150 МЕМЛЕКЕТ ҚАТЫСАДЫ: ДУБАЙДА ЭКСПО ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 25.11.2019
Оқылды: 896
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесі бір жарым ғасырдан аса уақыттан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында олардың танымалдылығы артты. Тіпті, көрмелерді әлем чемпионаттары және Олимпиада ойындарымен салыстыратын болған. Сарапшылардың есептеуінше, 1851 жылы Лондонда алғашқы көрмені өткізгелі бері ЭКСПО-ға бүкіл әлемнен миллиардтан аса адам келген.

Жұртшылықты техникалық жаңалықтарды алғашқылар қатарында тамашалау мүмкіндігі қызықтырады. Дәл осы ЭКСПО-дан кейін телефон, рентген аппараты, сыдырма ілгек, балмұздаққа арналған вафлиден жасалған стақан, телехабар тарату, сенсорлық экран және тағы да басқа дүниелер біздің күнделікті тұрмысымызға жол тартқан.

Бұған дейін бүкіләлемдік көрмелерде жұртшылыққа жоғарыда аталғандарға қоса «Singer» тігін машинасы, дизель моторы, электр розеткасы, Попов радиосы, Люмьер ағайындыларының киноқондырғысы, Ладыгиннің қыздыру шамы, алғашқы сериялық теледидар, IMAX жүйесі және IBM компьютерлері таныстырылған еді. Өзімізге үйреншікті болып кеткен осы заттардың барлығы көрмелердегі көрсетілімнен кейін коммерциялық қолданысқа түсті. 2017 жылы астанамызда қаласында өткен көрмеден кейін адамзат баласы жаңа энергия көздерінің адамзат өркениеті мен болашағына тигізетін әсерін толықтай сезініп, жаңа өмір сүру дағдысына жол ашты.

Сол жылы ЭКСПО-ны өткізу міндеті Біріккен Араб Әмірліктеріне тапсырылып, Дубай қаласы жеңіп алған еді. Жуырда Дубайдағы ЭКСПО – 2020 көрмесінің алғашқы павильонының құрылысы басталды. Араб түбегінде бірінші рет ұйымдастырылатын ЭКСПО көрмесі Дубай қаласында келер жылдың 20 қазанынан 2021 жылдың 10 сәуірі аралығында «Болашақ үшін сана-сезімді біріктіру» тақырыбында өтпекші. Оның ішінде, «Мүмкіндік», «Мобильділік» және «Тұрақтылық» деген тақырыптарға негізделген.

Бүгінде көрмеге 150 мемлекет қатысады деп күтілуде. Ұйымдастырушылар көрмені 25 миллион адам тамашалайды деп болжам жасап отыр. Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) Дубайдағы ЭКСПО – 2020 көрмесіне қатысу үшін қазақстандық павильонның құрылысына ең үлкен жер телімінің бірін ұсынды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірлігіне сапары барысында Қазақстанның ЭКСПО – 2020 дүниежүзілік көрмесіне қатысуы туралы келісімшартқа қол қойды. Соның арқасында Әмірліктер тарабы қазақстандық павильонды құру үшін БАӘ, Монако, Швейцария және Люксембург павильондарының жанында орналасқан жалпы көлемі 3420 шаршы метр құрайтын ең ауқымды жер телімін бөлді.

Жұртты елеңдеткен көрменің басталуына да санаулы ай қалды. Перу мемлекеті Дубайдағы ЭКСПО – 2020 көрмесінде жерді қастерлеудің дәстүрлі рәсімі бар павильонның құрылысына кірісті. Салтанатты іс-шараға Перу Сыртқы сауда және туризм министрі Эдгар Васкес, Перу туризм және экспортты дамыту агенттігінің (PROMPERÚ) атқарушы президенті Альваро Силва Сантистебан, БАӘ-дегі Перу сауда және туризм жөніндегі директоры және Перу бас комиссарының ЭКСПО – 2020 бойынша орынбасары, сондай-ақ, басқа да жоғары лауазымды шенеуніктер қатысты.

"Уақыттан тыс және мәңгілік Перу" тақырыбы аясындағы павильон бірегей архитектуралық дизайнда ұсынылады. Павильонда Перудің өткені, қазіргісі және келешегі арасындағы байланысты білдіретін көпір болады. Перудің ЭКСПО – 2020 көрмесіне қатысуы туризмді дамытуға, экспортты кеңейтуге және инвестиция тартуға бағытталған.

Дүниежүзілік көрме елдің әлемдік нарықта позициялануына және өзге де жасырын мырыш, жүзім, лебеда, асшаян және анар сияқты Перу тауарларына сұраныстың артуына тамаша мүмкіндік береді.

Қажет АНДАС

Алматы облысы