АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: ҚҰРЫЛЫСҚА ҚАТАҢ ТАЛАП ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 31.05.2019
Оқылды: 1027
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Талдықорған қаласындағы бірнеше нысанды аралады. Жұмыс барысында аймақ басшысы Талдықорған қаласында жүргізіліп жатқан көпқабатты үйлер құрылысы мен тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға берілетін баспаналардың жай-күйін тағы бір пысықтап өтті.

Алдымен әкім "Шығыс" шағын ауданындағы жиырма пәтерлі үйді аралады. «Сурмак» ЖШС салып жатқан бес қабатты үй толықтай бітті десе де болады. Аталған үйде төрт пәтер көпбалалы отбасыға берілсе, қалғаны әр түрлі категория бойынша мүмкіндігі шектеулі жандар мен тұрмысы төмен жандарға ұсынылмақ. Бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істеп жатқан мердігер компанияға Амандық Ғаббасұлы оң бағасын беріп, аздаған кемшіліктерді де айтып өтті. Аймақ басшысы үйді салу кезінде оның сапасына және құрылыс материалдарына мән беріп, қатаң қадағалау керектігін жеткізді. Сонымен қатар, көпқабатты үйге тартылған электр желісінің көзге сүреңсіз көрініп тұрғанын ескертіп, басқа жолын қарастыруды тапсырды.

Мұнан кейін 280 орынды студенттер жатақханасының құрылысымен танысты. «Астана-Құрылыс» ұлттық құрылыс компаниясы акционерлік қоғамы қолға алған жатақхананың жұмысы қарқынды жүруде. Қазір ішкі монтаждау жұмыстары қолға алынған. Компания жетекшісінің сөзіне сүйенсек, жатақханада арнайы оқу залы, шағын кино залы, кітапхана, тамақтану орны болады. Құрылыс осы жылдың аяғында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы тұрғыда Амандық Ғаббасұлы құрылыстың сыртқы материалдарын таңдау кезінде сапалысын алып, дизайнға көңіл бөлуді тапсырды. Сонымен қатар, материалдардың нұсқасын алып, өзімен кеңесуді де тілге тиек етті. Облыс басшысы студенттерге қолайлы болуы үшін құрылыс жоспарына аздаған өзгеріс енгізді. Қалаға көркін асыратын жатақхананың алды бос болып қалмауы үшін студенттердің демалып отыруына қолайлы жағдай туғызу қажет. Әкім арнайы орынның макетін де сызып көрсетті.

Бұдан кейінгі тоқтаған нүкте - жүзу бассейні. Әлемдік стандартқа сай бой көтеріп жатқан жүзу бассейнінің алғашқы жұмысы аяқталған. Бассейннің төменгі бөлігінің бетондары толықтай құйылып, алдағы күндерде бағандар тұрғызу қолға алынбақ. «Базис» компаниясы салып жатқан құрылыс уақытынан бұрын жүргізілуде. Осы ретте облыс басшысы Амандық Баталов құрылыс компаниясының қызметіне көңілі толатынын жеткізді. Ондағы бірінші мәселе - құрылыс басталмас орынның талапқа сай болуы. Бұл тұрғыда «Базистің» қызметі талап шеңберінен шықпаған. Қазіргі таңда құрылыста жүз адам, 15 техника жұмыс істеуде. Олардың барлығы жергілікті жерден тартылған құрылысшылар.

- Алдағы уақытта кезең-кезеңімен қосымша жұмысшылар тартылады, - дейді құрылыс жетекшісі Мұстафа Абдрайылов. Амандық Ғаббасұлы құрылыс нысанының сыртында тұрған рансформаторды басқа жаққа ауыстыруды тапсырды.

Облыс басшысы алтыншы шағын ауданында бой көтеріп жатқан 60 пәтерлі үйге барды. «Сурмак» ЖШС салып жатқан көпқабатты үй кесте бойынша тамыз айында бітеді. Қазір ішкі сылақ жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық мән-жайды тыңдаған өңір басшысы кемшіліктерді де айтты. Құрылысты жобалау кезінде ескі әдісті қолдануды қою керектігін айтты. Әкім қазір құрылысқа керекті көптеген жаңа материал шығып жатқанын, ол біріншіден, сапалы, екіншіден, құрылыстың тез бітуіне де, артық шығын шықпауына да өз септігін тигізетінін атап өтті. Бұл маңда 45 пәтерлі тағы бір үй бой көтеріп жатыр. Ол қазан айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, тағы бір көпқабатты үйдің негізгі бағандары құйылып тұр.

- Бүгінде бұл үйдің құрылысын сапасыз жүргізіп, жұмысты орта жолда тастап кеткен мердігер компанияны сотқа беріп, шешімін күтіп отырмыз, - деді Талдықорған қаласының басшысы Ғалымжан Әбдірайымов. - Сот шешімінен кейін құрылысты аяғына дейін жеткізу үшін заң бойынша жұмыс істейміз.

Тағы бір ірі ауқымды нысанның бірі - сегізінші шағын аудандағы 120 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысы. Қазіргі уақытта көпбалалы отбасылардың проблемасын шешу үшін барлық аймаққа республикадан қомақты қаражат бөлінгені белгілі. Міне, соның нәтижесі біздің де облыста іске асып, «LEPES» ЖШС құрылысын бастаған 125 пәтерлі көпқабатты үй қазан айында пайдалануға берілмекші. Ал алтыншы шағын ауданындағы 16 қабатты үш үй толықтай бітіп тұр десе де болады. Мұнда халыққа қолайлы жағдай жасалғын. Тұрғын үйдің бірінші қабатында алғашқы медициналық көмек көрсету орталығы бар. Бұл орталық 17 мың адамды қамтиды. Күніне 220 адамға медициналық қызмет көрсетпек. Мұнымен қоса, «Zhetysu HUP» орталығы да ашылмақ. Онда қаладағы балаларды жаңа технологияға бағыттап, IT мамандығы бойынша дәріс беріледі. Сонымен қатар, колледж студенттері өз жобаларын әкеліп, оны ары қарай дамыта алады. Бұл жобалардың болашақта маңызы зор.

Әкім жұмысы қаланың батыс бөлігінде орналасқан коттедж қалашығында жалғасты. Бұл жерде коттедж қалашығы бой көтереді. «West Standard» ЖШС көпбалалы отбасыларға арнап 100 коттедж салмақ. Қазір жер телімі бөлініп, жаңа жұмыс орындары белгіленген. Мұның қасынан 155 коттедж бой көтеріп жатыр. Мұнда бес мердігер компания жұмыс істеуде. Әрқайысының иелігінде 31 үйден бар. Қазіргі кезде 80 пайызы аяқталып қалған.

Бұл үйлердің жетпіске жуығы көпбалалы отбасыларға беріледі деп күтілуде. «Темірқазық-Стройпроэкт» ЖШС салып жатқан үйдің сапасына Амандық Ғаббасұлы көп сын айтты. Ең бірінші үйге кіреберістегі бағандардың дұрыс қойылмағандығын және шатыр жақтауындағы материалдардың сапасы сын көтермейтінін және үй кескіні сүреңсіз көрініп тұрғанын жеткізді. Осындай бірнеше мәселені алға тартқан облыс басшысы сапаға мән беріп, жұмысты жандандыру жағын қадап айтты. Сонымен қатар, облыстық құрылыс басқармасы мен қала әкімі Ғалымжан Әдірайымовқа нысандарды жиі бақылап, кемшіліктерді түзетуді қатаң ескертті.

Дәл осы тұста Ынтымақ ауылының тұрғындары облыс әкімі Амандық Баталовқа өз шағымдарын жеткізді. Тұрғындардың талаптары ауылдың ауызсуы мен жол, электр желілерінің толық аяқталмай жатқанына қатысты болды. Облыс басшысы тұрғындарға карта бойынша негізгі жұмыстарды көрсетіп, анықтап айтып берді. Облыс әкімі шаруаны нақтылы шешу үшін тұрғындармен бірге ауылды аралап, аталған мәселелерді өз көзімен көрді. Нәтижесінде, екі айдың ішінде электр жүйесі толықтай тартылып, іске қосылатындығы, су жүйесі де екі аптадан кейін шешілетіндігі айтылды. Сонымен бірге, ауылдағы құбыр ішін тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал жол мәселесі бойынша негізгі төрт көшеге асфальт төселмек. Қалған көшелерге тас төгіледі. Мұның барлығы кезең-кезеңімен іске асып, жыл соңына дейін толықтай аяқталады. Тұрғындардың қатынауы үшін автобус мәселесі де қала әкімі тарапынан назарға алынды. Жыл санап қаланың батыс бөлігі өсіп келе жатқандықтан, халыққа керекті әлеуметтік нысандарды да назардан тыс қалдырмау қажет. Қазіргі кезде 600 орынды мектеп пен балабақшаның орны белгіленіп, жобалау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта бұл аймақтың өз мектебі болады.

«Жастар-2» шағын ауданы аумағында да кәріз құбыры мен электр бағандарын орнату жұмыстары іске асуда. Бұл мекенде де негізгі үш көше асфальтталып, қалғандарына тас төгіледі. Ол көшелер де кезең-кезеңімен асфальтталатыны айтылды.

Өткен жылы күз айында Шайқорған саяжайының тұрғындары өтініштерімен облыс әкіміне шыққан болатын. Саяжай тұрғындарының проблемасын арнайы барып көрген облыс басшысы жұмысты тез арада қолға алып, тапсырма берген еді. Міне, сол жұмыстардың нәтижесін арнайы тексеріп барған Амандық Баталов тапсырманың толықтай орындалғанын көрді. Мұнда су құбыры тартылып, аз күнде су жіберіледі, жарықсыз отырған сегіз көшенің электр жүйесі қалпына келтіріліп, тұрғындардың үйіне есептегіш құрылғылары орнатылуда. Газ құбырының құрылысы да өз ретімен жүргізілуде.

Айтылған тапсырма уақытылы аяқталғынына саяжай тұрғындары дән риза болып, облыс әкімі Амандық Баталовқа алғысын білдірді. Осылайша қалада жүріп жатқан құрылыс нысандарының жайымен танысқан өңір басшысы алдағы уақытта да әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын айтып, жауапты мамандарға жүйелі жұмыс жүргізуді және жіті бақылауды тапсырды.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Талдықорған қаласы