АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: АСҚАР МАМИН ЗАМАНАУИ МАЙ ЗАУЫТЫН АШТЫ

Уақыты: 20.09.2019
Оқылды: 745
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Іле ауданында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар МАМИН мен "ЛУКОЙЛ" АҚ президенті Вагит АЛЕКПЕРОВ жылына 100 мың тонна дайын өнім шығаратын жаңа майлау материалдары зауытын ашты.

Бұл – инновациялық-молекулалық технологияларды қолдана отырып әзірленген және жетекші әлемдік автоөндірушілердің мақұлдауына ие болған "ЛУКОЙЛ GENESIS" компаниясы. Салтанатты ашылуда Асқар Ұзақбайұлы еліміздің индустриалды-инновациялық даму бойынша ашылып отырған Орта Азиядағы ең ірі өндіріс кешені ел экономикасының өрлеуіне үлкен мүмкіндіктер жасап жатқанын айтып, компания жетекшісі Вагит Алекперовпен салтанатты түрде зауыттың старт тетігін басты.

Зауыттың негізгі құрылысы 2016 жылдың 19 мамырында басталған болатын. Кәсіпорын құрылысына және жарақтандыруға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 94 млн. долларды құрады, ал Қазақстанның  әртүрлі деңгейдегі бюджеттеріне жыл сайынғы аударымдар 10 млн. долларға жеткен.

Компания жетекшісі өз сөзінде Қазақстан өңірдегі іскерлік белсенділікті арттыруда маңызды рөл атқаратын тораптық орталық, стратегиялық тиімді орналасу жағынан  Азия мен Еуропа арасындағы әлеуеті зор мәдени және экономикалық даму көпірі екенін айтып өтті. Өндіріс Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің, сондай-ақ, Қытай, Ауғанстан мен Моңғолияның ішкі нарығын майлау материалдарымен қамтамасыз етуге бағытталған. Логистикалық үдерістерді оңтайландыруға "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" көлік магистралі зауытқа жақын орналасқан.

Зауыттың инфрақұрылымы – өндірістік корпусты, әкімшілік ғимаратын қазандықты, базалық майдың резервуарлық паркін, құю эстакадаларын, тазарту кешенін, сорғы стансысын, сумен қамтамасыз етуге арналған ұңғыманы, екі машинаға арналған өрт сөндіру депосын, дайын өнімді роботталған сақтау қоймасын, компоненттер мен дайын өнімнің сапасын бақылауға арналған зертхананы қамтиды.

Компанияның бас директоры Кирилл Верета: «Технологиялық үрдістерді автоматтандырудың және өндірісті механикаландырудың жоғары дәрежесі қазіргі заманғы әлемдік стандарттардың талаптарына жауап беретін «Fluidsolutions» неміс компаниясының жабдықтарымен қамтамасыз етіледі. Зауытта роботтандырылған дайын өнімді сақтау қоймасы мен заманауи сапаны бақылау зертханасы жұмыс істейтін болады. Осылайша тапсырыс берушіге жоғары сапалы өнімді 24 сағат ішінде өндіруге және жөнелтуге мүмкіндігіміз бар», – дейді.

ЛУКОЙЛ зауытының қуаты 100 000-нан 130 000 тоннаға дейін, ал ассортиментте 800-ден астам ЛУКОЙЛ майы бар. Мысалы, олардың ішінде компанияның соңғы әзірлемелері – Еуропа мен Ресейдегі жетекші автоөндірушілердің мақұлдауына ие болған "ЛУКОЙЛ GENESIS" мотор майлары, соның ішінде, премиалды неміс брендтері бар. Зауыт өнімінің негізгі тұтынушылары Орта Азия өңірінің өнеркәсіптік және өндіруші компаниялары, энергетикалық сектор кәсіпорындары мен теміржол көлігі болады. Мәселен, бұл өнім Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан, Моңғолия, Ауғанстан, Пәкістан мемлекеттеріне экспортталады.

"ЛУКОЙЛ" АҚ Қазақстан аумағында 1995 жылдан бастап жұмыс істейді, 4 өндіруші жобаға – Құмкөл, Қарашығанақ, Теңіз және Королевское кен орындары және Жеңіс "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ және "ЛУКОЙЛ Қазақстан Апстрим" ЖШС бірлескен жобасы қатыса отырып, Ресей мен Қазақстан аумағындағы жалғыз жеке магистральді құбыр өткізгіш консорциумының (КТК) құрамына кіреді.

Жаңа кәсіпорында жергілікті халық үшін 200-ден астам жұмыс орнын қамтыған, жас мамандарды даярлайтын оқу орталықтары ашылған. Компанияның ел бюджетіне жыл сайынғы аударымдары шамамен 10 млн. долларды құрайды, бұл Қазақстандағы экономикалық өсім мен әлеуметтік саланың дамуына едәуір қарқын бермек.

Мақпал МЫСА

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Іле ауданы