"ҰЗАҒЫНАН СҮЙІНДІРСІН": ОБЛЫС ӘКІМІ ҚАРАДАЛА ӨҢІРІН ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСТЫ

Уақыты: 05.07.2019
Оқылды: 1030
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ жұмыс бабымен Қарадала өңіріне барды.

Алдымен әкім "Шонжы АГРО" ЖШС жұмысымен танысты.

Шонжы ауылына апаратын жолдың бойына орналасқан құрылым негізінен бау-бақшамен айналысуда. Ділмұрат Қайырбековтей азамат басқаратын серіктестік 800 гектар жерді игеріп, өріктің түр-түрін өсіруде. Былтырдан бері 400 гектарға абрикос, қара өрік, шабдалы, шие секілді сүйекті жеміс-жидек өсірілген. Жайқалып, өскен жеміс ағаштары уақытымен суаралып тұрады екен. Игілікті шаруа үшін 860 миллион теңге инвестиция жұмсаған серіктестік 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтыса, маусымдық жұмыс кезінде 30 адамға жалақы төлейді. Он шақты техника ауыр еңбекке сұранып тұр. Облыс әкімі серіктестік атқарған жұмысқа ризашылық танытты.

Одан кейін Уйгун Арзиев басшылық жасайтын «Теңриқұт» шаруа қожалығына арнайы ат басын тіреген жұмыс тобы 1995 жылдан бері жұмыс жүргізіп келе жатқан шаруа қожалығының жетістігімен танысты. Жалпы жеміс беретін 40 гектар жерді игерген шаруашылық 15 гектарға алма, 20 гектарға өрік, 4 гектарға шабдалы, 1 гектарға шие өсіреді. Ағаштың бәрі жемісін төгілтіп тұр. Пісіп тұрған өріктің, шабдалының дәмін татқан облыс әкімі былтыр шаруашылықтың орташа өнімі әр гектарға шаққанда 320 центнерден айналғанын сұрап білді.

Былтыр көршілес Ресей еліне 400 тонна өнімді экспортқа шығарған шаруа қожалығының жеміс сақтайтын 100 тонналық қоймасы бар. Шаруашылықта 7 адам тұрақты жұмыс істесе, маусымдық жұмыс кезінде 37 адам еңбекпен қамтылып отырады. Қожалық асыл тұқымды ірі қара өсірумен де айналысады. Одан бөлек, 30 гектар жерге өрік, шие, алма ағаштарының көшеттері өсіріледі. Биыл барлығы 1135000 түп көшет өсіп келеді. Облыс әкімі «Теңриқұт» шаруа қожалығының жұмысына табыс тілеп аттанды.

Бұдан кейін «Қалжат» кеден бекетіне баратын күрежолдың бойында орналасқан «Томатик» жылыжай кешенінің жұмысымен танысқан Амандық Ғаббасұлы қысы-жазы қызанақ өсіретін жылыжайдың құрылтайшысы Айжан Омаровадан қажетті мәліметтерді сұрап білді. 2 миллиард теңгеге салынып, 2017 жылдан бері қарай жұмыс жүргізіп келе жатқан жылыжай жылына 1440 тонна қызанақ өсіріп, сатады. Аудан тұрғындары былтыр 791 тонна қызанақты қыста лайықты бағамен алып, игілігін көрген. Мұнда тұрақты жұмыс істейтін 55 адамның еңбекақысы жаман емес. Жылыжай алдағы уақытта 4 гектарға ұлғайтылып, өнеркәсіптік межеге жетуді жоспарлап отыр. Заманауи жылыжайдың жұмысына ризашылығын білдірген облыс әкімі қолдау көрсететінін білдірді.

Қарадала өңірі емдік қасиеті басым ыстық судың отаны десек, артық айтпаймыз. Өңірде 4 туристік бағыт бойынша 48 демалыс орны, 3 қонақүй, тау бөктерінде аңшылар үйлері танымдық, экологиялық және басқа да туризм түрлерін көрсету мақсатында жұмыс жүргізеді. Былтыр демалыс орындарынан 71150 адам ем алып, ақылы сауықтыру қызметінің көлемін 370 миллион теңгеге жеткізген. Жыл сайын арнайы келіп, демалушылардың қатары артып келеді.

