ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫН ДАМЫТУДЫҢ ЖОСПАРЫ

Уақыты: 13.07.2019
Оқылды: 635
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары қаралды. 

Баяндама жасаған Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдірахымов Кешенді жоспардың негізгі бағыттары мен іс-шаралары туралы айтты. Жобада 10 бағыт бойынша 89 іс-шараны іске асыру қарастырылған. Ол өз сөзінде: 
– Бюджетке жүктемені азайту үшін жеке инвестициялар мен мемлекеттік-жекешелік әріптестікке барынша назар аударылды. Мәселен, егер Кешенді жоспарды іске асыру үшін 1 284 млрд. теңге қажет болса, оның 836 млрд. теңгесі жеке инвестициялар есебінен тартылады, 68,1 млрд. теңгесін мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы тарту көзделген, – деді. 
Кешенді жоспардың қала мен жалпы ел экономикасы үшін әлеуметтік-экономикалық әсері туралы Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов баяндады. Оның айтуынша, 2018 жылдың қорытындысы бойынша қаланың жалпы өңірлік өнім көлемі 2 трлн. теңгені құрады. Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі Кешенді жоспары қалаға жаңа даму серпінін беруге бағытталады. 
– Шымкент қаласының экономикалық әлеуеті зор. Инфрақұрылымға, энергетикаға, туризмге және қызмет көрсету секторына біршама инвестиция салынады. Мұның бәрі жылына 5,5%-ға өңірлік экономиканың нақты өсімін қамтамасыз етеді. Бұл республикалық көрсеткіштен жоғары (4,2%). Экономикалық белсенділік тұрғындардың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді, –  деп  сөзін түйіндеді Р. Дәленов.
Күн  тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Премьер-Министрдің орынбасары         Ж. Қасымбек «қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, жобалау кеңсесінің жұмысында 1 трлн. теңгеден асатын сомаға 1500-ге жуық жоба бар. Бұл елдегі барлық әлеуетті қатысушылардың шамамен 30% -ын құрайды. Оның ішінде 41 млрд. теңгені құрайтын 92 жоба мақұлданған. Ал 280 млрд. теңгеден астам сомаға 166 жоба банктерде қаралу үстінде.
Үкімет басшысы бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың ұсыныстарын ескере отырып, «қарапайым заттар экономикасы» жобаларын дамыту үшін жеңілдікті қаржыландыру шарттары өзгертілгенін айтты. Атап айтқанда, пайыздық мөлшерлемесі 6%-ға дейін төмендетілді, қарызды төлеудің жеңілдікті кезеңі енгізілді, шығарылатын өнімнің 45 жаңа түрі қосылды. Қабылданған шаралар біршама компанияларға жеңілдікті қаржыландыру мүмкіндігін береді. 
Осы жұмыстарды одан әрі белсендіру мақсатында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ауылшаруашылығы өнеркәсібі кешені жобаларының айналым қаражатын толықтыру үшін субсидияларды ұлғайтуға қаражат бөлу мәселесін қарастыруды тапсырды.    
– «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту бағдарла масы кәсіпкерлікті дамытудың және жұмыспен қамтамасыз етудің маңызды құралы. Жобалардың бәрі өңірлерде іске асырылады. Әкімдер бағдарламаны іске асыруға белсене атсалысып, жаңа жобаларды ұсынуы, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек, –  деп сөзін түйіндеді А. Ұзақбайұлы.

Еңлік ҚАБДЕШ