"ІСКЕР АЗАМАТ": ФРАНЦИЯ ЕЛШІСІ Амандық БАТАЛОВ ТУРАЛЫ ПІКІР БІЛДІРДІ

Уақыты: 05.10.2019
Оқылды: 779
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ Франция елінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Филипп Мартинэ және Алматыдағы Бас консулы Алексис Шахтахтинскиймен кездесті. Басқосуда қос тарап бірқатар мәселеге қатысты әңгіме өрбітті.

Ресми түрде өткен кездесуде «IDEMIA» компаниясының қауіпсіз қала жобасы бойынша ұсыныстары талқыланды. Сонымен бірге «LEROY MERLIN» компаниясының даму келешегі және дүкендер ісі бойынша қазіргі жағдайлар, мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы, соның ішінде «Loste» өз өнімдерімен қазақстандық нарыққа шығу мүмкіндіктері, сондай-ақ, етті қайта өңдеу зауытын салу жайы сөз болды.

Алдымен Амандық Ғаббасұлы: «Жетісу жеріне қош келдіңіздер! Өздеріңіз білесіздер, облыс елдегі ең үлкен аймақтың бірі саналады. Негізгі бағыты – агроөнеркәсіп секторы. Республикадағы ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемінің 17 пайызы бізде өндіріледі. Облыстың инвестициялық әлеуеті зор. Қазіргі кезде өнеркәсіптік өндіріс, әсіресе, қайта өңдеу саласының  дамуы қарқын алуда. Бүгінде біз инвесторлармен жақсы жұмыс істеп келеміз және оларға барынша қолдау көрсетуге дайынбыз», – дей келе Жетісу жерінде іске қосылып, жұмыс істеп жатқан ірі жобалар жайында айтып, инвестициялық мүмкіндіктерін баяндады.

Облыс басшысы, сондай-ақ, аймақтың туризм саласын өркендетіп, ауылшаруашылығын өрістетуге ыңғайлы жер екенін әңгімеледі. Француздар да өз ойларымен бөлісіп, жылы ілтипат танытқан облыс басшысына алғыстарын білдірді.

Ашық әңгіме кезінде француз тарабы жоғарыда аталған компаниялар жайында айтып, мүмкіндіктері мен жетістіктерін таныстырды. Жол қауіпсіздігін арттыруға қатысты нақты жобаларын да ұсынды. Белгілі болғанындай, олар аймақ жолдарына бірнеше стационарлық бейнебақылау камераларын орнату ойларында бар. Мамандарды да жұмыс жүйесімен оқытып беруге дайын. Филипп Мартинэ облыс аумағында жол-көлік апаттарының жиі болып тұратынынан да хабардар екенін жеткізді. Амандық Ғаббасұлы оны жоққа шығармай, аталған ұсынысқа қолдау көрсетуге әзір екенін айтты. Сондай-ақ, облыс әкімі осы мәселелер бойынша тағы да кездесу өткізіп, заман талабына сай озық үлгідегі камераларды алдағы жылдың бюджетіне енгізуге дайын екенін алға тартты. Француздар агроөнеркәсіп кешенінде де облыспен байланыс орнатқылары бар. Ірі кәсіпкер Темірхан Досмұхамбетовпен ет өңдеу, шұжық өндіру бағытында келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. «Loste» компаниясы инвестор болуға әзір. Елші, сондай-ақ, Францияның баламалы қуат көздерін дамыту саласында да тәжірибелі ел екендіктерін сөз етіп, тәжірибе алмасуға шақырды.

Филипп Мартин: «Амандық Ғаббасұлымен бірінші кездесуіміз емес. Ол өте іскер азамат. Басқосуда облыстың француз инвесторларымен бірлесе дамыта алар салаларын сараптадық. Екі ел Президенттері өткен жылдың қазан айында кездескен еді. Қазақстан мен Францияның үш бағытта тиімді қатынастар орнатуға мүмкіндіктері бар. Олар сандық экономика, баламалы қуат көздерін дамыту және ауылшаруашылығы саласы. Қазір Қазақстанның, соның ішінде Жетісу өлкесінің экономикасына инвестиция құйғысы келетін компаниялар бізде бар. Келесіде нақты іске көшетін боламыз деген сенімдемін», – деді журналистерге берген сұхбатында.

Аймақ басшысы, сондай-ақ, Жетісу жерінде Францияның «Ранжис» ірі көтерме сауда орталығының филиалын ашып, «Leroy Merlin» сауда желісін дамытуға қолдау көрсетуге әзір екендіктерін айтып, «Жетісу Инвест – 2019» форумы аясында да талай мәселенің талқыланатынын жеткізді. Жиын соңында қос тарап естелік суретке түсті.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА