"ТАЗА КҮЙІНДЕ ТИЕЙДІ": ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫ ҚАЛДЫҚСЫЗ ӨҢДЕЛЕДІ

Уақыты: 08.11.2019
Оқылды: 995
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Көксу ауданында болып, өңірдегі қант қызылшасын жинау мен өндіру жағдайымен танысты. Сондай-ақ, аудан тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді.

Биыл ауданға 2100 гектар егістікке қант қызылшасы себілген. Бүгінге дейін соның 1800 гектары жиналып, қант зауытына өткізілуде. Өнімді жинау барысымен танысу үшін облыс басшысы атбасын Ақшатоған ауылына қарасты «Айдын» шаруа қожалығының алқабына бұрды. Айта кетерлігі, басқа шаруаларда орташа өнімділігі 250-380 центнерден айналса, аталған қожалықта бұл көрсеткіш – 700 центнер шамасында. Бұл жөнінде Амандық Ғаббасұлы:

– Алғашында біз шаруа қожалықтарын қант қызылшасын өсіруге жаппай тартып, барлығына бірдей жағдай жасадық. Тәтті түбірді өсірушілерге жыл сайын субсидия беріледі. Одан бөлек, жанар-жағармай жеңілдікпен саудаланады. Соңғы жылдардың өзінде қант қызылшасын өсіруге бағытталған 120 заманауи техника сатып алынды. Франция, Дания, Германиядан тұқым сатып алып бердік. Өнімділікті арттыруға барлық жағдай туғызып, жол ашып отырмыз. Соған қарамастан кейбір қожалықтар әлі күнге дейін тәтті түбірді гектарынан 200-250 центнерден асыра алмай отыр. Қант қызылшасы талмай еңбек етуді, үздіксіз баптауды қажет етеді. Сол себепті енді кімнің еңбек өнімділігі жоғары, соларға ғана қолдау көрсетіледі. Сұрыптау жасауымыз керек, – деді.

Шаруашылықтың егістік алқабына себілген тұқымның агро ерекшеліктері туралы ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты Әбілқайыр Бексұлтанов баяндады. Сарапшының айтуынша, Франция, Германия, Даниядан алынған тұқымның қанттылығы 17 пайызға дейін жеткен. Одан бөлек, KWS компаниясының өнімі өнімділігімен ерекшеленетіндігін жеткізді.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан далада еңбек қызу. Алқаптағы жиын-терін жұмысы аяқталуға жақын. Осы туралы егжей-тегжейлі қожалық жетекшісі Айдын Дүйсенбинов айтып берді.

– Қазіргі уақытта қожалықтың соңғы алқабының өнімі жиналу үстінде. Облыс әкімдігінің қолдауының арқасында алынған заманауи комбайндар қызылшаның трактор тіркемесіне масақ қалдырмай, топырақсыз, тассыз, бірден таза күйінде тиейді. Бұл жұмыс тиімділігін бұрынғыдан да арттыра түсті. Биылғы егін науқанына 285 гектар жерге тәтті түбір тұқымы себілді. Әр гектарынан 650 центнерден айналуда, – дей келе, 4 шаруашылық біріккен кооперативтің де көрсеткішіне тоқталды.

Келесі кезекте аймақ басшысы Көксу қант зауытының жұмысымен танысты. Амандық Ғаббасұлы кәсіпорындағы өндіру цехтарына кіріп, қант дайындау процесін көрді. Зауытқа Көксу ауданынан бөлек, Ескелді, Қаратал аудандары және Қапшағай, Талдықорған қаласынан да тәтті түбір өткізілуде. Бүгінде зауыт алдында 200 мың тонна өнім жиналып үлгерген. Кәсіпорын директоры Алтынбек Абатов:

– Қант зауыты тәулігіне 2 мың тонна шикізат өңдеуде. Бүгінге дейін 11 мың тонна қант шығардық. Тағы да айта кетерлігі, бұрын мазутты қолданып келгенбіз. Енді толықтай табиғи газға көштік. Соның нәтижесінде ақша үнемделіп, зауытты модернизациялап, жаңадан өңдеу техникаларын сатып алуға мүмкіндік туды. Мысалы, бұрын 80 тонна мазут кететін, енді 80 мың кубо метр газ пайдаланамыз. Мазуттың 1 тоннасы 110 мыңнан екендігін есепке алғанда әжәптәуір қаржы үнемделінді, – деген ол кезек күттіру мәселесі жоғын жеткізді.

Өз кезегінде облыс бойынша бекітілген жоспарға тоқталған аймақ басшысы өнімнен қалған жомды да қайта өңдеу мәселесін қозғады. Оның айтуынша, өнімнен кейін 80 пайыз жом қалады. Ол – мал шаруашылығына таптырмас азық.

