"КӘСІПКЕРЛЕРДІ СЕНДІРЕ АЛДЫҚ": КОРПОРАЦИЯ БАСШЫСЫ ЖЕТІСУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖАЙЛЫ СҰХБАТ БЕРДІ

Уақыты: 13.10.2019
Оқылды: 1173
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Кейінгі жылдары Үкімет ауылшаруашылығы мен кәсіпкерліктің кең қанат жайып, өркендеуіне ерекше көңіл бөліп келеді. Нәтижесі көңілге қонымды. Оған сала тамырына қайта қан жүгіріп, өрлей бастағаны дәлел. Бұған «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» өңірлік даму институты» акционерлік қоғамы басқармасының да қосып отырған үлесі қомақты. Сала бойынша қолға алынып, іске асырылып жатқан іс-шаралар жөнінде аталған басқарма төрағасы Талғат МАЛЫБАЕВ әңгімеледі.

– Талғат Жанболатұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өзінің қыркүйек айындағы Жолдауында экономикалық, саяси және әлеуметтік салалардағы бірқатар маңызды мәселелерді атап өтіп, Үкімет пен Парламентке тиісті тапсырмалар берді. Соның ішінде Президент ауылшаруашылығын қолдау тақырыбына жеке тоқталды. Осыған қатысты қандай ой қосар едіңіз?

– Президент Жолдауында ауылшаруашылығы біздің негізгі ресурсымыз екені аталып, үкімет пен аймақ әкімдеріне, фермерлерге өнімді өткізу мен ілгерілетуге көмектесу жөнінде тапсырма берілді. Қазіргі жағдайда агроөнеркәсіп кешені экономиканың қозғаушы күші болып қала береді. Сондықтан біз өткізу нарықтарын қамтамасыз ету жолында, жаңа агротехнологиялар мен стандарттарды енгізе отырып, агрокешеннің әлеуетін жақсартатын боламыз. Аграрлық-индустриялық аймақ болып саналатын Алматы облысы үшін бұл өте өзекті. Мемлекет басшысы қажетті құрылымдық өзгерістерді жүргізудің арқасында 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 5 пайызға және одан жоғары жыл сайынғы тұрақты өсуін қамтамасыз етуге болатынын айтып өтті.

Қалалар мен ауылдарды дамытудың негізі – шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау екеніне назар аударылды. Себебі, бизнес жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, бюджетті толықтырады және азаматтардың әл-ауқатын арттырады. Мемлекет басшысы қазіргі заманғы тиімді Мемлекет туралы айта келе мемлекеттік аппараттың қызметін жақсартуға, квазимемлекеттік сектордың қайтарымын арттыруға шақырды. «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының негізгі қызметі тиімділік пен бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған. Осы бағдарда мемлекеттік активтерді басқару және әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі жұмыстар жетілдірілетін болады. Президенттің бастамаларын қолдау үшін біз алдағы кезеңде де қызметімізді ашық әрі айқын жүргізіп, кәсіпкерлік қауымдастықпен диалог пен кері байланыс орнатуды жалғастыратын боламыз.

– Жалпы, «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қалай құрылды және бірінші кезектегі міндеттері қандай болды?

– Елімізде алғаш рет әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құру туралы идеяны Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылғы наурызда өзінің жыл сайынғы Жолдауында көтерген  болатын. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы еуропалық корпорациялардың баламасы болып, бірқатар мемлекеттік активтерді біріктіретін және жергілікті жерлерде бизнес бастамаларды дамытатын өңірлік даму институты ретінде қызмет атқарады деп ойластырылған. Осылайша облыстарда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы  құрыла бастады.

Президенттің 2007 жылғы 20 сәуірдегі Жарлығымен «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы құрылды. Біздің басым бағыттарымыз ретінде агроөнеркәсіптік кешен, индустриялық аймақтар, жасыл энергетика, жер қойнауын пайдалану және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру салалары белгіленді. Он екі жыл ішінде «Жетісу» ӘКК берік негізі қаланған әрі тиімді даму институты болып қалыптасты деп сенімді түрде айта аламын. Осы уақыт аралығында бірнеше мыңнан аса кәсіпкер корпорацияның қолдау құралдарын пайдаланып, шапағатын көрді. Ауылшаруашылығының даму қарқыны жаңа деңгейге шықты.

Қазіргі уақытта қызылша бағыты бойынша 29 сервистік-дайындау орталығы жұмыс істейді. Оларға лизинг бойынша 603 бірлік техника берілді. Соңғы 4 жылда шикізат базасы құрылып, салаға 700-ге жуық ауылшаруашылығы құрылымдары тартылды.