Облыс әкімі Амандық Баталов осындағы «Эко Парк Тур» ЖШС сауықтыру кешенін аралап көрді. Көрушінің қызығушылығын оятатын сауықтыру әрі демалыс орнында суға түсетін алаң, жататын, тамақтанатын орындар заманауи үлгіде жасалған. Аталған серіктестік жұмыс ауқымын ұлғайтып, демалушыларды Шарын шатқалына қыдыртатын арнайы маршрут ашқан. Одан бөлек, балалар үшін Қырғызсай ауылының маңындағы табиғаты тамаша, көркем өңірге орналасқан лагерьді қалпына келтіріп, жұмыс жүргізуде. Былтыр осы лагерьде 450 бала демалып қайтты. Серіктестік өз қаражатына қамқорлықты қажет ететін отбасылардың 40 баласын демалдырып, сергуіне мүмкіндік береді. Серіктестік жаз кезінде 1500 баланың демалуын қамтамасыз ете алады.

Биылғы 4 шілде Ұйғыр ауданының тұрғындары үшін ерекше күн болды. Орталықтан шалғай орналасқан Қарадала өңіріне табиғи газ келіп, тұрғындардың қуанышын еселей түсті. Осынау игілікті шараға арнайы келген облыс әкімі  табиғи газдың алғашқы алауын тұтатуға қатысты. Облыстық мәслихатттың 2007 жылғы шешімімен «Алматы облысын 2007-2015 жылдары және болашақта 2020 жылға дейінгі кешенді газдандыру» бағдарламасы аясында аудан аумағына 46 шақырымдық «Азиялық газ желісінің» құрылысы жүргізіліп, екі жыл аумағында 19 855 миллион теңге инвестиция тартылған. Қаражаттың негізгі бөлігін ауданды көгілдір отынмен қамтамасыз етуді қолға алып отырған «Азия газ Шонжы» ЖШС жұмсап отыр. Жалпы ұзындығы 214 шақырымды құрайтын көгілдір отын  құбырын тарту үшін 23 газ тарату қорабының, 2 газ тарату бекетінің құрылысы жүргізілді. Осыған орай аудан орталығы Шонжы ауылында 3500 тұрғын үй, 34 әлеуметтік нысан, 150 кәсіпкерлік нысан көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Қазірдің өзінде 200-ден астам тұрғын үйге газ құбыры тартылып, арнайы пеш орнатылуда.

– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Жетісу жерін көгілдір отынмен қамтамасыз етудің кешенді іс-шаралары жалғасып келеді. Соның бір көрінісіндей бүгін, міне, Ұйғыр ауданына көгілдір отын келіп отыр. Бұл - үлкен жақсылық. Облысты газбен  қамту үшін жыл сайын бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Алматы қаласынан Талдықорғанға дейін газ желісі тартылды. Бақанасқа, Қаратал мен Текеліге, Кербұлаққа, Жаркентке көгілдір отын жеткізілді. Болашақта Алакөл ауданына, таулы өңірге қоныстанған Райымбек, Кеген аудандарына да табиғи газ жеткізу жоспары бар. Бүгінгі қуаныштарыңыз ұзағынан сүйіндіре берсін! Әр шаңыраққа бақыт пен қуаныш тілеймін! – деген облыс әкімі Амандық Баталов көпшілікке шынайы тілегін жеткізді.

Одан кейін сөз алған «Азия газ Шонжы» компаниясының директоры Роман Наханов салтанатты шараға жиналған көпшілікті қуанышымен құттықтап, ақжарма ниет білдірді. Облыстық мәслихаттың депутаты, осы өңірдің айтулы перзенті Ызғарбек Бектұрсынов ауданды көгілдір отынмен қамтамасыз етудің үлкен еңбекпен келгенін атап өтіп, табиғи газдың келуі заманға лайық өсіп-өркендеудің, дамудың бір сатысы, жарқын да жайдары көрінісі екендігін алға тартып, жерлестерін құттықтады.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Ұйғыр ауданы