"ҮНЕМДЕЛЕДІ": ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЕСКІРГЕН ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР

Уақыты: 02.12.2019
Оқылды: 785
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«ТАЭТК» АҚ кейінгі жылдары үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша электр стансыларының қуатын арттыру, ұлттық және өңірлік электр тораптарын дамыту, электр желілері мен жабдықтарды жөндеу және пайдалануды жүзеге асыру міндетін қолға алды. Жақында олар пресс-тур ұйымдастырып, атқарылған жұмыстарды ақпарат құралдары өкілдеріне көрсетті. Шараға «ТАЭТК» АҚ мамандары, депутаттар және басқа да сала мамандары қатысты.

Расында, күнделікті өмірді жарықсыз елестету мүмкін емес. Демек, электр энергиясымен қамтамасыз ететін сала мамандарының еңбегі ерен. Қазіргі таңда Қазақстанда электр тұтыну көлемі жылына 5-7 пайызға өсіп отыр. Осындай игілікті жетістіктерді «ТАЭТК» АҚ-ның атқарып отырған жұмыстарынан көруге болады. Олар 2016 – 2020 жылдарға арналған бағдарлама аясында қыруар қаржы жұмсап, жоспар бойынша өңір тұрғындарын электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуде.

«ТАЭТК» АҚ қарасты 11 аудандық электр желісі, 19 бөлім мен қызмет бар. Оларға қарасты электр желілерінің жалпы ұзындығы 12285 шақырымнан асады. Ондағы қызметтер 106 төмендетуші қосалқы стансы, 2039 трансформаторлық қосалқы стансысы арқылы жүзеге асады. Айта кетерлігі, қосалқы стансылар мен электр желілері 1965-1990 жылдары аралығында салынғандықтан көбі ескірген. Сол себепті «ТАЭТК» АҚ кейінгі жылдары өзіне қарасты электр желілерін жаңғыртып, жаңалап келеді.

Биылғы жылғы электр желілерін жаңғыртуға қомақты инвестиция салынды. Осы қаражат есебінде Талдықорған қаласына қарасты Өтенай және Еркін ауылдарында жалпы ұзындығы 68,9 шақырым ескірген әуе электр желілерін ауыстыру жұмысы жүргізілуде. Жалпы, әуе желілерін қайта құру электр энергиясының өткізу қабілетін ұлғайтуға септігі тиеді. Аталған жұмыс толық аяқталғаннан кейін бұрынғы жылдармен салыстырғанда екі ауылда жылына 7153 кВт/с электр энергиясы үнемделеді. Сондай-ақ, бағаналар мен электр желілері жаңарып, жаңа трансформаторлар қауіпсіз жерге орналастырылып, қос ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі де қамтамасыз етіледі.

Қажет АНДАС

Алматы облысы