 – «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына аймақтың қант саласын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі маңызды міндет  жүктелді. Соңғы жылдары егіс алқаптары көлемінің  артуы мен қызылшаның рекордтық өнімі байқалуда. Бұл алға қойылған жоспарлардың толық орындалғаны ма?

– Көпке мәлім, 2014 жылдың тамыз айында облысқа жасаған жұмыс сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жетісу өңір басшылығына елдің қызылша өсіретін жетекші аймағы ретіндегі бұрынғы даңқын қайта жандандыруға тапсырма берді. Осы мақсатта облыс әкімі Амандық Баталовтың басшылығымен ауқымды жұмыстар жүргізіліп, қызылша өсірушілерге жан-жақты қолдау көрсетілді. Нәтижесінде мемлекеттік субсидиялар бөлініп, ауылшаруашылығы техникасы, элиталық тұқымдар, гербицидтер сатып алынды. Бірінші кезекте біз ауылшаруашылығы құрылымдарын сервистік-дайындау орталықтарына біріктіре бастадық. Кәсіпкерлерді шоғырландыра отырып, үлкен табысқа жетуге болатынына сендіре алдық. Нәтижесінде, шаруалардың үміті ақталды.

Қазіргі уақытта қызылша бағыты бойынша 29 сервистік-дайындау орталығы жұмыс істейді. Оларға лизинг бойынша 603 бірлік техника берілді. Соңғы төрт жылда ши­кізат базасы құрылып, салаға 700-ге жуық ауылшаруашылығы құрылымдары тартылды. Қант қызылшасына арналған егіс көлемі 14 мың гектарға дейін жеткізілді. Есіңізде болса, 2014 жылы қант қызылшасының егістік алқабы небары 1200 гектар болса, 5 жыл ішінде тәтті түбірге арналған алқап көлемі 11,5 есеге жетті. Сөйтіп, қызылша өнімінің жалпы жиыны 18 есеге артты. Былтыр қызылша өсірушілер 450 мың тоннадан аса өнім жинап, одан 42 мың тонна қант өндірілді. Биыл қызылша өсірушілердің болжамы бойынша рекордтық өнім жиналады деген сенім бар.

Осы аралықта қант қызылшасын өсіру Жетісу жерінде басты ауылшаруашылығы өніміне айналды. Осы бағалы дақылды өсіру ісімен айналысудың табысты екеніне кәсіпкерлердің көзі жетті. Себебі, олар үшін қаржы лизингі мен субсидиялар түріндегі мемлекеттік қолдау бар, өткізу нарықтары ашық. Мысалы, Германияда қант қызылшасы әр шаруашылықтың тұрақтандырушы факторы болып саналады. Өйткені, жыл сайын азды-көпті қаражатпен қамтамасыз етеді. Зерттеулерге сүйенсек, қызылша осы елдегі ең тиімді дақылдың бірі саналады. Жалпы, Еуропалық одақтың әлем бойынша қанттың ең ірі өндірушілерінің бірі екенін ескеру керек. Облыстың қант саласын жаңғырту бағдарламасы енді қарқын алып келеді және алда талай асу бар екенін білген абзал.

– Мол өнім алудың негізі – сапасы жоғары тұқым екені белгілі. Ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерді қандай тұқыммен қамтамасыз етесіздер?

– Қант қызылшасын өсіру және оның өнімділігі ауа райы жағдайына, технологиялардың сақталуына, заманауи техниканың болуына, тыңайтқыштардың уақытылы енгізілуіне, сондай-ақ, сапалы тұқымға тікелей байланысты. 2015 жылдан бастап «Жетісу» ӘКК тәтті түбір тұқымының жетекші өндірушілерімен әріптестік орнатты. Облыста қызылша алқаптарының 90 пайыздан астамы «Maison Florimond Desprez» француз компаниясының, «Strube D&S» неміс кәсіпорнының және «Maribo» атты Дания елі өндірушісінің тұқымдарымен себіледі. Бұл кәсіпорындардың тұқымдарды селекциялау, өндіру және сату бойынша жүз жылдан аса тәжірибесі бар. Халықаралық деңгейде жетекші компаниялар есептеледі.

