ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТЕКСТИЛЬ ШЫҒАРЫЛМАҚ: АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 17.10.2019
Оқылды: 667
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Талдықорған қаласында қара сора өсімдігін (конопля) өңдеп, экспортқа шығаратын өндіріс орны ашылады. Бұл туралы облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ отандық инвесторлармен кездесуінде белгілі болды.

Yessenov Lab жоғары ғылыми техникалық орталығының директоры Сұлтан Құнәділовтің айтуынша, қара сорадан алынатын жіп өзінің беріктігі әрі сапалылығымен ерекшеленеді. Оларды медицина, құрылыс саласында және жиһаз, киім өндірісінде қолданады. Айта кетерлігі, ғылыми орталықтың АҚШ-тағы тоқыма ісімен айналысатын серіктестері бар.

Инвестор компания бірінші кезекте облыста қара сора талшығынан жасалған текстильді қайта өңдеу зауытын ашуды көздейді. Тауар болашақта Қытай мен Еуропа елдеріне экспортталады. Осыған байланысты жалпы ауданы 2 мың шаршы метрді құрайтын ғимарат сатып алу немесе жалға берілетін орын қажет. Одан кейінгі кезеңде компания өзінің шикізатын өндіруді бастайды. Ал бұл үшін суармалы жер керек.

Инвестор компания өкілдерінің баяндамасын тыңдаған Амандық Ғаббасұлы өндіріс орнын Талдықорған қаласында ашуды ұсынды. Сондай-ақ, Талдықорған қаласы әкімі орынбасарына лайықты ғимарат тауып беруді тапсырды. Ал жер мәселесіне қатысты кооперация аясында аймақ аграрларымен бірлесе шешу қажеттігін жеткізді.

Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров қара сораны қандай жерде өсіру жайлы және климаттық жағдайына қатысты толыққанды ақпарат беруді ұсынды. Содан кейін барып аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес 1-2 мың гектар суармалы жер бөлу мүмкіндігі қарастырылады.

Кездесуді қорытындылаған Амандық Ғаббасұлы өз орынбасарлары Серікжан Бескемпіров пен Жеңіс Тұяқовқа жобаны жүзеге асыруға қатысты тапсырмалар жүктеді.

Еңлік ҚАБДЕШ

Сурет ғаламтордан алынды