"ТРАКТОР КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ": АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ КҮНІНЕ ОРАЙ БІРНЕШЕ ЕҢБЕК ОЗАТЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 04.12.2019
Оқылды: 1010
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің күніне орай мерекелік жиын өтті. Салтанатты шарада аталған саланың өркендеуіне үлес қосып, еңбек етіп жүрген озаттар сый-құрметке бөленіп, марапатталды.

Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров алдымен ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдері қойылған көрмені көрді. Бұдан соң телекөрсетілім арқылы сала жетістіктерін тамашалады. Бейнефильмде өңір экономикасының негізгі тірегі ауылшаруашылығы болғандықтан жетекші саланың әрдайым басты назарда екені, аграрлы аймақта егін егіп, төрт түлікті көбейтуде, жеміс-жидек пен көкөніс өсіріп, өндірілген өнімдерді қайта өңдеуде қол жеткізілген табыстар мен тындырымды тірліктердің аз еместігі паш етілді. Байқағанымыздай, биыл да еңбеккерлер өнім берекелілігін арттырып, табыстың тайқазанын тасытуға көп күш жұмсап, маңдай терлетіпті.

Салтанатты шарада Серікжан Іслямұлы сөз сөйлеп, ауылшаруашылығы саласының еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. "Ауылшаруашылығы – біздің аймақ үшін аса маңызды сала. Облыс халқының 80 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Сондықтан, аграрлық саланың дамуы елдің әл-ауқатымен тығыз байланысты. Бүгінде егін егіп, мал өсіріп, азық-түлік өндіру бағытында жұмыс істеп жүрген еңбеккерлер аймақтың дамуына зор үлес қосып отыр. Қажырлы еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!" – деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұдан әрі ауылшаруашылығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баяндалып, жетістіктер тыңдалды. Серікжан Іслямұлы өткен он айда аймақта 718 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, тамақ өнеркәсібінде 362 миллиард теңгенің азық-түлігі шығарылғанын айтты. Ауылшаруашылығына тартылған инвестиция көлемі де аз емес. Жыл басынан бері 49 инвестициялық жоба іске қосылып, өсімдік шаруашылығы бойынша алқап көлемі ұлғайған. Биылғы ауа райының құрғақтығына қарамастан 1,4 миллион тонна дәнді дақылдар жиналып, гектар берекелілігі артқан. Қант қызылшасының өнімділігі көбейіп, нәтижесінде биыл 50 мың тоннадан аса қант шығару жоспарланған. Мал басы өсіп, бордақылау алаңы көбейген.

«Сыбаға» бағдарламасымен 129 шаруашылық 6 мыңға жуық ірі қара, 33 мың бас ұсақ мал сатып алыпты. Су шаруашылығында Қызылағаш су қоймасын қалпына келтіру мен 9 нысанның күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. 35 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу үшін Ислам Даму банкінің қаржысын тарту арқылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, 137,8 мың гектар жерді айналымға тарту жоспарланған. Осы орайда, биыл ылғал сақтау технологиясы қосымша 1073 гектарға енгізіліпті.

Соңында: «Сіздер, астық өсірушілер, механизаторлар, мал өсірушілер, шаруашылықтың жетекшілері мен мамандары, азық-түлік және өңдеу өнеркәсібінің жұмысшылары, өздеріңіздің күнделікті тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға, жалпы елдің дамуына зор үлес қосып келесіздер!» – деп атап өткен Серікжкан Іслямұлы оларға алғысын білдірді.

Келесі кезекте бір топ еңбек озатына ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Енді бірқатары ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Облыс әкімінің Алғыс хаты мен Құрмет грамоталарын алғандар да қуанышқа кенелді.

Биылғы ауылшаруашылығы жәрмеңкелерін өткізуде Қарасай, Алакөл, Балқаш аудандары мен Қапшағай қаласы, ауылдық округтерден Панфилов ауданының Пенжім ауылдық округі, Ұйғыр ауданының Үлкен Ақсу ауылдық округі, Еңбекшіқазақ ауданының Түрген ауылдық округі, Ескелді ауданының Бақтыбай ауылдық округі, Ақсу ауданының Қарашілік ауылдық округі жеңімпаз атанды.

Ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары арасында «Текелі сүт зауыты» ЖШС, «Тамшыбұлақ» ЖШС, «Голд продукт» АҚ үздіктер қатарынан көрінді. «Үздік ауылшаруашылығы тауар өндірушілері» номинациясы бойынша Талғар ауданындағы «Байсерке Агро» ЖШС мен Іле ауданындағы «Оңалбаев» ШҚ-на «МТЗ-82.1» тракторларының кілті табысталды. Осы аталым бойынша Қарасай ауданындағы «Оңтүстік агропарк», Көксу ауданындағы «Балпық» ЖШС, Кеген ауданындағы «Мади» ШҚ, Райымбек ауданындағы «Өркен» ШҚ 400 мың, 500 мың, 600 мың теңгенің сыйақысын алып, сый-құрметке бөленді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы