ТАБЫСТЫ ЖАСЫРУҒА ЖОЛ ЖОҚ: САЛЫҚ ТӨЛЕУШІЛЕР СЕМИНАРЫ

Уақыты: 14.11.2019
Оқылды: 866
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Open space Taldyqorgan» ғимаратында салық төлеушілердің қатысуымен семинар өтті.

Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысы Төлеген Сәрсембаев патенттен басқа салық режиміне көшу және онлайн бақылау-кассалық машинаны қолдану мәселелерінің өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ, аталған тақырып аясында департаменттің мемлекеттік қызметтер басқармасының бөлім басшысы А.Болат баяндама жасады.

Баяндамашының айтуынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке кәсіпкерлердің патент негізінде арнаулы салық режимін қолдану жөніндегі талаптарды өзгерту бөлігінде Салық кодексінің нормалары күшіне енеді.

– Салық кодексімен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызмет түрлерінің шектеулі тізбесі енгізіледі (32 түрі). Оларды жүзеге асыру кезінде патентті қолдану құқығы сақталады. Мұндай шектеудің негізгі мақсаты - бейресми еңбек қатынастарын болдырмау және нақты табыстарды жасыру. Тиісті табыстар алуды және жалдамалы қызметкерлерді тартпай жүзеге асыру іс жүзінде мүмкін емес қызмет түрлері (тәулік бойы сауда, тамақ өнімдерін сату, базарлардағы сауда және басқалары) патент қолдануымен шектелетін болады. Қызмет түрлерінің тізбесін енгізу, табыс мөлшері және жалдамалы қызметкерлерді пайдалану бойынша шектеулерден басқа, негізінен ұқсас режимдерді ұсақ қолөнершілер қолданатын халықаралық практикаға сәйкес келеді, – деген А.Болат енгізілген норма жалдамалы қызметкерлерді заңдастырумен көлеңкелі айналымды төмендетуге бағытталғанын жеткізді.

Айта кетерлігі, бүгінде Алматы облысында 125826 жеке кәсіпкер тіркелген. Оның ішінде патент негізінде 30643 салық төлеуші арнаулы салық режимін қолданады. Ал бұл жалпы санның 24 пайызын құрайды. 30643 патент иесінің 16483 жеке кәсіпкері (53 пайыз) сауда саласында қызмет атқарады. Сонымен қатар, жиында жеке тұлғаларға салықтық рақымшылық, жалпыға бірдей декларациялау, электрондық-шот фактура жазып беру тәртібі мен жергілікті салықтарды өндіріп алу бойынша департаменттің жүргізіп жатқан жұмысы талқыланды. Мысалы, қызмет түрі рұқсат етілген тізбеге енгізілмеген салық төлеушілер салық салудың «оңайлатылған декларация негізінде немесе тіркелген шегерімді пайдалана отырып арнаулы салық режимі» не болмаса «салық салудың жалпы белгіленген тәртібі» режимінің біріне көшуі керек.

Жиынға қатысушылар тарапынан басқа арнайы салық режимдеріне көшу үшін не істеу қажет деген сауал қойылды. Оған баяндамашылар:

– Қазір патент режимін қолданатын жеке кәсіпкерлерге патенттен басқа салық режимдеріне көшу үшін салық салу режимін таңдау туралы қамқорлық жасау және салық органдарына электронды түрде (салық төлеушінің кабинеті арқылы) немесе қағаз тасығышта қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама жіберу қажет. Салық кодексіне сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап онлайн бақылау-кассалық машинаны (БКМ) қолдану бойынша міндеттемелер патент негізінде арнайы салық режимін қолданатын салық төлеушілерге және бірыңғай жер салығын төлеушілерге қолданылады. БКМ-ды қолдану тәртібі Салық кодексінің 166-бабында реттеледі, – деп жауап берді.

«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»

Алматы облысы