ҚАПШАҒАЙ: БАЛЫҚ АУЛАУ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Уақыты: 18.06.2019
Оқылды: 1104
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында Қазақстандағы тұңғыш «Kaz Organis Product» ЖШС толық кезеңді органикалық балық аулау кешені ашылды. Кәсіпорынның еліміз үшін ерекшелігі – бұл өзінің балық қоры бар, жеммен жұмыс істейтін, қоршаған ортаға зиян келтірмейтін бірінші «жабық» өндіріс.

«Kaz Organis Product» ЖШС  2017 жылдың басында іске қосылып, содан бері өндіріс орны клариус, баррамунди, страйбасс, тилапия, нефрит алабұғасы, австриялық қызыл шымшуырлы таңқышаян өсірумен айналысып келеді. Барлық өнімдер жасанды бассейндерде өсіріліп, су ультрадыбыстық жабық сумен жабдықтау қондырғыларында айналып, тазалау сатыларынан өтіп, балықтар өз өндірісінің заманауи сапалы өнімімен қамтамасыз етіледі. Барлық бассейндер балық шаруашылығын автоматтандыру, балық өсіруді арттыру және осылайша «баға+сапа» интегралдық критерийдің тиімділігін айтарлықтай жақсарту үшін бірқатар инновациялық шешімдерді қолдану негізінде басқару және автоматтандырудың озық әлемдік технологияларын қолдана отырып, заманауи құрылғылармен жабдықталған.

Шаруашылық арнайы алты бөлімге бөлінген. Балық аулау кешенінде ультракүлгін суды дизенфекциялау қондырғыларды, механикалық сүзгілерді, биофильтрлерді, оксигенераторларды және сорғыш қондырғыларын пайдаланып, көпсатылы сүзгілеу жүйесінің көмегімен әр сағат сайын 200 текшеметр су тазартылып, жаңартылып отырады. Бағдарламалық қондырғылар өз кезегінде барлық өндірістік параметрлерді мұқият бақылауға және оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Компанияның маңызды қағидаларының бірі – қоршаған ортаны қорғау. Шаруашылықта ағынды суды тазарту үшін органикалық қалдықтар жинақтау камералары мен майлы тосқауылдар салынған. Өндіріс экожүйеге зиян келтірмейтін және шаруа қожалығында оңтайлы микроклиматты қолдайтын ең озық технологиялармен жабдықталған.

Шаруашылық территориясында қуаттылығы тәулігіне 10 тоннаға дейін экстудтелген жем шығаратын шеберхана, тауарды сақтауға арналған жалпы көлемі 180 текше метр үш тоңазытқыш, жөндеу цехы және өндірістік зертхана бар.

– Қазіргі уақытта компанияда 20 адам жұмыс істейді. Қызметкерлерді бүкіл Қазақстан бойынша іздеп, Израильге, Қытайға, Ресейге оқуға жібердік. Сондай-ақ, күзден бастап Қазақстан нарығына ақ балық және клариус шығарамыз. Бұл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі сияқты маңызды салаға қосқан үлесіміз болмақ. Әсіресе йод жетіспейтін аймақтарда қолжетімді әрі жаңа ауланған балық тоңазытылған күйінде әр адамның ас мәзіріне айналады деп сенеміз. Балабақшалар мен мектептерге, әскери бөлімдер мен ауруханаларға және басқа да мекемелерге өнімдерімізді жеткізуге дайынбыз. Біз жоғары сапаға толық кепілдік береміз. Өйткені балықтың денсаулығын тұрақты түрде бүкіл цикл бойынша қатаң қадағалаймыз. Біз қазір өндірісті толық қалыпқа келтірдік. Ендігі жерде сату саласын реттеуді қолға алмақпыз, – дейді кешен директоры Алексей Владимирович.

Аквакультура объектілерінің өндірісі фермадағы өнеркәсіптік алаңда орналасқан ашық су қоймасында, 6 ангар типті сэнвич панельді ғимарат, 11 жылытқыш, полипропилен парақтарынан және полимерлі материалдан жасалған бетонды бассейндерде өтеді. Бұл жөнінде түсініктеме берген «Kaz Organis Product» ЖШС-нің бас технологі Юрий Рудометкин:

– Хауыздар заманауи басқару және автоматтандырудың озық әлемдік технологияларын қолдана отырып жабдықталған. Азықтарды өндіру – органикалық өнімдерді өсіруге көмектесетін тағы бір фактор. Барлық шикізат Қазақстанда жасалған. Сапасы жоғары. Шикізат пен дайын азық зауыттың өндірістік және техникалық зертханасында дайындалып, қоректік және қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша мұқият талдаудан өтеді. Бүгінде балықтың клариус, стрибасс, тилапия, нефрит алабұғасы, австриялық қызыл шымшуырлы таңқышаян өсірілуде. Келешекте олардың қатарына көксерке балығын қосу жоспарымызда бар, – деп жоспарымен бөлісті.

2021 жылдан бастап компания жыл сайын 10 000 тонна клариус, 500 тонна ақ балық, 10 тонна австриялық қызыл шымшуырлы таңқышаян өсіруді жоспарлап отыр. Ал биылғы жылдың соңында бір жарым мың тонна клариус балығының өнімін өндіріп, оның бір келісін 800 теңгеден сатылымға қояды. Сонымен бірге аталмыш компанияның балық өнімдеріне мейрамханалар мен сауда үйлерінен тапсырыстар түсіп жатқанын айта кеткен жөн.   

Мақпал МЫСА
Қапшағай қаласы