"ЖОЛ ЖАСАЛАДЫ": ҰЙҒЫР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ЖУРНАЛИСТЕР АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

Уақыты: 14.11.2019
Оқылды: 751
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Жетісу-медиа» алаңында Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахунов «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2020 жылға арналған жоспар» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізіп, Қарадала өңіріндегі жетістіктер мен көрсеткіштерді таныстырды.

Аудан әкімінің айтуынша, биылғы 9 айдың ішінде ауылшаруашылық саласында 18 миллиард  34 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Атап айтқанда, 2267 гектарға себілген масақты дақылдан 5292 тонна өнім алынған, 300 гектарға өсірілген күнбағыстан 360 тонна, 205 гектар бақша дақылдарынан 3430 тонна, 338 гектарға салынған картоптан 7600 тонна, 1092 гектарға өсірілген көкөністен 30500 тонна өнім жиналған.

Бүгінде 11750 гектарды алып жатқан жүгері алқабында жинау жұмыстары қарқынмен жүруде. Одан бөлек, аудандағы өрік, қараөрік, шабдалы сынды жеміс-жидек бағының көлемі 4532 гектарға жетті. Апорт алмасының бағы 380 гектарды құраса, жүзімдік көлемі 635 гектарға тең. Сонымен қатар, аудандағы аумағы 10,4 гектарды алып жатқан 5 өнеркәсіптік жылыжай алғашқы тоқсанда 1200 тонна өнім жинады. Оның ішінде, 500 тонна қызанақ көршілес Ресей Федерациясына экспортталды.

Ұйғыр ауданында инвестиция тарту көрсеткіші бойынша шағын және орта кәсіпкерлік, құрылыс, білім, денсаулық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, туризм салаларында қарқынды даму бар. Баспасөз мәслихатының екінші кезеңінде тілшілердің қойған сұрағына жауап берген Шухрат Турдахунұлы:

– Автомобиль жолдары бойынша Шонжы, Кіші Дихан, Сұңқар, Дардамты ауылдарының көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге және техникалық қадағалау қызметіне бөлінген 416 миллион 835 мың теңге толығымен игерілді, – деп ауданаралық жолдың жайын таныстырып өтті. – Қырғызсай ауылдық округінде орналасқан «Горный» лагеріне апаратын жолға, Долайты ауылының 4,6 шақырымына, Тасқарасу 6,2 шақырымына, Шырын ауылының 4,3 шақырымына,  Үлкен Дихан ауылының 4,0 шақырымына, Добын ауылының 2,5 шақырымына, Ардолайты ауылының 3,0 шақырымына, Қырғызсай ауылының 5,5 шақырымына, Кепебұлақ ауылының 3,8 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарына 10,2 миллион теңге бөлініп отыр. Құжат дайын болса осы ауылдардың жолы келер жылдары жасалады.

Аудан әкімінің айтуынша, өңірдегі туризмді дамыту үшін ең алдымен Қарадала өңіріндегі ауданаралық, ауыларалық жолдардың жақсы болуы керек. Сонда ғана барлық саланың жұмысы жанданып, өркенді істердің нәтижесі көңіл қуанта түседі.

Мәди ӘСЕТҰЛЫ