БИЗНЕС-НЕСИЕ НЕСІМЕН ТИІМДІ?

Уақыты: 23.05.2019
Оқылды: 1072
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыстық кәсіпкерлер палатасында «Bank Day» екінші деңгейлі банктердің алғашқы жәрмеңкесі өтті. Онда қаржы ұйымдарының өкілдері кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалармен таныстырды.

Жәрмеңкеге «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ, «Қазақстан халық банк» АҚ, «Банк Центр Кредит» АҚ, «Сбербанк ЕБ» АҚ, «Нұрбанк» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ, «Qуsan банк», «Форте банк», «АТФ банк», «Bank RBK» АҚ, «Kaspi банк» АҚ филиалдарының өкілдері қатысты. Аталған шарада менеджерлер тұрғындар мен кәсіпкерлерге егжей-тегжейлі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеңес берді.

Мәселен, онда кәсіпкерлікті неден бастаған дұрыс, қандай құжаттар қажет, бизнесті дамытудың жолдары қандай, бизнес үшін несиені қалай алуға болады, қандай кепілзат ұсынған жөн, несиені кепілдендіру мүмкін бе деген секілді азаматтар тарапынан қойылған түрлі сауалға банк қызметкерлері тұшымды жауаптар қайтарды. Шараға екі жүз елуден аса адам қатысты. Бұл олардың жаңадан іс бастап, кәсіпкерлігін одан әрі өркендетулеріне мол мүмкіндік туғызып, қажетті мағлұматпен танысуларына оң ықпалын тигізді. Жәрмеңкеге қатысушылар өз ұсыныс-тілектерін айтып, осындай жағдай жасап отырған сала қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, облыстық кәсіпкерлер палатасы берген мәліметке жүгінсек, жыл басынан бері Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктер арқылы Талдықорған және Текелі қалаларында 12 жоба қаржыландырылған. Ал «Бастау» жобасы бойынша «Ауылшаруашылығы қаржылау қолдау қоры» АҚ және несие серіктестіктері арқылы 114 жоба қаржылай қолдауға ие болыпты.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Арман Ақсубаевтың айтуынша, жалпы қазір шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Үкімет тарапынан қаржылай көрсетіліп жатқан қаржылай көмектер аз емес.

Мәселен, биыл «Бизнестің жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде пайыздық ставканы субсидиялау бойынша 2 миллиардтан аса теңге, кепілдік беруге 200 миллион теңге қаражат қарастырылған. Сонымен бірге қазір Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында және екінші деңгейлі банктер арқылы Талдықорған мен Текелі қалаларында шағын несиелер берілуде.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