСЕЛЕ БАР

Уақыты: 20.05.2019
Оқылды: 904
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ инвесторлармен кездесті. Онда туризм саласын дамытуға байланысты әңгіме өрбіді.

Басқосу барысында негізінен Талғар ауданындағы «Oi-Qaragai Lesnaya skazka» деп аталатын тау-шаңғы демалыс аймағының инфрақұрылымын өркендетуге қатысты мәселе қаралды. Алдымен осы жобаның іске асырылуына мұрындық болып, туризм саласын дамытуға өзіндік үлесін қосып жүрген «Alina» GC компаниялар тобының президенті Ерлік Балфанбаев сөз сөйлеп, аталған кешен аумағында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде қысқаша баяндады. Айта кетейік, бұл кешен Талғар шатқалында орналасқан. Бүгінде бұл жерде 250 адам жұмыс істейді. Демалыс аймағының күніне екі мыңға жуық адамды қабылдауға мүмкіндігі бар.

Республикалық трассадан нысанға дейінгі алты шақырым автокөлік жолы күрделі жөндеуден өткізілген. Сонымен бірге, 35 гектар жер телімі алынып, демалыс орнының егжей-тегжейлі жобасы әзірленген. Бұған қоса, 10,5 шақырымды құрайтын электрмен жабдықтау желісі жүргізілген. Қазіргі таңда кешен аумағында бес аспалы жол мен он екі шақырымдық шаңғы трассасы бар.

Десе де, мемлекеттік қолдауды қажет ететін жұмыстар аз емес. Мәселен, аталған демалыс аймағының инфрақұрылымын дамыту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу, жер телімдерін бөлу, жоспарланған инженерлік желі жүйелері, оның ішінде, электр, су және газбен жабдықтау, су бұру, байланыс желілері мен кәріз жүйелері, жолдарды жөндеу сияқты жұмыстар кезек күттірмей тұр. Осыны көлденең тартқан компания президенті жоғарыда аталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін көмек керектігін облыс әкімінің қаперіне салды.

Амандық Ғаббасұлы бұл жобаның туризм саласын өркендетуге айрықша әсер ететінін әңгімелей келе аталған ұсыныстарды назарға алды. Соңында сала мамандарымен пікір алмасып, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, жер, жол, туризм және спорт сияқты салаларға жауапты лауазымды тұлғаларға тапсырма берді. Осылайша жоғарыда қаралған мәселелер бүге-шігесіне дейін сараланып, қажетті шаралардың қолға алынатыны, мүмкіндігінше қол ұшы берілетіні тұжырымдалды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