ТӘЖІРИБЕ БӨЛІСТІ

Уақыты: 06.08.2019
Оқылды: 973
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Әсілі, алыс-жақыннан келіп, жүздескеннің, алдағы шаруаларды ақылдасқанның артықтығы жоқ. Жақында Кеген ауданында білім және бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің республикалық салалық кәсіподақтары қоғамдық бірлестігінің көшпелі семинар болды.

Оған салалық кәсіподақ қоғамдық бірлестігіне қарасты Алматы, Шымкент, Түркістан, Талдықорған, Қапшағай, Талғар, Есік қалаларының,  Сайрам, Келес, Ақсу, Балқаш, Райымбек, Кеген аудандарының кәсіподақ жетекшілері мен ұйым белсенділері қатысты. 
Семинар-кеңес жұмысын салалық кәсіподақтар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тоққожа Естенов жүргізіп отырды.  Жалпы, осы күні жиналған көпшілікке Кеген ауданындағы С. Серкебаев атындағы орта мектептің ғимаратына орналасқан ауданаралық кәсіподақ  бөлмесінің жұмысы таныстырылды. Райымбек аудандық «Қамқор – 2» кәсіподақ бірлестігі филиалының төрағасы Ұ. Әбек кәсіподақ ұйымдарында атқарылған жұмыстар мен іс құжаттарының жүргізілуі жайлы баяндамасын көп назарына ұсынды. 
Семинарда сөз алушылар мұндай семинарлардың берері көптігін алға тартты. Шымкент, Талдықорған қалаларынан келген кәсіподақ ұйымдарының өкілдері жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Семинарға қатысушылар Райымбек ауданындағы қасиетті Қарасаз ауылындағы Мұқағалидың музейін көріп, ыстық әсерлерін бөлісті. Оның сыртында Кеген ауданындағы Шарын шатқалын, көрікті Көлсай көлдерін көріп, жер жаннаты Жетісудың тамсандырарлық табиғатын тамашалады. Жиналған көпшілік осынау шараны өткізуге үлкен дайындық жұмыстарын жүргізген Көпжасар Нұрлыбек бастаған  Кеген аудандық кәсіподақ бірлестігі филиалының ұжымына, өзге де азаматтарына алғыстарын білдірді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Кеген  ауданы.