ТӨРТ МЫҢ ТОННА КӨМІР БАР: САРҚАНДЫҚТАР БИЫЛ ДА ҚЫСТАН ҚЫСЫЛМАЙДЫ

Уақыты: 19.11.2019
Оқылды: 750
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Сарқандағы 19 білім ошағы, 62 әлеуметтік мекеме, 90 жеке үйге жылу беретін қазандық жұмысымен танысуға бардық. Аула тап-таза. Көмір түсірілетін жердің өзі айнадай жарқырап жатыр. Тәртіп, реттілік байқалады.

Бүгінгі таңда аулаға 4 мың тонна көмір түсіріліпті. Мекеме басшысы Рахат Рахметовтің айтуынша, өздеріне қосылған үйлерге тұрақты жылу беру үшін 7 мың тонна көмір керек. Қатты отынды тасымалдаушы «Қазбизнес» компаниясы отыннан тарықтырмайтынын тілге тиек етті. Осыдан төрт жыл бұрын басшылықты қолына алған Рахмет Әбілмәжінұлы жұмыс істеуге барлық мүмкіндіктің жасалғандығын айтады.

От жағатын пеш, қазандықтар жаңа маусымға сақадай-сай. Қазандық басшылығы әлеуметтің әлеуетін арттыруға барынша жәрдем көрсетіп, көмек қолын созып келеді. Жақында көмек қажет ететін бір үйдің шатырын, ауласын, қашасын жөндеп беріпті. Сондай-ақ, моншасын да жасап, пайдалануға лайықтап берген.

Мекемеде барлығы 21 техника бар. Олар жылу беретін орынның ғана емес, жалпы қаланың керегіне жарап тұр. Кейде аудан атынан басқа қалаларға жүк тасымалдауға да көмек көрсетеді. Яғни, сарқандықтар барды бір-бірімен бөлісе еңбек етеді. Бүгінде аталмыш мекемеде 52 адам жұмыс істейді. Қазандық алаңындағы қызу тірлікке қарап істің өнімділігін бағамдадық. Тұрғындарды жылумен қамтамасыз ететін мекеменің жұмысына сәттілік тілеп, қыстан қысылмай шығайық деген тілек айтып аттандық.

Гүлжан ТҰРСЫН

Сарқан ауданы