"ӨНЕРКӘСІП КӨРСЕТКІШІ ӨТЕ ТӨМЕН": ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ҚАРАТАЛ АУДАНЫН АРАЛАДЫ

Уақыты: 31.07.2019
Оқылды: 1531
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Манзоров жұмыс сапарымен Қаратал ауданына келді. Бірінші кезекте сүт өнімін шығаратын «Үштөбе – Айдын» ЖШС-ін аралап, жұмысымен танысты. Кәсіпорын қызметімен зауыт директоры Макет Ниязбеков хабардар етті.

14 түрлі сүт тағамын өндіретін өнеркәсіп елімізде алғашқылардың бірі болып «Ақылды тағамдар» өндірісін жолға қойып, йодталған ақуызбен құнарланған сүт өнімін шығаруда. Макет Жақпарұлы халықтың сұранысы бойынша балмұздақ шығаруды қолға алғанын айтты. Келесі жылдан бастап бірқатар құрылғыларды жаңарту жоспарда тұр.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекті тілге тиек еткен Бағдат Сайланбайұлы:

– Үкімет тиімді бағдарлама қабылдады. Халық тұтынатын тауарлар мен өнеркәсіп өндірісін қолдауға 600 млрд. теңге бөлінді. Екінші деңгейлі банктен несие алып, өнеркәсіп кешенін кеңейтуге мүмкіндік көп. Сондықтан өнімді көбейтіңіздер, жаңа жұмыс орнын ашыңыздар. Кім жаңа жұмыс орнын ашса, өндіріс орнын кеңейтсе, біздің тарапымыздан қолдау көрсетіледі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен осы салаға инвестиция көптеп тарту керек. Қандай да бір бизнес жоспары болса, қолдауға әзірміз, – деді.

Әрмен қарай облыс әкімінің орынбасары аудан активімен кездесті. Бірінші кезекте аудан әкімі Қайрат Бұлдыбаев өңірдің тыныс-тіршілігін сөз етіп, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Бағдат Сайланбайұлы аудан әкімінің орынбасарлары, Үштөбе қаласы, ауылдық округ әкімдерін, денсаулық, құқық, әлеумет сынды салаға жауапты тұлғалармен жеке-жеке танысып, маңызды мәселелеріне құлақ түрді.

– Мал шаруашылығы, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп саласына көп көңіл аудару қажет. Өнеркәсіп өнімінің көрсеткіші өте төмен. Сіздерде мүмкіндік көп. Талдықорғанға жақынсыздар. Теміржолды, Қаратал өзенін ұтымды пайдалану керек. Бос жатқан жер баршылық. Сондықтан, кәсіпкерлікті дамытуға тиіспіз, – деген облыс әкімінің орынбасары білім саласының кенжелеп тұрғанына назар аударды. Шалғай жатқан ауылдардың жол мәселесін сөз етіп, аулаларға спорттық алаң салуды ұсынды. Келешекте бірлесе жұмыс істеп, аталған мәселелерді шешу үшін еңбектенетінін жеткізді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Қаратал ауданы

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