ҮКІМЕТ: ЕЛДІ МЕКЕНДЕР 100 ПАЙЫЗ АУЫЗСУМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Уақыты: 06.06.2019
Оқылды: 1180
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Елді мекендерді 100 пайыз сумен жабдықтау және оларға су жеткізу бойынша жол картасы әзірленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында баяндалды.

Аймақтағы сапалы ауызсумен қамту деңгейі жөнінде баяндаған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов:

– Облыста 742-і елді мекеннің 665-і орталықтандырылған су жүйесіне қосылып, 89,5 пайызды құрады. Бұл – республика бойынша жоғары көрсеткіштің бірі. Өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 51 жоба іске асырылды. Оған 9,9 млрд. теңге бөлінген. Соның нәтижесінде тағы да 10 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Одан бөлек, 58 ауылды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалды, – деді.

Аймақ басшысының айтуынша, ауызсу мәселесіне қатысты әлі де шешілмеген проблемалар бар. Яғни, елді мекендердің кәріз жүйелерімен қамтылуы төмен, желілердің тозуы 70 пайызға жеткен. Биылғы жылы су бұру бойынша 7 жобаны жүзеге асыру мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен 2,3 млрд. теңге бөлінді.

Қорытындылай келе ҚР Үкіметінің басшысы елді мекендерді сапалы ауызсумен қамту және сумен жабдықтау мәселесінің маңыздылығын атап өтті. «Қабылданып жатқан шаралар 2023 жылы халықты ауызсумен 100% қамтамасыз ету мәселесін шешуге жол ашады». «Әкімдіктер жұмысының нәтижелігінің жаңа көрсеткішін анықтау қажет. Бұл – халықтың таза ауызсуға қолжетімділігін қамтамасыз ету», – деп ауылдық, топтық су таратқыштардың жұмысын жақсарту мақсатында осы функцияларды Ауылшаруашылығы министрлігіне өткізу мәселесін пысықтауды тапсырды.

Қалаларда кәріздік тазарту нысандарын (КТН) салу және жаңғырту жұмыстарын жеделдетуге жекелей көңіл бөлінді. Бұл бағытта КТН жобаларының инвестициялық тартымдылығын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көптеген халықаралық қаржы институттары осыған ұқсас жобаларды қаржыландыруға қызығушылық танытуда. ҚР Премьер-Министрі  А.Мамин халықаралық тәжірибені ескере отырып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қаржыландыру тетіктерін пысықтауды жүктеді.

«Елбасының Қауіпсіздік кеңесінің отырысында азаматтардың тұрмыс сапасын, қолайлылығын жақсарту, қала немесе ауылдық жер екеніне қарамастан халықты сапалы ауызсумен қамту және сумен жабдықтау бойынша алға қойған міндетін орындау қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерге жұмыс сапарлары барысында беріліп жатқан қалалар мен ауылдарды сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша ауқымды жұмыстарды атқаруымыз керек», – деді Үкімет басшысы.

Еңлік ҚАБДЕШ