САПАЛЫ АТҚАРАДЫ

Уақыты: 14.07.2019
Оқылды: 709
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Almaty Construction Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осыдан 3 жыл бұрын құрылған. Бүгінде олар ауданда жемісті еңбек етеді. Айта кетерлігі,  мекеме жергілікті тұрғындарды да жұмыспен қамтып отыр.

Нұртас Нұркеев басшылық ететін құрылыс ұйымында өз ісінің нағыз білгірлері еңбек етеді. Олардың қатарында автокраншы Ғалымжан Оразбаев, бас энергетик Телман Тоқбергенов, электр монтаждаушылар Берік Жұмаханов пен Тұрар Мұхитұлы, эксковаторшы Ержан Нұрмамытов, гидрокөтергіш, көлік тиегіш көліктердің тізгіншілері Мейірбек Сыбанқұлов пен Аркен Нурызов, жүк көлігінің жүргізушісі Мәулетхан Мәжиев  бар. 
Осы уақытқа дейін серіктестік Дегерес, Көкқайнар, Қопа елді мекендерінде шағын спорт алаңдарын тұрғызды. Аудан орталығындағы «Өнер» мектебінің, шалғайдағы Бозой, Ащысу ауылдарындағы мектептердің шатырын жапты. Сондай-ақ, Тарғап ауылында көше жарығын ағымдағы жөндеуден өткізіп, Ұзынағаш ауылындағы көше жарығы тіреулерінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етті. Аудан әкімдігі ғимаратының айналасын қоршау, күзетші үйін тұрғызу, Үңгіртас пен Мыңбаев ауылдарында мал қорымдарын салуды да осы ұйым орындады. 
Қазіргі уақытта аталмыш серіктестік Қарғалы ауылының шетіндегі жаңа «Наурыз» ықшамауданында мердігер мекеме ретінде электр жүйелерін жүргізіп жатыр. Мұндағы тұрғын үйлердің барлығы кейінгі жылдары бой көтерген. Осындағы 70 гектар аумақтағы күрделі құрылысқа білек сыбана кіріскен жұмысшылар электр бағандарын орнатып, сым тарту ісін барынша сапалы атқаруға ұйымшылдықпен жұмылған. 

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы