ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ: ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ ӘКІМДЕРГЕ ТАПСЫРМА ЖҮКТЕДІ

Уақыты: 24.09.2019
Оқылды: 1145
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында аймақтардың алдағы қысқы кезеңге дайындық мәселесі талқыланды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – жылыту маусымына дайындық бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары М.Досмұхамбетов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі О.Әбішев, сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары Р.Скляр баяндама жасады.

Энергетика министрі бірінші орынбасарының айтуынша, энергия кәсіпорындарын күзгі-қысқы кезеңге дайындау бекітілген жөндеу кестелеріне сәйкес жүргізілуде.

– Бүгінде коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың берешегі 11,4 млрд. теңгені құрайды. Ең көп дебиторлық берешек Алматы (2,6 млрд. теңге), Нұр-Сұлтан (1,7 млрд. теңге), Шымкент (1,3 млрд. теңге) қалаларында және Маңғыстау облысында – 1,5 млрд. теңге сақталып отыр. 2527 балабақша (95%), 6656 мектеп (99%) жылыту кезеңіне дайындық туралы актілерді алды. Республикалық маңызы бар 31 денсаулық сақтау нысаны бойынша жылыту маусымына орташа дайындық 99%, жергілікті маңызы бар 5640 нысан бойынша 97% құрайды, – деді Махамбет Жолдасғалиұлы.

Айта кетерлігі, Алматы облысы барлық пункттер бойынша 100 пайыз көрсеткішті көрсеткен. Жоба бойынша автономды қазандықтарды отынмен қамтамасыз ету жоспарға сәйкес толық орындалған.

– Жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, кестеден қалып қою, коммуналдық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін отын дайындау деңгейінің төмен болуы сынды фактілер орын алып отыр. Осыған байланысты әкімдерге жоспарланған жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды қамтамасыз етіп, қажетті көлемдегі отынды алдын ала жеткізуді тапсырамын, –  деді А.Мамин.

Бірінші мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы аймақ әкімдеріне екі апта ішінде белгіленген тәртіпте көмірді даярлау және өткізу пункттерінің инфрақұрылымының қазіргі жағдайын, жеткізілім кестесін, сатылатын көмірдің бағасын және сапасын тексеруді, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, көмір жеткізуге арналған вагондардың қажетті көлемін қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, Үкімет отырысында «Бастау Бизнес» жобасын іске асырудың аралық қорытындысы және мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту мәселелері қаралды.

Аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов, ҚР Ауылшаруашылығы министрі С.Омаров, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, ҚР Қаржы министрі – Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайылов және Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаев баяндады.

– Министрлер мен әкімдерге тиісті заңнаманың орындалуы бойынша дербес жауапкершілік артылады. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша жиналыс өткіземіз. Онда осы көрсеткіштердің орындалуын қарастырамыз, –  деп түйіндеді селекторлық жиынды Асқар Ұзақбайұлы.

Еңлік ҚАБДЕШ

Сурет ғаламтордан алынды