– Биылғы жылы облыс бойынша 14 мың гектарға қант қызылшасын септік. Шамамен 500-520 мың тонна өнім алып, одан 50-52 мың тонна қант шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Алқаптардағы жиын-терін жұмыстары 10-15 күнде аяқталады. Көксу, Ақсу қант зауытын модернизациядан өткіздік. Ресейден, Қытайдан, Чехиядан және тағы басқа елдерден құрал-жабдықтар жеткізіліп, орнатылды. Жалпы, қызылшаны өңдегенде 80 пайыз сығынды қалады. Сондықтан шыққан жомды мал бордақылау алаңдарына тиімді пайдалану үшін осы екі зауытқа жомды кептіріп, арнайы қаптайтын құрал-жабдық орнатудамыз. Қапталған күйінде ол 2 жылға дейін жарамды. Шаруалардан тапсырыс түсіп жатыр, – деген Амандық Ғаббасұлы алдағы уақыттағы жоспарымен бөлісті.

Қант зауыты тек маусымдық кезеңде ғана 3-4 ай жұмыс істейді. Қалған уақытта бос тұрмау жағы да қарастырылған. Яғни, Бразилиядан шикізат әкелініп, қамыс қантын шығарады. Осылайша облыс жылына 300 мың тонна қант өндіруге қол жеткізбек. Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан 50 пәтерлік баспананың құрылысымен танысты. Жалгерлік үй желтоқсан айының 16-ы қолданысқа берілмек. Әзірге құрылыс жұмыстары 87 пайыз аяқталған. Аудан әкімі Алмас Әділдің айтуынша, кезекте тұрған 70 жанға пәтер кілті табысталады. Тексеріс кезінде Амандық Ғаббасұлы мердігер компания «Стройсервис ИНК» ЖШС өкілдеріне бірнеше ескерту жасады. Ол баспалдақ аралықтарын монтаждау кезінде бетон косоурларын қолдануды тапсырды. Өйкені, ол металға қарағанда мықты әрі ұзақ жыл қызмет етеді.

Компания жобаны жаз айында қабылдап алған. Құны – 619,5 млн. теңге. Пәтерлердің ауданы 3,9 мың шаршы метрді құрайды.

Соңынан «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың талап-тілегін тыңдады. Мысалы, Балпық би ауылының тұрғыны Дәмет Мейрманова көпбалалы ана ретінде баспанаға кезекте тұр. Мүмкіндігі шектеулі бір бала тәрбилеп отырған ана кезекте 270-ші. Аймақ басшысы өңірлік тұрғын үй инспекциясына аталған сұрақты қадағалауды тапсырды.

Ал бір ауылдың жүгін арқалай келген Роза Тәнекенова: «Айнабұлақ ауылындағы фельдшерлік-амбулаторлық нысан өте ескі. 1934 жылы салынған. Сол уақыттан бері ешқандай күрделі жөндеу жұмыстары жасалынбады. Ағаштан жасалған қабырға, төбесіне күрделі жөндеу жасауға келмейді де. Онымен қоса электр, су, кәріз жүйесін толықтай ауыстыру қажет. Сіз тұрғындарды қабылдайды дегенді әлеуметтік желіден оқып, арнайы келдім. Таң ата кешігіп қалмайын деп такси жалдап, жолға шықтым. Амбулаторлық пунктте төбесі құлап кетер ме деген үреймен ем-дом қабылдаймыз», – деді.

Мұқият тыңдаған Амандық Ғаббасұлы экспертиза жұмыстары біткенін, 2020 жылы жаңа амбулаторлық нысанның құрылысы басталатындығын жеткізді. Оған бюджеттен 194 млн. теңге бөлінген.

Қаратал ауылында бастауыш сынып қана бар. Балаларды ары қарай оқыту үшін Балпық би ауылындағы Б.Құндақбаева және М.Құрманов атындағы орта мектепке апарады. Бұл – зейнеткер Айтқали Қуанбаевтың талап-тілегі. Сауалға білім басқармасы өкілінің айтуынша құрылыс жұмысы 2021 жылға жоспарда екенін жеткізді. Өз кезегінде облыс басшысы уақыт созбай, құрылыс жұмыстарын келесі жылы бастауды жүктеді. Елді мекенге 120 орындық жаңа мектеп салынады.

Көпті толғандырған мәселенің көпшілігі баспана, жол, құрылысқа қатысты болды. Амандық Ғаббасұлы барлығының тілегін асықпай тыңдап, әлеуметтік мәселелерді талқылап, мекеме басшыларына тапсырма берді.

Еңлік ҚАБДЕШ

Фото - Дмитрий ЕРОФЕЕВ

Көксу ауданы

Алматы облысы