МИНИСТР МАМАНДАРДЫҢ БІЛІКТІЛІГІН СЫНАДЫ

Уақыты: 29.05.2019
Оқылды: 1152
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің басшылығымен өткен селекторлық жиындағы көтерілген алғашқы мәселе техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға арналды.

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова бүгінгі таңда «Баршаға арналған тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасы аясында 199 мың адам білім алып жатқандығын жеткізді. Кәсіптік мектептерге соңғы 3 жылда 3,7 млрд.теңгенің құрал-жабдығы сатып алынған. Мемлекеттік колледждердің 71 пайызы техникалық мамандар даярлайды.

Күләш Нағатайқызы жұмыс берушілер оқу бітіріп келген мамандар біліктілігінің төмендігіне реніш білдіретінін айтып, маман даярлаудың жүйесін қайта қарау керектігін жеткізді. Дуалды оқытуды қолға алуды ұсынды. Яғни, оқу орны  мен жұмыс беруші маманның өндірістік және теориялық білім алуына екі жақ бірлесіп көмек көрсетпекші. Сонымен қатар, еңбек нарығын біліктілігі жоғары кадрлармен қамтамасыз ету үшін  колледждерді сенімді басқаруға беру керектігі айтылды.  Қазірдің өзінде экономиканың түрлі секторларындағы 150 өндірістік көшбасшы бұл үдеріске қатысуға ынта білдірген.

Еңбек және  халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев кәсіптік білім берудің стандарттары жайында баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылға қарай еңбек нарығында айрықша өзгерістер болады. Оның ішінде біліктілік талаптары артады. «Алдын ала болжам бойынша кадрларға қосымша қажеттілік 573 мыңнан астам адамды құрайды. Сондай-ақ, орта және жоғары білікті жұмыс орындары санының артуы мүмкін», – деді Бердібек  Сапарбаев. 2019 жылдың соңына дейін қандай кадрларға сұраныс көп екендігі анықталады.

Жиында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара  Әбдіқалықова техникалық және кәсіптік білімді дамыту үшін бірнеше бағытты қолдану қажеттігін атап өтті. Оның ішінде дуалды оқытуды дамыту және колледждерді басқару жүйесін жетілдіруді ерекше атады. Технологиялар күн сайын жаңаруда. Біздегі мектептерде көбінесе  ескі көрнекіліктер қолданыста. Барлық баяндама жасаушылар колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсарту қажеттігі жайлы айтты.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев кәсіптік мектептерді дамыту аясында еңбекке орналастыру үдерісін жетілдіру барысындағы жаңа тәсілдерге тоқталды.

Селекторлық жиында қарапайым заттар экономикасын дамыту және шикізаттық емес экспортты ілгерілету мәселесі қаралды. Бұл орайда, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жеңілдікпен несиелендірудің қарқынын атап өтті. Бүгінгі таңда 700 млрд. теңгеден асатын қаржыға 900-ге  жуық жоба жұмыс жүргізуде.

Алдағы 3 жылда қазақстандық кәсіпорындарды қолдауға 500 млрд. теңге бөлінеді. Шикізаттық емес экспортты дамыту аясында мемлекеттік органдар оған бөлінген бюджет қаражатын толық және уақытылы игеріп, шикізаттық емес экспортты ілгерілету тетіктерін жан-жақты жетілдірмекші.  

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