Бүгінгі таңда «Жетісу» ӘКК 700-ге тарта ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін жоғары сапалы тұқыммен қамтамасыз етіп отыр. Бес жыл ішінде 60,7 мың дана егіс тұқымы берілді. Нәтижесі жаман емес. Мысалы, бұрын қызылша өсіретіндер гектарынан 240 центнерден өнім алса, бірінші будандарды қолданудың арқасында өнімділік көлемі 400 центнерге дейін артты. Жетекші шаруашылықтар гектарынан 700-900 центнерге дейін өнім ала бастады. Бірақ, мұнымен тоқтауға болмайды. Мәселен, сол еуропалық елдерде қант қызылшасының рекордтық өнімі гектарынан 700-ден 1200 центнерге дейін барады.

Өткен жылы біз пилоттық жүйеде Райымбек ауданында картоп сұрыптарын жаңарттық. Кезінде Нарынқол картобы өзінің тамаша дәмі, төзімділігімен танымал болды. Голландиялық «Agrico B. V.» компаниясының «Санте» және «Агрия» сорттарын сатып алып, 90 гектар жерге тұқым егілді. Орташа өнімділік гектарынан 30 тоннаны құрады. 2020 жылға қарай ауданның барлық тауарлы шаруашылықтарын жалпы көлемі 4,5 мың гектар аумаққа бірінші және екінші репродукциялы тұқымдармен көбейту және қамтамасыз ету мүмкіндігі бар. Қазір ауданда картоп өңдеу және крахмал жасау зауытын құру туралы ұсыныс келіп түсті.

2011 жылдан бүгінге дейін корпорацияның қолдауымен әртүрлі бағыт бойынша 45 сервистік-дайындау орталығы құрылды, оның ішінде қант қызылшасы, дәнді дақылдар, көкөніс, жүгері, күріш пен картоп өсіру, жемшөп дайындау бағыттары бар. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы техникасын қаржы лизингіне беруге қолдау көрсетілді. 


– Өздеріңіз білесіздер, алдыңғы жылы 10 жыл бойы тоқтап тұрған Ақсу қант зауыты іске қосылды. Оны қалпына келтіру мен жаңғыртуға біраз қаражат жұмсалды. Енді кәсіпорын қай кезден бастап толық қуатында жұмыс істейді? Осы туралы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Ақсу қант зауытын жаңғырту жоспары стратегиялық маңызды жобалардың бірі. Қазақстандағы қант саласының жаңа тарихында Ақсу зауыты мемлекеттің қолдауымен толық қалпына келтірілген жалғыз кәсіпорын деуге болады. Шынымен де қант зауытының жұмысы Ақсу өңірі мен жақын орналасқан аудандарының екінші тынысын ашты. Жаңа шаруашылықтар мен сервистік-дайындау орталықтары құрылып, олар қызылша шаруашылығымен белсенді айналыса бастады. Осының бәрі қосымша жұмыс орындарының пайда болуына, бюджетке салық түсімдерінің өсуіне ықпал етті. 2020 жылдың соңына дейін кәсіп- орын жаңғыртудың екінші кезеңін аяқтап, толық өндірістік қуаттылыққа көшеді. Бұл бір маусымда 300 мың тонна қант қызылшасы қабылданып, одан 35 мың тонна қант шығарылады деген сөз.

Осының арқасында кәсіпорын Қазақстанда көшбасшы орынға шығады. Қазіргі уақытта азық-түлік бөлімшесі кеңейтілді. Ендігі кезекте сығындыны нығыздау-орау бөлімшесі, жаңа кептіру бөлімшесі іске қосылып, қаптау цехы кеңейтіледі. Шикі қантты қабылдау және өңдеу терминалының құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, Қазақстанда алғаш рет қанттың шығуын көтеруге, өндірістік желі арқылы өнімділікті арттыруға және жемшөп нарығында жаңа өнім алуға мүмкіндік беретін қызылша сығындысын нығыздау технологиясы енгізілетін болады.

– Сервистік-дайындау орталықтары тақырыбына қайта оралсақ. Бүгінгі таңда қанша орталық құрылды және олардың жұмысын қалай бағалайсыз?

– Сервистік-дайындау орталығы кәсіпкерлер белсенді қолданатын тиімді құралға айналды. Сервистік-дайындау орталықтарын әлеуметтік жоба деуге болады. Себебі, кәсіпкерлерге жеңілдетілген шарттар бойынша қымбат заманауи техниканы ұсынып келеді. 2011 жылдан қазіргі уақытқа дейін біздің қолдауымызбен әртүрлі бағыт бойынша 45 сервистік-дайындау орталығы құрылды, оның ішінде қант қызылшасы, дәнді дақылдар, көкөніс, жүгері, күріш пен картоп өсіру, жемшөп дайындау бағыттары бар. Біздің тарапымыздан ауылшаруашылығы техникасын қаржы лизингіне беруге қолдау көрсетілді.

