ТӘТТІ ТҮБІР ӨСІРУДІҢ ҚЫР-СЫРЫ

Уақыты: 15.08.2019
Оқылды: 1439
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қаратал ауданының  «Егемендік»  шаруа қожалығында  тәтті түбірді  өсіру мен дәрілеу, құнарландыру тақырыбында семинар өтті. Алқаптағы басқосуды «Атамекен»  кәсіпкерлік одағы ұйымдастырды. Оған 32 шаруа қожалығы шақырылды. Айта кетерлік жайт, биыл облыс бойынша 14 мың гектар жерге қант қызылшасы өсірілген. Аталмыш «Егемендік» қожалығының  егіс алқабы 40 гектар. Себілген тұқым «Ардан»  және «Тиссерин» деп аталады. 

Биыл күннің ыстықтығына байланысты суару жүйесі өзгерген.  Бұрын бір маусымда тәтті түбір 4 рет суғарылатын болса, қазір күннің аптапты ыстығына байланысты  екі апта сайын суғарып тұруға тура келген.  Қант қызылшасының бір ерекшелігі,  дақыл қара суыққа дейін органикалық заттарды бойына жинап, өсе береді. Сондықтан өнімнің бой алуына әлі біраз уақыт бар. Семинарда қызылша өсірудің білікті маманы Әбілқайыр Бексұлтанов сөйлеп,  тәтті түбір өсірудегі мақсат-міндеттер жайында кеңінен әңгімеледі.
– Биыл Көксу қант зауытына 260 мың тонна, Ақсуға  160-170 мың тонна тәтті түбір өткізіледі деп күтілуде.  Мақсат – 50 мың тонна қант алу.  Қазіргі таңда дақыл өсіруге қол күші пайдаланылмайды. Шыққан арамшөпті дәрімен тұншықтырады.  Қыркүйекте жиын-терін басталады.  Тәтті түбір өңдейтін екі зауытқа өнімді ысырапсыз өткізіп, барлығы 50 мың тонна қант алсақ деген мақсат бар,– деді  тәтті түбір өсірудің қыр-сырын жақсы білетін маман. Кеңесшінің айтуынша, «Егемендік» шаруа қожалығының әр гектарынан 700-750 центнерден өнім алынады деген болжам бар. Биыл аталмыш қожалық өсіріп көру үшін «Новелла» атты тұқым сепкен екен. Өнім жақсы шыққан. Көп күтім қажет етпейді.  Гербицид мүлде қажет емес. Болашақта осы тұқымды да көбейту ойда бар. «Егемендік» шаруа қожалығының иесі Жұмаш  Тезекбаев жиын-терін кезінде тасымалдау мен зауытқа қабылдау барысында кемшілік болмаса екен дегенді айтады. Қожалық иесінің айтуынша, жалдаған көліктері  қайта өңдеу кәсіпорнының алдында  бірнеше күн тұрып қалатын көрінеді. Осы ойын қынжыла жеткізген шаруашылық иесі «сөзіміз басшылыққа жетсе» деген өтінішін де жасырған жоқ. 
Семинарда «Августь-Казахстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің менеджер-технигі Ерлан Бекпаев осы айда  дақылда болатын аурулар, оның алдын алу жолдары жайлы әңгімеледі. 
– Шілде-тамыз айларында өрмекші, бүрге, бізтұмсық жәндіктері өсімдікке қауіп төндіреді. Сондай-ақ, шырмауық кесірін тигізуі мүмкін. Шырмауықтан сақтану үшін ауыспалы егіс жүйесін сақтау керек.  Биыл күннің ыстық, түннің салқын болуынан «ақтаңдақ» ауруы  белең алып тұр, – деді ол.  Семинарда Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің оқытушысы, ғылым докторы, профессор М. Қожахметов «ақтаңдақ» ауруына себілетін гербицидтер жайлы айтып, түсіндірді. Сондай-ақ, минералдар жетіспеген жағдайда  қант қызылшасының жапырағында өзгерістердің болатындығы,  оны байқаған жағдайда кеселдің ары қарай дендеп кетпеуі үшін жасалатын жағдайлар жөнінде кеңінен айтып, түсіндірді. 
Семинардың мақсаты – тәтті түбір өсірудің өнімділігін арттыру үшін күтіп-баптаудың қыр-сырын түсіндіру еді.  Ғалымдар мен дәрі жеткізушілердің  сөйлеген сөзі  қант қызылшасын өсіруге әлі де ден қойылатынын білдірді. 

Гүлжан ТҰРСЫН