ЖАЛПЫ ІШКІ ӨНІМ 4,2 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ

Уақыты: 16.08.2019
Оқылды: 724
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жыл басынан бері жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,2 пайызды құраған. Бұл туралы кезекті Үкімет отырысында айтылды. Сондай-ақ, жиында жеті айдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші мен республикалық бюджеттің қалай орындалғаны белгілі болып, жаңа оқу жылына дайындықтың қай деңгейде жүргізіліп жатқаны пысықталды. 

Үкімет басшысы Асқар Мамин осы мәселелерге жауапты бірнеше министрдің баяндамасын тыңдады. Асқар Ұзақбайұлы, сондай-ақ, Үкіметтің 15 шілдедегі кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттер аясында негізгі басымдықтар – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашып, инвестициялық ахуалды жақсарту екенін атап өтті. 
– Жиында белгілі болғанындай, жалпы ішкі өнім өсімі құрылыс, сауда, көлік, өңдеу секторы, оның ішінде машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, түсті металлдар алу, мұнай өңдеу салаларында байқалған. Ал көмір, шикі мұнай өндіру, химия өнеркәсібі мен қара металлургия саласындағы жұмыс әлі де күшейтілуі тиіс. Үкімет басшысының сөзінше, негізгі базалық көрсеткіштер бойынша Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары экономикалық өсімге қол жеткізген. Сондай-ақ, ол Елбасы бастамалары мен Мемлекет басшысының қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын уақытылы және сапалы орындау үшін инвестиция тарту, нәтижелі жұмыс орындарын құру, экономиканы әртараптандыру, өнімділікті арттыру, экспортты ілгерілету, технологиялар мен инновациялар трансфертін жалғастыру қажет екенін назарға салды. 
ҚР Қаржы бірінші вице-минис-трі Берік Шолпанқұлов мемлекеттік бюджет кірістерінің өсімі 114,5 пайызды, республикалық бюджеттің 118 пайызды, жергілікті бюджеттің 106 пайызды құрағанын жеткізді. Бюджет қаражатын игеру деңгейі өткен жылмен салыстырғанда біршама жақсарған. Мемлекеттік бюджетке түскен кіріс көлемі де артқан. Республикалық бюджет шығыстары 98,9 пайызға игерілген. Сонымен бірге мемлекеттік аудит және камералдық бақылау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да баяндалды. Мәселен, 719 млрд. теңге бюджет қаражатына аудит жүргізіліп, нәтижесінде жалпы сомасы 121 млрд. теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталған. ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев шілде айында айлық инфляция 0,2 пайызды құраса, жылдық инфляция 5,4 пайыз деңгейінде сақталғанын айтты. Ал «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде банктер 9 мыңнан аса өтінімді мақұлдапты. 
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың сөзінше, жыл басынан бері 55 мыңнан аса тұрғын үй пайдалануға берілген. Аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде бірқатар облыс әкімдері де тыңдалды. Жиында айтылғандай, бүгінгі таңда мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы 85 пайыз. Осы ретте ҚР Премьер-Министрі барлық білім беру нысандарын 1 қыркүйекке дейін 100 пайыз дайындау қажет екенін айтып, Арыс қаласындағы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына ерекше мән беруді тапсырды. Сонымен бірге оқулықтармен қамтамасыз ету, балаларды тасымалдау, оқушыларға ыстық тамақ беруді ұйымдастыру мәселесіне де баса көңіл бөлінуі тиіс екенін атап өтті.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА