АЙЫНА - 500 ТЕҢГЕ: ТҰРҒЫНДАР ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛЫП ЖАТЫР

Уақыты: 13.11.2019
Оқылды: 941
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Аймағымызды табиғи газбен қамтамасыз ету үшін бірнеше жылдан бері тыңғылықты жұмыс атқарылып, жақсы жетістікке жетіп келе жатқаны белгілі. Қазірдің өзінде облыс-аудан орталығы мен қала, елді мекен тұрғындары табиғи газға қосылып,  игілігін көре бастады. Өйткені, оның қаржы мен уақытты, энергиялық ресурстарды үнемдеу, қажетті температураға жылдам қол жеткізу, экологиялық тазалықты сақтау сынды артықшылығы бар. Алайда пәтер иелері табиғи газға қосылуға ынталы болғанымен көпқабатты тұрғын үйлерді қосу ісі кенжелеп тұр.

Өңірді газдандыру жұмысында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын басшылыққа ала отырып, тындырымды жұмыс атқарып жатқанын айта кеткен жөн. Аталған филиалдың негізгі міндеті – табиғи газды тұрғындарға қауіпсіз және үзіліссіз беру. Бәрімізге мәлім, табиғи газ өзінің құрамы бойынша сұйытылған газдан ерекшеленеді. Сондықтан газ құбыры жүйесінің өзге техникалық сипаттамасын талап етеді. Сонымен қатар, нысандарды табиғи газ көзіне қосу қауіпсіздік техникасының заманауи талаптарына сәйкес келуі тиіс. Айта кетерлігі, газ есептегішін сатып алу, ЖСҚ әзірлеу, техникалық қадағалау, желдету каналын тексеру сияқты қызметтерді басқа ұйымдар жүзеге асырады. 

Тұтынушыларды табиғи газбен қамтамасыз етуде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының нысанның алдын ала сметалық есебін құруға, жобалауға, салуға және газға қосуға көмектесуге толық мүмкіндігі бар. Ал осында көппәтерлі тұрғын үйді табиғи газға ауыстыру мәселесі біраз қиындық тудыратыны анық. Кейде әлеуетті абоненттерге 100 пайыз қолжетімділіктің жоқтығы көпқабатты тұрғын үйлердегі газдандыру жұмысына әсері тиіп жатады. Оған үй иесінің үйде болмауы, іссапарға кетуі, жалға берген немесе меншік иесі басқа қалада тұратындығы қолбайлау болып жатады.

Егер 2, 3-қабаттағы пәтерлерге қолжетімділік болмаса, жоғары қабаттарға газ беру мүмкін емес. Себебі, газға қосуға өтінішті пәтердің меншік иесінің әрқайсысы беруі тиіс. Осыдан кейін барып газ тарату ұйымы қосу құнын нақтылай алады. Одан әрі «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңының 12-бабы 5-тармағына сәйкес құрылыс-монтаждау жұмысына шарт жасалады. Айта кетерлігі, өтініш беруші газбен жабдықтау жүйесі нысандарын магистральді газ құбырына, газ тарату жүйесіне немесе топтық резервуар қондырғысына қосуға байланысты шығындарды нысан иелері өздері төлейді.

Осыдан кейін газбен жабдықтау жұмысы «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңының 24-бабының 2-тармағына сәйкес жүргізіледі. Ол үшін көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарымен жалпы жиналыс өткізуге және газ тарату компаниясында пәтердің меншік иесінің мүддесін білдіру үшін жауапты адамды сайлауға Талдықорған қаласы әкімдігінің көмегі қажет. Десе де, Талдықорған қаласын табысты және жедел газдандыру мақсатында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалы мен қалалық әкімдіктің, жергілікті атқарушы органдардың арасында іс-қимыл мен ынтымақтастық әлі бір жүйеге түспей отыр.

Бүгінгі таңда Талдықорған қаласында 720 (32 303 пәтер) көпқабатты тұрғын үй бар, оның ішінде 480 үй (18 000 пәтер) сұйытылған газды тұтынады. Қазірге дейін қаладағы 1200 пәтер (ішкі құбырлары бар пәтерлер) сұйытылған газдан табиғи газға ауыстырылды. Бір пәтерді ауыстыру құны 10000 теңгені құрады. Осы тұста, осыған дейін айына сұйытылған газ үшін 3000 теңге төлеп келген тұрғын табиғи газға ауыстырылған соң айына 500 теңге төлейтінін қоса кетелік.

Талдықорған қаласындағы мемлекеттік нысандарды табиғи газға ауыстыру мәселесі толық шешілген жоқ. Сондай-ақ, газ құбырларын жыл бойы өз мақсаты бойынша пайдаланбаса, газ құбырлары тозып, газдың шығуын жою үшін қосымша дәнекерлеу жұмыстарын жүргізуге тура келеді. Сонымен қатар, шкафтық газ реттеу пункттерінің жиынтық бөлшектерін және жеке шығару бөлшегін ұрлау және бүлдіру оқиғалары жиілеп барады. Бұл  төтенше жағдайлардың (апат, өрт, оқыс оқиға) туындауына және тұтас аудан үшін газдың берілуін тоқтатуға әкеліп соғуы мүмкін.

Айта кетерлігі, апта сайын филиал тарапынан ақпараттық материалдар таратылып, көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындарымен жиналыс өткізіліп, 3-6 айға артық төлемей, бөліп төлеу мүмкіндігі ұсынылып, халық көп жиналатын жерлерде жарнама орнатылып, телеарналарда Талдықорғанды газдандыру туралы бейнеүзік көрсетілуде. Бірақ халықты қосымша ақпараттандыру үшін Талдықорған қаласының әкімдігі тарапынан нақты қолдау болмай отырғанын несіне жасырайық. Сол үшін филиал әкімдік өкілдерімен бірлесе отырып, Талдықорған қаласының мемлекеттік нысандарын табиғи газға қосу туралы жиналыс өткізу қажет. Сондай-ақ, газдандыру жұмысын жеделдету үшін жергілікті атқарушы орган қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан табиғи газдың артықшылығы туралы халықты ақпараттандырған жөн.

Қоршаған ортаны ыс пен түтіннен қорғау, тұтынушыларды отынның ең тиімді түріне көшіруді арттыру және Талдықорған қаласы тұрғындарының әлеуметтік және тұрмыстық әл-ауқатын жақсарту, шағын және орта кәсіпкерлікті, өнеркәсіп салаларын дамыту және салынған газ тарату желілерін сақтап қалу үшін қаланы газдандыру жұмысын жақын арада аяқтауға күш салу керек.

Қажет АНДАС

Алматы облысы