СЫН АЙТТЫ: ҮКІМЕТТЕ ОН АЙДЫҢ КӨРСЕТКІШІ ҚАРАЛДЫ

Уақыты: 19.11.2019
Оқылды: 745
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2019 жылғы қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалуының қорытындылары қаралды. Жиынды облыс әкімі Амандық Баталов пен оның орынбасарлары және басқарма, департамент басшылары онлайн режимде тыңдады.

Отырыста негізінен экономика, банк, республикалық бюджет, мемлекеттік сатып алу, өнеркәсіп және көлік, экспорттық өнімдер мен мұнай-газ саласында атқарылған жұмыстар мен орын алған кемшіліктер баяндалды.

Баяндамашылардың айтқаны мен Үкімет басшысының қорытынды сөзіне қарағанда, биылғы қаңтар-қазан айларында жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,4 пайызды құраған. Бұл Елбасы тапсырмасы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған міндеттеріне сәйкес келеді. Демек, ел экономикасында оң өсім сақталуда. Десе де, аймақтардың өсім қарқыны бірдей емес. Біреулері жақсы жетістіктермен жұмыс атқарса, бөлінген қаржыны тиімді пайдаланбай, даму көрсеткіштерін әлсіретіп алған өңірлер де бар.

Осыған орай, Премьер-Министр Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының және Нұр-Сұлтан қаласының экономикалық көрсеткіштер бойынша артта қалып отырғанын ашық айтты. Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының жақсы нәтижесін атап өтті. Сондай-ақ, бюджет қаражатын толық игермеген Экология, геология және табиғи ресурстар, Білім және ғылым, Мәдениет және спорт, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлеріне игерілмеген қаражатқа қатысты тапсырмалар берді.

Соңында Премьер-Министр жиынға қатысушыларға экономиканың сапалы әрі тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін инвестициялар тартуға, жұмыс орындарын құруға, өнімділікті арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға барлық күш-жігерді жұмсаудың қажеттілігін тапсырды.

Селектор соңынан облыс әкімі Амандық Баталов құрылыс саласына қатысты аймақтағы тиісті мекеме өкілдеріне сын айтты. Расында, облыс орталығындағы бірнеше шағынауданда, аудандарда ауқымды құрылыстар жүргізіліп жатқан аймағымыздың бұл салада көш бастап тұруы керек еді. Бірақ селекторда көрсетілген көрсеткіштер бойынша тыңғылықты жұмыс жүргізе алмаған сала басшыларын Амандық Ғаббасұлы қатаң сынға алды.

Қажет АНДАС