"ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІЛУДЕ": ХАЛЫҚҚА ЕҢ ҚАЖЕТ БАҒДАРЛАМАНЫҢ МЕРЗІМІ ҰЗАРТЫЛДЫ

Уақыты: 09.11.2019
Оқылды: 780
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы және бизнесті қолдаудың 2025 жылға дейінгі жаңа тәсілдері, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында атқарылған жұмыстар қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыстар және бағдарламаның алдағы бес жылдық кезеңге арналған жобасы туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, бизнес жүргізу негіздеріне оқыту және кәсіпкерлерге ақыл-кеңес беру туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов баяндады.

– Осы жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында шағын және орта бизнес рөлін күшейту және оның ел экономикасындағы үлесін 2025 жылға қарай кем дегенде 35 пайызға жеткізу міндетін қойды. 2050 жылы біз 50 пайыз көрсеткішке жетуіміз керек. Аталған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр, соның ішінде заңнамаға өзгерістер енгізілуде, – деді А.Мамин.

2015 жылдан бастап бағдарламаны жүзеге асыруға 282 млрд. теңге бөлінді. Енді жаңа «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында бір жарым есе көп қаражат – 421 млрд. теңге қарастырылған.

Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне қараша айының соңына дейін «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырды. Ал «Атамекен» ҰКП және «Даму» АҚ-мен бірлесіп, кәсіпкерлер арасында жаңа бағдарламаның тәсілдері мен мүмкіндіктері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жүктеді.

Селекторлық жиын барысында «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру барысы қаралды. Аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Премьер-Министрдің орынбасары Р. Скляр баяндады. Ал, өңірдегі жағдай туралы облыс әкімі Амандық Баталов хабарлама жасады.

– Аймақта барлығы 732 ауыл бар, облыс халқының 80 пайызы ауылды жерлерде тұрады. Өңірлік стандарттарды енгізу үшін 151 тірек және 316 серіктес ауыл іріктелінді. Бұл 457 ауылда өмір сүру және инфрақұрылым сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Жоба аясында 7 аудан орталығын қамтитын Жансүгіров, Бақанас, Қарабұлақ, Ұзын-ағаш, Сарыөзек, Балпық би, Шонжы ауылдарында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды салу және жөндеу бойынша 44 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешен құрылысы, 2 аудандық орталық аурухана, 6 білім беру нысаны, 32 сумен, жылумен жабдықтау, кәріз, абаттандыру және кент ішіндегі жолдарды жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жобаны жүзеге асыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 6,5 млрд. теңге бөлінді, – деді аймақ басшысы.

Үкімет басшысы «Ауыл – ел бесігі» жобасын қаржыландыруды ұлғайту туралы ұсыныстарды енгізуді, жылдар бойынша топтастырып және қажетті қаржыландыру көлемімен тірек және спутниктік ауылдық елді мекендердің тізімін қайта қарауды, сондай-ақ, ағымдағы жылдың соңына дейін 2020-2026 жылдарға арналған жаңартылған жоба дайындауды тапсырды.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселеде ҚР Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспары қаралды. Әділет вице-министрі Н.Пан Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспарының жобасы Елбасы Н.Назарбаевтың стратегиялық нұсқаулары мен Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмаларын ескере отырып әзірленгенін атап өтті. Бұл орайда Үкімет басшысы Әділет министрлігіне салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, енгізіліп жатқан заң жобасының сапасына назар аударуды тапсырды.

Е. МАРХАБЕКҚЫЗЫ