ЖАҢА ПӘН ОҚЫТЫЛАДЫ

Уақыты: 19.08.2019
Оқылды: 1016
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бірінші қыркүйектен бастап мектеп оқушылары «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» деп аталатын жаңа пәнді оқитын болады. Яғни, бұл жастардың кәсіпкерлікпен айналысып, жаңа тың идеяларды жүзеге асыруларына үлкен мүмкіндік туғызбақ.

Жаңа пәнмен 10-11-сынып оқушылары мен колледж және жоғары оқу орындарының білімгерлері қамтылады. Олар үшін арнайы ең озық әдістемелерге негізделген заманауи оқу бағдарламалары мен оқу құралдары әзірленген. Оқу барысында білімгерлер аталған саламен жете танысып, бизнес жүргізудің қыр-сырын үйренеді. Сондай-ақ, онда салық салу, маркетинг негіздері сияқты басқа да қызықты әрі маңызды тақырыптар оқушылар назарына ұсынылмақ. Сабақ оқу ұзақтығы 36 сағатты құрайды. Айта кетейік, ел бойынша барлығы жүз мыңдай ұл мен қыз кәсіпкерлікке оқытылады. 
Осы ретте облыстағы 272 мұғалім өз біліктіліктерін арттыру үшін арнайы оқу курсынан өте бастады. Оқу курсы Талдықорған қаласындағы үш оқу орнында ұйымдастырылған. Бүгінде осы бойынша мұғалімдер Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті мен политехникалық колледжде және Шоқан Уәлиханов атындағы № 10 орта мектепте сабақ өтуде. 
– «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсынысымен мектептер мен колледждерде және жоғары оқу орындарында «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» деп аталатын жаңа пән енгізіліп отыр. Осыған байланысты тамыз айының 19-29-ы аралығында 211 орта мектеп мұғалімі мен 46 колледж және 15 жоғары оқу орындарының мұғалімдері өз біліктілітерін арттыру үшін жаңа пәнмен танысып, сабақтан өтуді бастады. Курстың негізгі мақсаты ұстаздарға кәсіби бағдар беріп, жастарды кәсіпкерлікке баулу және оқыту – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева. 
Ал жалпы ел бойынша барлығы 1784 ұстаз оқудан өтпек. Жоба «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде жүзеге асырылуда. Бағдарламаның басты мақсаты еңбек ресурстарының біліктілігін арттырып, жаппай кәсіпкерлікті дамыту және оған тарту, сондай-ақ, жұмыссыз халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуына жол ашу болып табылады.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Сурет ғаламтордан алынды