ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жауапты хатшысы Мереке Пішембаев Алматы облысына жасаған жұмыс сапарында аймақтық органдарының, ведомство құрамындағы ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері арасында кеңес өткізді.
Кеңес отырысына облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жанат Жұмабаев қатысып, ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Елухан Баймулдиновтың персоналды басқару, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, мемлекеттік қызмет көрсету, заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қарау мәселелері бойынша жасаған баяндамасын тыңдады.
Баяндамада департамент тарапынан сыбайлас жемқорлықтың және құқықбұзушылық көріністерінің алдын алу мақсатында бірқатар жұмыс атқарылғаны айтылды. Атап айтқанда, қызметкерлер тарапынан тәртіпті нығайту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалар мен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі нормаларының талаптарын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында өткен және биылғы жыл басынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті өкілдерінің қатысуымен барлығы 27 дәріс пен 7 семинар-сабақ өткізілген.
Облыстық телеарна мен мерзімді баспасөз беттерінде азаматтар мен кәсіпкерлердің әртүрлі мәселелер бойынша жүгінуіне мүмкіндік беретін сенім телефондары жарияланды. ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының талаптарына сай азаматтардың арыз- шағымдарын қабылдауға арналған жәшіктер орнатылып, азаматтарды қабылдау тұрақты жүргізіледі. Өтініш берушілер мен мамандар арасындағы жұмысты бақылау үшін департамент ғимараты техникалық құралдармен жабдықталып, қолжетімділікті бақылаудың электрондық жүйесі орнатылған. Мекемеде жеке және заңды тұлғалардың өкілдері мен қызметкерлер арасындағы тікелей қарым-қатынасты болдырмау мақсатында ресепшн-бағаны орналастырылып, құжат пен арыз қабылдау «бір терезе» қағидасы негізінде кеңсе қызметкері арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру шеңберінде департамент басшысының биылғы 10 ақпандағы №15 бұйрығымен 2019 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді.
Соған сәйкес сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі нормаларын сақтау жөнінде нұсқаулық жүргізу туралы журналы бекітіліп, күнделікті қызметкерлермен таныстыру қол қою арқылы рәсімделеді; қызметкерлер шаруашылық жүргізуші субъектілерді тексеруге шыққан кезде міндетті түрде сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу жөнінде ескерту нұсқамасы жазбаша жүргізіліп отырады; сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалар мен департамент қызметін реттейтін басқа да нормативтік-құқықтық актілерді зерделеу бойынша дәрістер, тренингтер, семинар оқулар өткізу кестесі бекітіліп, жүзеге асырылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында атқарылып жатқан шаралар туралы ақпараттар департаменттің және комитеттің интернет желісінде ұдайы жарияланып отырады.
Қазіргі таңда департамент тарапынан үш мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Оның біріншісі – қауіпті өндірістік объектілерді салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға арналған жобалау құжаттамасын келісу, екіншісі – жарылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсаттар беру, үшіншісі – қауіпті техникалық құрылғыларды есепке алу және есептен шығару. Есепті кезең ішінде 306 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 37-сі дәлелді бас тартумен қаралды (немесе 10,8%). Дәлелді бас тартудың негізгі себебі – ұсынылған құжаттардың толық еместігі. Электрондық түрдегі көрсетілген мемлекеттік қызметтер 239 (немесе 78,1%). Бұл ретте айта кету керек, 67 (немесе 21,9%) мемлекеттік қызмет көрсету түрі «Қауіпті техникалық құрылғыларды есепке алу және есептен шығару» мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына сәйкес қағаз жүзінде орындалып отыр. Қауіпті техникалық құрылғыларды есепке алу және есептен шығару мемлекеттік қызмет көрсету түрі биылғы қаңтар айынан бастап атқарылып келеді.
Қауіпті өндірістік объектілерді салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға арналған жобалау құжаттамасын келісу жөнінде былтыр 162 жобалық келісу бойынша мемлекеттік қызмет көрсетіліп, 25 дәлелді бас тартумен қаралды. Биылғы 1 тоқсанда 40 жобалау құжаттамасын келісу жөнінде мемлекеттік қызметтер көрсетілсе, 11 дәлелді бас тартумен қаралды.
Жарылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсаттар беру мемлекеттік қызмет көрсету түрі бойынша былтыр 37 жарылыс жұмысына рұқсат берілсе, 17-сіне дәлелді бас тарту болды. Биылғы 1 тоқсанда 7 жарылыс жұмысына рұқсат беріліп, оның біреуіне дәлелді бас тартылып отыр. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау бойынша заңнама талаптары сақталып, азаматтардың өтініштерімен жұмыс жасау мерзімінде атқарылып отырады.
Мемлекеттік қызметтер көрсету «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «Электрондық үкімет» веб-порталы және ЕСЭДО жүйелері бойынша да атқарылады. Яғни, азаматтар мен лауазымды қызметкерлер арасындағы тікелей қарым-қатынас алынып тасталған.
Былтырғы және биылғы жылдың есепті кезеңі бойынша департамент қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық әрекеттер мен қылмыстар тіркелген жоқ, мемлекеттік қызмет көрсету түрі бойынша арыз-шағым түскен жоқ.
А. КАЧКАРОВА,
Индустриалдық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің бөлім басшысы