АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫ ҚАБЫЛДАНЫП ЖАТЫР

Уақыты: 21.09.2019
Оқылды: 1205
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ақсу қант зауытының ұжымы өз жұмысына кірісіп, балтамырдың алғашқы өнімдерін қабылдай бастады.

Алдымен жақын маңдағы аудандардың шаруалары зауыттың дайындау пунктіне тәтті түбір әкелді. Алғашқылардың бірі болып Б.Сырттанов ауылдық округінен «Әлихан» шаруа қожалығының жетекшісі Берік Тынышбаев өнімдерін жеткізді. Бұл шаруашылық былтыр сервистік дайындау орталығын құрып, 78 гектар алқапқа қант қызылшасын егіп, әр гектардан 500 центнерден өнім жинаған. Ал биыл 110 гектарға қызылша өсіріп, гектарынан 550-600 центнерден өнім алуды көздеп отыр. Қазіргі таңда шаруа қожалығында он екі адам жұмыс істейді.

Аудан көлемінде қант қызылшасын өсіріп, өндіруге деген қызығушылық шаруа қожалықтары тарапынан жыл сайын артып келеді. Оған бағалы дақылға арналған алқап көлемінің ұлғайып, өнім берекесінің артуы дәлел. Мәселен, бағалы дақылға арналған алқап көлемі 2016 жылы 1600 гектарға, 2017 жылы 2020 гектарға көбейіп, 94 шаруа қожалығы қызылша өсірген. Жоғарыдағы көрсеткіш биыл 2850 гектарға кеңейіп, қазір 138 шаруа қожалығы бағалы дақыл өсіруді қолға алған. Өсірілген тәтті түбірдің әр гектары 400 центнерден айналып, барлығы 114 мың тонна қызылша жинау көзделуде.

Қазір ауданда 7 сервистік дайындау орталығы бар. Қант қызылшасын жинау жұмысына 17 комбайн жұмылдырылған. Өңір шаруалары дақылды қараша айының соңына дейін жинап алуға тырысуда. Алдағы жылы «Ислам даму банкі» арқылы 111 арна қалпына келтірілмек. Бүгінде «Томас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қапал өңірінен бастап жұмыс жүргізуде.

Кәсіпорынды аудан әкімі Есім Базарханов аралап, ағымда жүріп жатқан іс барысын көрді. Бұл жердегі жұмыстармен аталмыш кәсіпорынның директоры Самат Нәдірбаев таныстырды. Айта кетейік, Ақсу қант зауыты 2017 жылы іске қосылған.

Өндіріс орны «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ арқылы мемлекеттік қаражат пен жеке инвестициялар есебінен қалпына келтіріліп, жаңғыртылды. Бүгінде зауытта барлық өндірістік желі автоматтандырылған, басқару орталық аппарат арқылы жүргізілуде. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпорынның басым бөлігі жаңартылған. Қазір зауыт тәулігіне 3500 тонна қант қызылшасын өңдеуге қауқарлы.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Ақсу ауданы