АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: ҮЗДІК КОМПАНИЯЛАР АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 27.06.2019
Оқылды: 1336
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысы әкімдігі мен облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен Талдықорғанда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы өтті. Салтанатты шараға бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Байқауға әртүрлі сала бойынша елу шақты отандық тауар өндірушілер қатысып, өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Алдымен облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ бастаған топ байқауға қатысушылардың көрмесін тамашалап, ұсынылған өнім түрлерінің сапасына мән берді.

Көрмеге аймақтың әр өңірінен келген кәсіпкерлер мұқият дайындалған. Сөрелерге қойылған құрылыс материалдары мен ауылшаруашылығы және электротехникалық өнімдер, құрылысқа қажетті бұйымдар, медициналық құрал-жабдықтар мен тұрмыстық жиһаздар, киім-кешек пен аяқкиімдер, сондай-ақ, ет, сүт, жұмыртқа өнімдері мен ұлттық тағам түрлері, қағаз өндірісі жиналғандардың көңілін аударды. Көрме кезінде тамашалаушы қонақтар тауарлар мен қызмет түрімен танысып қана қоймай, өнімдерді өз бағасында сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Салтанатты шарада Амандық Ғаббасұлы сөз сөйлеп, кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес, ауылшаруашылығы саласы бойынша қолға алынған игі-шаралар мен жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде қысқаша баяндады. Бұдан соң үздік кәсіпорындар анықталып, жетекшілеріне сый-құрмет көрсетілді.

Байқау қорытындысы бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша 1-орын «КПК Зета» ЖШС, 2-орын «NOVUS POLYMER» ЖШС, 3-орын «ISKER COMPANY» ЖШС иеленді.

«Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында үздік болып «Когер ЛТД» ЖШС танылды. «Молдасанова Этно-ресторан Асқар-Тау» 2-орын, «Первомайские деликатесы» ЖШС 3-орын алды.

«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында «Интеллсервис» ЖШС 1-орын, «Адили Текстиль» 2-орын, «Аксель және А» ЖШС 3-орынға ие болды. «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша «Хакимов» жеке кәсіпкерлігіне 1-орын берілсе, 2-орынды «Alakol Resort» жеке кәсіпкерлігі алды, ал 3-орынға «Тұмар» көпсалалы клинингтік компаниясы қол жеткізді.

Жеңімпаздар ақшалай сертификат және дипломдармен марапатталды. Облыс әкімінің Алғыс хатына ие болған өндіріс орындарының иелері де ризашылықтарын білдірді. Жеңімпаздарға марапаттарды облыс әкімі Амандық Баталов, орынбасары Серікжан Бескемпіров, облыс бойынша өңірлік кеңес төрайымы Римма Салықова, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Руслан Қожасбаев, «Dolce» ЖШС директоры Сәуле Мәкішева табыстады.

Ендігі кезекте жеңімпаз компаниялар облыс атынан республикалық «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысады.

«Жыл сайын байқаудың танымдылығы артып, аясы кеңейіп келеді. «Қазақстанның үздік тауары» байқауындағы жеңімпаз кәсіпорындар шығарған өнімдер сапасының жоғары бағасы, серіктестерге арналған «визит картасы» деп атауға болады. Бұл - ұжым үшін үлкен мақтаныш. Биылғы көрменің басты ерекшелігі – жас әрі жаңа ашылған кәсіпорындардың белсенді қатысуы. Яғни, мұны бизнестің қарқынды дамуы мен кәсіпкерлер үшін мүмкіндіктердің ашылуымен байланыстыруға болады», – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Әсет Шаяхметов.

Айта кетейік, облыс бойынша мал және өсімдік шаруашылығы өнімдерін шығару жетекші орында. Республика бойынша аймақ шарап, қант, жеміс-жидек пен көкөніс шырындарын, темекі, уыт, аккумулятордың негізгі шығарушысы ретінде танымал. Сонымен бірге, трансұлттық компаниялар – зәкірлік инвестордың қатысуымен 20-дан аса кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы 574 млрд. теңге инвестиция тартылып, 31 мың жұмыс орны ашылды. Жалпы, аймақтық өнім 2,7 трлн. теңгеге жетті.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА