"ТЕСІЛГЕН ЖЕРЛЕРІН БІТЕДІК": БАЛҚАШ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ СҰХБАТ БЕРДІ

Уақыты: 08.09.2019
Оқылды: 1760
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс орталығынан шалғай жатқан өңірлердің бірі – Балқаш ауданы. Күрішімен атағы шыққан бақ мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі біздің назарымыздан тыс қалған емес. Төскейде жайылған төрт түлігі өрісін кеңейтіп, текті азаматтары түрлі кәсіптің тетігін ұстап отырған ауданның жақсы жаңалықтары көп. Оны осы өңірдің – Балқаш ауданының әкімі Ғалым ТОҚПЕЙІСОВ сұхбат барысында әңгімелеп берді.

– Ғалым Қасымұлы! Алқапты астығы мен аша тұяғы абыройын көтерген аудан экономикасының ілгерілеп келе жатқанын ілкіде айтқанбыз. Десе де, жаз жайдарлы болғанымен жауын-шашынның аздығы егіншілердің еңсесін түсірді. Биылғы өнім қай деңгейде?
– Тәубе, табиғаттың тарпаңдығы тағымыздан тайдырмады. Өніміміз де, өрісіміз де мол. Ел тілеуі еңбегімізді еш етпеді. Нақты келетін болсақ, ауыл- шаруашылығы саласында жалпы өндірілген ішкі өнім көлемі 6414,5 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 197,1 млн. теңгеге артты. Бұл аудан үшін үлкен жетістік.  Дәнді дақылдарды ору жұмыстарына 50 комбайн, 101 тасымалдау техникалары жұмылдырылды. Мал шаруашылығы жайында да мақтанышпен айтуымызға болады. Ірі қара малы бойынша асыл тұқымды мал басының үлесі 27475 басқа жетті. Одан бөлек жылқы мен қой-ешкінің де саны артқан. Мұның бәрі аудан экономикасын көтермесе, әлсіретпейтін факторлар.

– Онда ет экспорты едәуір ұлғайған шығар? Бұл жеке шаруашылықтардың ғана емес, ауданның да жеңісі болмақ. Бордақыдағы малдың бабы келіссе, кәсібінің нәсібі дей беріңіз. Десе де, сиырдың еті ғана емес, сүті де пайда көзі емес пе?
– Оныңыз рас. Ет экспорты бойынша Ақжар ауылдық округіне қарасты «Жақсылық» ШҚ Өзбекстан мемлекетіне 400 тонна сиыр етін экспорттап, жылдық жоспарды толығымен орындады. Бұл бағытта басқа да шаруа қожалықтары белсенділік танытып келеді. Ал сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту және сүт өндіру мақсатында былтыр «Динара ранч» ЖШС жеке қаражат есебінен Америка Құрама Штаттарынан 1500 бас «Голштейн»  тұқымды сүтті бағыттағы ірі қара мал басын сатып алып, тауарлы-сүт фермасын іске қосқан болатын. Сүт фермасында Ирландия елінен алынған «Dairymaster» (Дайримастер) сүт сауатын құрылғысы орнатылған. Онда күніне 300 бас сиыр сауылып,  6 тонна сүт өндірілуде. Алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтижеге жетуді межелеп отырмыз.

– Сүт фермасының ашылғаны маңайдағы жұмыссыз жүрген кейбір ауыл тұрғындарына үлкен сеп. Оның үстіне еңбек адамының саны артқаны ауданға абырой әкелетіні даусыз.
– Іле жағалай орналасқан елді мекеннің қалталы азаматтары жұртқа қамқор, бауырмалдығымен көпке үлгі. Іле өзенінің өзі сияқты. Малға да, жанға да пана. Олардың түсін түстемей-ақ қояйын. Шама-шарқынша ауылдастарын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сүт фермасында бүгінгі таңда 45 адам жұмыс істеуде. Алдағы уақытта сүтке деген сұраныс артса жаңа кадрларға да жол ашылмақ. Біз бүгінде осыған жұмыс жасап жатырмыз. Фермаға жақын маңдағы Бақбақты, Қарағаш ауылының жастары көптеп жұмысқа тартылып жатыр. Басында аздап қиындық туғаны рас, бірақ қазір дені үйренді. Сүтті сиырдың күтімі жақсы болса, ақты молынан беретіні айтпаса да белгілі. Сондықтан  қызметкерлер ісіне берік. Осы жерде айта кеткенім жөн болар, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» бойынша 297 адам жұмысқа орналастырылып, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша 11 азаматқа 36,6 млн. теңге шағын несие берілді. Бұл да болса ауыл азаматтарына үлкен көмек.

– Жаңа сөзіңізде Іле жайлы әдемі тебірендіңіз. Расында, өзенді іргелей жайлаған өңірге қызығып келушілер көп. Оны үлкен жолды шаңдата өткен көліктен-ақ аңғаруға болады. Өйткені балығы мен аң-құсы қала өмірінен қажыған адамның таза ауада тыныстауына себеп. Бұл туризм саласының тасы өрге домалап жатқанын аңғартпай ма?
– Сұрағыңыз орынды. Көз жайнатар көліктердің көптеп келетіні рас. Олардың дені демалушылар. Қысы-жазы үзілмейді. Балқаштың жері бай, елі қонақжай ғой. Бүгінде ауданда 11 туризм инфрақұрылымы объектісі жұмыс атқарады. Жалпы аудан бойынша 2 туристік бағыт белгіленіп, осы алты айда 316 турист қабылданып, 12,3 млн. теңгеге ақылы қызмет көрсетілді. Келушілердің де күннен-күнге көбейіп келе жатқаны көңіл көншітеді. Жыл соңына дейін Бақанас ауылдық округіне қарасты «Арман» шаруа қожалығының жанынан тағы бір демалыс орны іске қосылады деп күтілуде. Олай болған жағдайда, туристердің саны тағы да артатыны күмәнсіз.

– Осы жерде тағы бір сұрақтың төбесі көрініп тұрғандай. Әлгі туристерді көптеп тарту үшін жолдың да түзулігі маңызды. Көктем басында жаңбырдың толассыз жаууы, қыстың қытымырлығы тас жолдың талқанын шығарады. Оның үстіне ауыл ішінде ескі трассалардың кетеуі кетіп бара жатқандай. Осыған орай қандай жұмыстар жасалып жатыр?
– Біз Бақанасқа барар жолды орташа жөндеуден өткіздік. Өздеріңіз де байқаған боларсыздар, жолдың тесілген жерлерін бітедік, енін кеңейттік. Ал төменгі ауылға барар жолдар алдағы уақытта толықтай реттеледі. Ауданішілік елді мекендердегі жолдарды жөндеуге және күтіп ұстауға бюджеттен барлығы 342,4 млн. теңге бөлінді. Оқырманға түсінікті болу үшін нақты тоқталып кетсем, Бақанас ауылының Иманбаев, Т.Рысқұлов, Д.Қонаев көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірлік ауылының Ш.Уәлиханов көшесіне, Бақбақты ауылының Төле би  көшесіне, Ақжар ауылының Тұйғынбаев  көшесіне, Құйған ауылының Омарбеков көшесіне тас жол төселіп жатыр. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауылдардың ішкі көше және кірме жолдарын жөндеуге 8,0 млн. теңге қаралды. Бақанас ауылының көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 16,0 млн. теңге бөлініп, жұмыс толық аяқталды.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 140,079 млн. теңге және жергілікті бюджеттен 15,566 млн. теңге қаржы бөлініп, Бақанас ауылының Жамбыл, Ормышев, Демченко және Достық-1, Достық-2 көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– Алдыңғы сұхбатымызда көгілдір отынның көп кешікпей табалдырығымыздан аттайтынын айтқансыз. Елдің де тағатсыздана күтіп отырғаны сол. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Елбасының бесінші бастамасы – «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» бойынша былтырдан бастап Бақанас ауылына дейін табиғи газ құбырын тарту жұмыстары 3 млрд. 91 млн. теңгеге атқарылып, бас магистральдің құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталды. Бүгінгі таңда Бақанас ауылының ішіне табиғи газды тарту бойынша жобалық-сметалық құжат жасалып, сараптамадан өткізілуде. Бұл оңай шаруа емес. Елбасы көтерген жобаның аяқсыз қалмасы анық. Облыс әкімі Амандық Баталов та мұны жеке қадағалауында ұстап отыр. Құдай нәсіп етсе, оған да жетеміз.

– Бүгінде көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан барынша қамқорлық жасалып жатыр. Қолы ашық кәсіпкерлер де қарап қалып жатқан жоқ. Қала мен ауылды салыстыруға келмес. Десе де ауылдық жерде баспанасыз жүргендер жай-күйі қалай?
– Әрине, баспанасыз көпбалалы отбасылар бар. Оларға көмегімізді аяп жатқанымыз жоқ. Мәселен, «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында көпбалалы отбасыларға тұрғын үй сатып алу үшін Балқаш ауданына 88,0 млн. теңге бөлінген болатын. Аталмыш бағдарламаның аясында күні кеше Бақанас ауылынан көпбалалы отбасыларға 4 тұрғын үй берілді. Сондай-ақ, «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында жағдайы төмен көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында Бақанас ауылынан 10 үй таңдалып, 5 үйдің бағалау құжаттары дайындалды. Аталған үйлерді сатып алу мақсатында мемлекеттік сатып алудың вэб-порталына конкурс жарияланып, шілде айында шыққан қорытынды хаттамаға сәйкес 2 үй жеңімпаз атанды. Оның үстіне, Ақкөл, Қарой ауылдарында 8 жалгерлік тұрғын үй пайдалануға берілсе, Көктал ауылында 2 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, Бақанас ауылында 20 жалгерлік жеке тұрғын үйдің, инженерлік-коммуникациялық жүйелерімен бірге құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Әрине, Үкімет берген тапсырманы тиянақты түрде іске асырып жатырмыз. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында тағайындалған 39 отбасының төлемдері қайта есептеліп, сәуір айынан бастап 553 отбасының құжаты қабылданды. Бүгінде барлығы 592 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төлемдер жүргізілуде.

– Аудан азаматтарының ақжүректігін әңгіме барысында айтып қалдыңыз. Түптеп келгенде, ауылдың атағын шығаратын солар. Сіз де осы топырақтың перзентісіз. Елді мекеннің ертеңіне алаңдайтыныңыз анық. Өзіңіз туып-өскен топырақтың болашағына қандай баға бересіз?
– «Айналайын, атамекен, ақ мекен, қандай қазақ іздеп сені тапты екен», – дейді ақиық ақын Мұқағали Мақатаев. Бұл өлке құмдауыт болғанымен топырағы құнарлы, ауа райы жанға қолайлы мекен. Әр адамға өзінің кіндік қаны тамған жер ыстық қой. Несін жасырайын, жыраққа кетсем жүрегіме сағыныш ұялайды. Өйткені, осы жерде өсіп-өндік. Енді елдің ертеңіне жол салып жатырмыз. Тәубе, мұндағы аузын ашса жүрегі көрінетін азаматтар жетерлік. Солардың арқасында аудан әлеуметтік-экономикалық жағынан дамып келеді. Асылық айтқаным емес, алдағы уақытта үлкен жетістіктерге жетеміз деген ниеттемін. 

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен - Мұхтар КҮМІСБЕК