БОС ЖЕРДІ ҚАЛАЙ БІЛЕМІЗ? УАҚЫТТЫ ҮНЕМДЕЙТІН ЖАҢА ЖОБА

Уақыты: 18.10.2019
Оқылды: 1574
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жетісу өңіріндегі бос жерлер туралы мәліметтерді енді азаматтар үйінде отырып-ақ ала алады. Яғни, арнайы жасалған, интернет желісіне салынатын жер телімдерінің деректерін іздестірген жан оңай тауып, өзіне қажетті жер телімдерін алуға мүмкіндігі артады. Мұндай пікір облыстық әкімдіктің жанындағы «Жетісу – адалдық алаңы» кабинетінде өткен таныстырылым кезінде айтылды.

Облыс әкімі Амандық Баталов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Данияр Тұрғанбаев, қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан алқалы жиынды «Жетісу – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Аманжол Жазықбаев ашып, жүргізіп отырды.

Күн тәртібінде қаралған жалғыз мәселе – «Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру – Өңірлік геоақпараттық жүйесін енгізу туралы» деген тақырып болды. Тақырыпқа қатысты облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Қуанышбек Қашқымбаев баяндама жасап, жаңа жобаның тиімділігін таныстырды.

– Өңірлік геоақпараттық жүйе ең алдымен барлық салалық деректер мен кадастрлардың базаларын біріктіруге қолайлы. Әрі жер қатынастары саласындағы бір жылдық мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін 30 күнге, 100 күндік сәулет және қалақұрылысы бойынша мемлекеттік қызмет мерзімін 10 күнге қысқартады, – деген Қуанышбек Қалиұлы жаңа жобаға кіретін мемлекеттік қызмет түрлерін де таныстыра кетті. – Жер қатынастары саласындағы пилоттық жоба ретінде 15 мемлекеттік қызметті автоматты режимде облыстық маңызы бар Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалаларында енгізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, мемлекет жекеменшікке сататын нақты жер телімінің кадастрлық (бағалау) құнын бекіту, жер телімдерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын, жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру, іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер телімін пайдалануға рұқсат беру, суармалы егістікті суарылмайтын алқап түрлеріне ауыстыруға шешім беру, елді мекен шегінде нысан салу үшін жер телімін беру сынды халыққа аса қажетті мемлекеттік қызметтерді оңай алуға болды. Тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін тиімді Өңірлік геоақпараттық жүйе алдағы жылы пайдалануға беріледі. Оған дейін толықтыру жұмыстары жүргізіледі.

Яғни, интернет желісі арқылы жұмыс істейтін Өңірлік геоақпараттық жүйе көпшіліктің көңілінен шығатын кез алыс емес. Осыған байланысты таныстырылым кезінде баяндамашыға сұрақ қойып, мәселенің ұғынықты болуы үшін кейбір жайттарды тарқатып отырған Амандық Ғаббасұлы жұмысы 5 жыл бойы жүріп келген электрондық карта негізінен жер қатынастары, сәулет және қалақұрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, ауылшаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы жұмысты автоматтандыруға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, Жетісу жерінде қолға алынған жоба ең алдымен адамдардың алтын уақытын үнемдеуге және өңірдегі сыбайлас жемқорлық деректерін болдырмауға мүмкіндік береді.

Жаңа жоба – электрондық картаны жетілдіру үшін облыстық бюджеттен бөлінген 20 миллион теңгеге мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі МЖК ААЖ (жер қоры), сәулет және қалақұрылысы (бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жобалау жоспары), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым), құрылыс (жеке тұрғын үй құрылысы үшін дайындалған алаңдар) жайындағы деректердің басын қосатын геопортал сатып алынған. Қазір Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалаларында аэрофототүсірілім жұмыстары жүргізіліп, топографиялық деректері жинақталуда.

Мәди АЛЖАНБАЙ