Аталмыш орталық үшін 9,3 миллиард теңгеге мыңнан аса ауылшаруашылығы техникасы берілді. Яғни, біз шаруашылықтардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, жаңарттық. Өз кезегінде, бұл шаруалардың шығындарын бірнеше есеге азайтты. Сонымен қатар, бұл орталық жергілікті жерлерде жаңа жұмыс орындарының құрылуына, аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға әсер етті. Мәселен, 700-ден аса тұрақты және 12 мың маусымдық жұмыс орны құрылды. Осы шаралардың бәрі кешенді түрде қажетті мультипликативті әсер берді деп ойлаймын.

12 жыл ішінде «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының берік негізі қаланып, тиімді даму институты болып қалыптасты. Осы уақыт аралығында бірнеше мыңнан аса кәсіпкер корпорацияның қолдау құралдарын пайдаланып, шапағатын көрді.


– Аталған корпорацияның басқаруына Іле ауданында «Береке» және Талғар ауданында «Қайрат» атты екі индустриялық аймақ берілді. Осы аумақтарда қазір қандай жұмыстар жүргізіліп келеді?

– Бұл инвестициялық жобаларды іске асыратын іргелі аудандар. Индустриялық аймақтар Алматы қаласының маңында орналасқандықтан логистикалық жағынан өте ыңғайлы. Қазіргі таңда индустриялық аймақтар аумағында инфрақұрылым құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол аяқталысымен аяқкиім өндірісі, өсімдіктерді қорғау құралдарын шығару, құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу зауыты, жылыжайлар, тағы басқа да жаңа кәсіпорындар іске қосылатын болады. Бүгінгі таңда индустриялды аймақтарға жобаларды жүзеге асыру бойынша 31 бизнес-өтінім келіп түсті, оның 23-і облыстық Өңірлік үйлестіру кеңесінің және ӘКК Директорлар кеңесінің шешімімен мақұлданды. 19 қатысушымен жер телімін беру жөнінде келісімшарт жасалды.

Индустриялық аймақтарда жоспарланған жобаларды іске қосқан жағдайда 169,9 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйылып, 2,6 мыңнан аса жұмыс орны ашылады. ӘКК осы жобаларды толық сүйемелдейді. Инвестжобаларды жүзеге асыру туралы айта келе жасыл энергетика саласындағы екі жобаны атап өткім келеді. Бұл – Еңбекшіқазақ ауданындағы қуаты 50 МВт. жел электр стансысы. Ол бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындық жүргізілуде.  Сонымен бірге Жамбыл ауданындағы қуаты 100 МВт. болатын күн электр стансысының техникалық- экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Екі жобаның инвестициялық көлемі 71,3 миллиард теңгені құрайды. Нысандарда отыздан аса жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

– Кәсіпкерлер «Жетісу» ӘКК-нен тағы қандай жобаларды іске асыруға қолдау ала алады?

– Бұдан әрі біз агроөнеркәсіптік кешенді қаржылық лизинг түрінде, оның ішінде қайта өңдеу кәсіпорындарын, тауарлы-сүт фермалары мен бордақылау алаңдарын қолдауды жалғастырамыз. Мысалы, 2017 жылы Көксу ауданында тауарлы-сүт фермасын аштық. Бұл ірі қара малдың голштин-фриз тұқымының 400 басына арналған заманауи жоғары технологиялық роботтандырылған ферма. Ең үздік еуропалық стандарттарға сәйкес келеді. Инвестициялық жобаның құны 1 миллиард 757 миллион теңгені құрайды. Оның басым бөлігі бюджет қаражаты.

ӘКК тарапынан технологиялық жабдықтар, ауылшаруашылығы техникасы және асыл тұқымды ірі қара мал сатып алынып, әрі қарай лизингке берілді. Қазіргі уақытта фермада бір бас ірі қара малдың орташа тәуліктік сауылымы тәулігіне 25-30 литрді құрайды. Өнім облыстың «JLC Сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүт өңдеу кәсіпорнына жеткізіледі. Бүгінде фермада маусымдық жұмыстарды есепке алғанда жүзден аса адам еңбек етеді. Жақында сиыр қорасы мен жемшөп цехы және сүрлем траншеясы салынады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан - Айгүл БАЙБОСЫНОВА