ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 16.08.2019
Оқылды: 904
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыстық кірістер департаментінің ғимаратында Мемлекеттік кірістер органдарының құрылғанына 5 жыл толуына орай салтанатты жиын ұйымдастырылды. Онда сала басшылары жиналғандарды құттықтап, үздік қызметкерлерді марапаттады. 

2014 жылғы реформалар нәтижесінде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Салық комитеті мен Кедендік бақылау комитеті мекемелері бірлесіп, Кірістер комитеті құрылды. Содан бері жемісті еңбек істеп келеді. Мәселен, 2015 жылы жалпы 253,4 миллиард теңге бюджетке түссе, биылғы жарты жылдықтың өзінде 228,4 миллиард қазынаға түсті. Департаменттің негізгі міндеті – салықтық, кедендік төлемдердің және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толық және уақытылы түсуін қадағалау. Елдің экономикалық қауіпсіздігін сақтаушы ұйым. Бүгінде облысымызда 1342 адам аудандық, қалалық мемлекеттік кірістер басқармаларында және кеден бекеттерінде жұмыс істейді.
Жиналғандарға лэд экран арқылы ҚР Кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевтың құттықтау сөзі көрсетілді. Марат Елеусізұлы өз құттықтауында департментке жүктелген міндеттердің толығымен орындалғанын, жылдан-жылға көрсеткіштің жақсарып келе жатқанын, көп жақты және күрделі істерді шешіп, білікті, білімді қызметкерлердің арқасында жетістікке қол жеткенін айта келіп, әріптестерін құттықтады. 
Одан кейін мінбеге көтерілген облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Төлеген Сәрсембаев та жиналғандарды құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі.  Сондай-ақ департамент басшысы 26 қызметкерге «Салық қызметінің үздігі», 8 адамға «Қаржы қызметінің үздігі» атақтарын табыстап, арнайы төсбелгі тақса, 32 жұмыскерді «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі» атағымен марапаттады. 
Жиын Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздары әзірлеген ән шашумен аяқталды.

Серік ҚАНТАЙ