ҚЫТАЙ МЕН ҚАЗАҚСТАН ҚАРЖЫГЕРЛЕРІ ЖЕКЕ ПІКІР АЛМАСТЫ

Уақыты: 22.05.2019
Оқылды: 1207
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы қаласы мен облыс аумағында Қорғас – қаржы-экономикалық Еуразия форумы өтті. Аталған форум Алматыда бастау алды. Десе де, негізгі үш күндік жұмысы елдің оңтүстік-шығыс шебіндегі Қорғас өңірінде жалғасты.

Қос құрлықтан келген қаржыгерлер «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асқан халықаралық ірі жобалармен танысып, «Құрғақ порттың» жүк өткізу әлеуетіне қызықты. «Алтынкөлдей» халықаралық бекеттің, Нұркенттей теміржолшылар қалашығының сән-салтанатына тамсанды. Осындай жаңалықтарға қанық болған қаржыгерлер «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастығы орталығының ҚХР тарабындағы сәулеткерлік сәні ерекше «Достық» үйінде негізгі жұмысын бастады.

Қаржыгерлердің алғашқы отырысын ҚР Банктер қауымдастығының президенті Бақытбек Байсейітов ашып, форум жұмысының негізгі мақсаттарын түсіндірді. Ол:

– Бұл форумның Қорғаста өткізілудегі мақсаты – көптеген Еуразия елдерінің экономикасына қан жүгіртіп, күретамырға айналған Ұлы Жібек жолының жаңаша жаңғырғанын, оның күн өткен сайын халықаралық байланыста әлеуетінің арта беретінін қаржыгерлерге сезіндіру, – деді.

Ары қарай сөзін жалғаған Б. Рымбекұлы:

– Тарихи Жібек жолының бойында заманауи өткелдің пайда болуы «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» теміржолы мен авто даңғылының қуатын бағамдады. Оның бұдан әрі дами беруіне халықаралық банктер қауымдастығы қолдау көрсетуі керек. Қазақстан, Ресей, Қытай және тағы басқа елдерде құрылған инвестициялық қорлар осы Қорғас жобасының жүзеге асуына дем беруі тиіс. Өкінішке қарай, бұл бағыттағы жұмыстар әлі жүйелене қойған жоқ, – деп қорытындылады.

Алғашқы пленарлық отырыста ҚХР экономикалық даму аймағы басқармасының төрағасы Сию Синьмин, Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров, Ресей Өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағының атқарушы вице-президенті Александр Мурышев,ТМД қаржы-банк үйлестіру кеңесінің төрағасы Анатолий Казаков, Өзбекстан жеке банк төрағасы Икрам Ибрагимов, Рига сауда-өнеркәсіп палатасы басқармасының төрағасы Сергей Федоров сөз сөйлеп, қатысушыларды құттықтады және форумның мақсатына байланысты өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, форумға қатысқан бірнеше мемлекет қаржыгерлері мен кәсіпкерлері жеке пікір алмасу жиындарын өткізді.

Форум жұмысының қорытындысында басқосуға қатысқан банк өкілдері өзара меморандумға қол қойды.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы