ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС: КӨМІР БАҒАСЫ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕ КӨТЕРІЛДІ

Уақыты: 23.10.2019
Оқылды: 2371
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облыстық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында 2019-2020 жылдардың қысына дайындық жұмыстарының нәтижесі қаралып, осы жайтқа қатысты өзекті мәселелер талқыға салынды. Алқалы жиынды облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Әлихан ТОЙБАЕВ жүргізді. Алдымен тақырыпқа қатысты есеп беру үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бағлан ТӘНЕКЕНОВ баяндама жасады.

Баяндамашының айтуынша, биылғы жылыту маусымына бюджеттен бөлінген 10,3 миллиард теңгенің басым бөлігі, шамамен 7,8 миллиард теңгесі көмір, мазут, солярка секілді жанармай мен отынға жұмсалды. Алынған отын жоспар бойынша ауруханаларға, мектептер мен балабақшаларға жеткізілді. Осылайша облыстағы әлеуметтік саланың 869 нысаны көмірмен толық қамтамасыз етілді. Одан бөлек, қысқа дайындық кезінде 33 автономды пеш күрделі жөндеуден өткізілсе, олардың ішінде 14 пештің құрылғысы табиғи газ бен пеллетке лайықталып жасалды. Сонымен қатар, жылыту жүйелерін жөндеу 100 пайызға жүргізіліп, 14,8 километр магистралды құбыр ауыстырылды.

Қысқы маусымға электрстансылары мен электршаруашылық саласын дайындап үлгерген коммуналдық шаруашылық мамандары көппәтерлі тұрғын үйлерді толық тексеруден өткізген. Соған байланысты тексеруден өткен 3,5 мыңнан астам үй дайындық паспортын алған. Ал, жекелеген үйлерде тұратындарға биыл шамамен 1,4 миллион тонна көмір қажет. Қазір соның 966,5 мың тоннасы тұрғындарға жеткізілсе, қала қорында 109,5 мың тонна көмір бар.

Осындай мәліметтерді келтірген Бағлан Сағындықұлы өңірдегі табиғи газбен қамтамасыз ету ісінің нәтижесіне тоқталып, бұл мақсатқа бюджеттен 7,3 миллиард теңге бөлінгенін атап өтті. Соған орай Алматы – Талдықорған, Талдықорған – Текелі бағыттарында магистралды газ құбыры тартылып, өңірдің 15 ауданына қарайтын 144 ауылға "көгілдір отын" жеткізілді. Биыл Үштөбе, Бақанас, Сарыөзек автоматтандырылған газтарату стансылары пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Үшарал қаласына жеткізілетін, ұзындығы 224 километрге тең газ құбырының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда.

Шекаралық аудандарды газдандыру жұмыстары жоспарланып, «Кеген» автоматты газ тарату стансысына байқау өткізу шаралары басталды. Ал, 2016 жылы басталған облыс орталығын газдандыру жұмыстарының үшінші кезеңі толық аяқталып, 54 мың абоненттің 6,7 мыңы және 23 коммуналдық шаруашылық газға қосылды. Алдағы 2020-2021 жылдары облыс орталығы газбен толық қамтамасыз етіледі.

Қоғамдық кеңестің мүшелері теміржол қоймалары мен тұйықтарына жеткізілген көмірдің бағасына қатысты сұрақтарын қойып, бір тонна көмірдің құны 13,5-14 мың теңгеге өскенін мәселе етіп көтерді. Өйткені, бұл бағаның ішіне көмірді тасымалдау, бөлшек саудаға шығару құны кіргізіледі. Бүгінгі күні облыстағы көмір сататын жүзге жуық орынның бәрінде көптеген заңбұзушылық орын алған.

Атап айтқанда, көмір қоймаларға уақытында жеткізілмейді, кейбірінде көмір саудасына рұқсат беретін құжаттары болмайды. Өңірде көмір жеткілікті болғанына қарамастан тұрғындар көмір сатып алуға асығар емес. Себебі, көмірдің бағасы көпшіліктің қалтасына сай келмейді, қымбат. Көмір салмағын өлшейтін кейбір жүк таразыларының болмауы көпшіліктің көңілін алаңдатады.

Осыған байланысты заңсыздықтарды жою туралы хат құзырлы органдарға жіберілді. Қоғамдық кеңес мүшелерінің айтуынша, биыл Ақсу және Сарқан аудандарындағы көмірдің бағасы тоннасына 19-23 мың теңгеге жеткен. Осы қымбатшылықты болдырмаудың жолын қарастырған Қоғамдық кеңес отырысы кәсіпкерлер мен аудан әкімдіктері арасында жанар-жағармайды субсидиялаған тиімді деп тапты.

Жиында, сондай-ақ, облыс әкімдігінің №110, №584 қаулылары жария талқыланып, көпшілік қолдауына ие болды.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Сурет ғаламтордан алынды