"ЖҰМЫС БАСТАМАҚПЫЗ": ФРАНЦУЗДАР АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНАН ҚОҚЫС ПОЛИГОНЫН САЛАДЫ

Уақыты: 10.10.2019
Оқылды: 832
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ франциялық бизнес өкілдерімен кездесті. Онда заман талабына сай күл-қоқыс полигонын салу мәселесі сөз болды.

Басқосуда Амандық Ғаббасұлы шетелдіктердің жоба-жоспарларына құлақ асып, ұсыныстарын тыңдады. Алдымен «SUEZ» компаниясының аға вице-президенті Тимоти Каргилл өздерінің компанияларын таныстырды. «Қоқысты қайта өңдеу бойынша біздің компания әлемдегі көшбасшылардың бірі саналады. Зауыттарымыз көптеген мемлекетте бар», – деп аталған компания жайлы жан-жақты әңгімелеп берді. Сондай-ақ, олар өздерінің облысқа орналастыратын қоқыс полигондарының ерекшеліктеріне де тоқталды.

Француздардың сөзінше, жаңа қоқыс полигоны экологиялық талаптарды сақтайды әрі еуропалық талапқа сай негізделген. Мәселен, олар әртүрлі зиянды қалдықтардан шығатын улы заттардың жерасты суларына түспеуін ескерген. Жерге төгілген күл-қоқыстың ауаға тарамауы да қарастырылған. Тіпті, полигонның сыртқы келбетіне дейін мән беріліпті. Алдымен жиналған қоқыс сұрыпталады. Сөйтіп, қабылдаудан бастап, өнім беруге дейінгі аралықта жұмыс жүргізіледі. Олар электроэнергия, жылу жүйесі, парниктік газ. Осылайша, жобаның өзгешелігімен танысқан аймақ басшысы мұндай талап-тілекті қабылдауға ниетті екенін жеткізді. Өйткені, қазір облыста қоқыс мәселесі өзекті.

Осыған байланысты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бағлан Тәнекеновтің сөзіне ден қойған едік. Айтуынша, біздегі полигондар заман талабына сай емес көрінеді. Қазір облыс көлемінде жылына бір миллионға жуық тонна қоқыс шығарылады. Мұның бәрі аудан, қалалардағы типтік полигондарда орналасқан.

Мәселен, адам көп шоғырланған Қарасай ауданы Әйтей ауылындағы полигонға төрт жүз мың тоннаға дейін Алматы қаласынан шыққан тұрмыстық қатты қалдықтар төгіледі. Бүгінде аймақта қоқыстан шыққан шыны, қағаз, пластик сияқты бұйымдарды өңдейтін 16 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Яғни, осы кәсіпорындар арқылы күл-қоқыстың 24 пайызы өңделеді. Мұны ел бойынша жоғары көрсеткіш деуге болады. Алдағы уақытта аймақта қоқыс өңдеуді 30-50 пайызға жеткізу көзделуде.

Соңында «Енді, біз Қазақстанмен де жұмыс бастамақпыз. Облыс басшысы біздің айтқан ойымызды жылы қабылдады. Оған қуаныштымыз. Болашақта екі ел арасындағы қарым-қатынас нығаяды деп сенеміз»,– деді Тимоти Каргилл.

Облыс әкімі жаңа полигондарды халқы көп өңірге орналастыру қажет екенін айтты. Мәселен, оның біреуін облыс орталығының маңына, келесісін Алматы қаласының аумағына қоюдың тиімділігін назарға алып, осы мәселеге қатысты салаға жауапты тұлғаларға тапсырма берді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА