"ЖАҢАЛАУЫМЫЗ ҚАЖЕТ": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРҒА НАЗАР АУДАРДЫ

Уақыты: 09.12.2019
Оқылды: 744
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Аудан әкімдерінің есеп беру жиынын Ұйғыр, Алакөл, Талғар, Жамбыл аудандары мен Қапшағай қаласы жалғады.

Алғашқы болып Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахунов баяндама жасап, ел экономикасына сүбелі үлес қосу үшін мемлекеттік бағдарламаларды басшылыққа ала отырып, облыс әкімдігі тарапынан берілген тапсырмаларды орындауда арнайы жұмыс жоспары құрылып, жыл қорытындысын белгіленген межеден асыру барысында жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Демек, биылға жоспарланған салықтар мен түсімдер 104 пайызға орындалып, оның ішінде жергілікті бюджетке 2690 млн. теңге түсуі қамтамасыз етіліп, былтырғыдан 64 млн. теңгеге артқан.

Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 12 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 112 пайызды құраған. Кәсіпкерлік саласында 15 жаңа нысан ашылып, 37 жұмыс орны құрылған. Келер жылы инвестиция көлемін 15 млрд. теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Осы орайда «Прима Кұс» ЖШС қуаттылығы 35 мың тонналық құс кешенін салуды жоспарлап отыр.

Келесі кезекте Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиев есеп беріп, биылғы 10 айда әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер толығымен орындалғандығына тоқталды.

– Аудан ауылшаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемімен облыста 8 пайыздық үлеспен 3-ші орынды алып отыр. Басты бағытымыз – ауылшаруашылығы саласы. Мал шаруашылығында барлық жұмыс жүйелі жолға қойылды. 19 мал бордақылау алаңы жұмыс жасауда, онда 2525 ірі қара мал бордақылануда, ет өңдеу зауыты іске қосылды, қажетті жем-шөп қоры әзірленді. Бір айта кететіні, бізде негізінен ұсақ мүйізді мал өсіріледі. Соның жүнін қайда апарамыз деген сұрақ туындаған болатын. Аудан инвесторларының қаражатына 350 млн. теңгеге Қарғалыда жылдық қуаттылығы 8 мың тонналық жүн жуатын жаңа нысан іске қосылды. Онда 73 жұмыс орны құрылды. Жалпы, биыл жобалық құны 3 млрд.592 млн.теңгелік 3 кәсіпорын іске қосылып, бір кәсіпорын өндіріс орнын кеңейтіп, 190 адам жұмыспен қамтылды. Аталған нысандарда бүгінгі күнге 640 млн. теңгеге 380 тонна өнім өндірілді. Ал келер жылға «ҚазНұрХолдинг» ЖШС-нің Біріккен Араб Әмірліктерімен бірлескен 250 жаңа жұмыс орны бар, қуаттылығы 100-ден 500 МВт дейінгі электр қуатын өндіретін стансы құрылысы жоспарлануда. Жоба құны 195 млрд. теңгені құрайды, – деді ол. Сондай-ақ, ауданда 15 гектар жерге өндірістік негіздегі жылдық қуаттылығы 4 мың тонналық, тұрақты 78 адамды жұмыспен қамтитын жылыжай кешенінің құрылысын салу да жоспарда бар.

Ары қарай есеп беруді жалғаған Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев Алакөл демалыс аймағында күніне 23714 туриске қызмет көрсететін 244 демалыс орны жұмыс істейтінін, ағымдағы жылы өз қаражаттары есебінен 1291 орынды 35 нысан қолданысқа беріліп, аудан экономикасына 2,6 млрд.теңгенің инвестициясы тартылып, демалушылардың саны 1 млн. 340 мың адамға жеткенін, 7 млрд. 951 млн. теңгенің қызметі көрсетілгенін тілге тиек етті. Алдағы жылы Ақши демалыс аумағында өз қаражаттары есебінен «Көктем Гранд» серіктестігі 1 млрд. 510 млн. теңгеге және «Гранд Вилл» серіктестігі 2 млрд 950 млн. теңгеге демалыс орындарын салуды жоспарлауда. «Туран Экспресс Тур» серіктестігі 266 млн. теңгеге жылжымалы демалыс орындарын орналастыруға ниетті. «Алакөл Ресорд» демалыс кешенін кеңейту жұмысы да қолға алынбақ.

Ақши демалыс аймағының инфрақұрылымын дамыту мақсатында саябақ құрылысы жүргізілуде. Келер жылға «Жалын» лагерін қайта жаңғыртуға, жағажай футболы, волейбол және үлкен теннис алаңын салу көзделуде. Осы орайда Амандық Ғаббасұлы спорт алаңын салу жақсы ой екенін айта келіп, шомылу маусымы ашылғанға дейін бітіруді тапсырды.

- Демалуға барғандар үшін барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Шомылу маусымы басталарда спорт алаңын ашып, спорттық жарыстар ұйымдастыру керек. Сондай-ақ, көлдегі қауіпті аймаққа жібермейтін белгіні жаңалауымыз қажет, – деді.

Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров халқы көп, соған орай шешілуі тиіс дүниесі де шаш етектен келетін ауданның бірқатар мәселесін алға тартты. Оның ішінде мектеп, Мәдениет үйі, дәрігерлік бөлімшелер салу қажеттігін атап өтті. Іргелі аймақты одан ары дамытуда бірқатар инвестициялық жобаларды да ұсынды.

2020 жылға жалпы құны 8489,5 млн.теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жоспарлануда, нәтижесінде 565 адам жұмыспен қамтылады. Олардың 2-уі өнеркәсіп, 3-уі ауылшаруашылығы салаларында. Атап айтар болсақ, «Медициналық Холдинг Sintes-kz» ЖШС медициналық бағыттағы бұйымдар, травматология саласындағы жасанды буындар және медициналық жабдықтар шығаратын  зауыт ашуды жоспарлап отыр. «Apple City Cider» ЖШС шарап өндірісі немесе алкогольді алма сусынын шығаратын өндіріс орнын салуды көздеп отыр. «Массари» ЖШС 1,0 га алқаптық өндірістік жылыжай, «Алель-Агро» АҚ  мал соятын және ет өңдейтін цех, «Байсерке-Агро» ЖШС селекциялық асылдандыру орталығын ашуды жоспарлауда.

Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков те қаланың даму көрсеткіштерін алға тарта отырып, келер жылы ауылшаруашылығын, өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту бағытында қолға алынатын шараларды баян етті. Соның ішінде ең ірі деген жобаларды атап өтер болсақ, «Солар Пауэр Қапшағай», «Техно Базальт» ЖШС-тері күн электрстанцияларын салуды, «Құмсуат Фарм» ЖШС медициналық өнімдер,  «Бағашар Мекен» ЖШС антфриз сұйықтығын шығаруды, «Kaz Organic Product» балық өңдеу цехын салуды көздеп отыр. «Маревен Фуд Тянь-Шань» макарон өнімдерін шығарудың 5 бағытын, «ГринЛэнд Алатау» кешені жылыжай ауқымын кеңейтудің 3 кезеңін жүзеге асырмақшы. Ет өндіретін «NAURUZ AGRO» зауытының,  «Cerman Trust Shoulder Kazakhstan» тауырлы-сүт фермасының құрылысы басталмақ.

Осы сынды жүзеге асатын жобалардың арқасында келер жылы өндіріс өнімінің көлемін 80,0 млрд.теңгеге жеткізу жоспарланған, бұл биылға қарағанда 5,0 млрд.теңгеге артық.

Аудан әкімдерінің есебін тыңдаған облыс басшысы ең бірінші кезекте келер жылы тартылатын инвестициялық жобаларға баса мән берді. Өйткені, инвестиция тарту – өзекті іс. Ол арқылы жергілікті жерге қаржы құйылады, тұрғындарға жұмыс орны ашылады, бюджетке салық түседі. Сондықтан, аудан, қала әкімдерінен осы бағыттағы жұмыс айрықша талап етіледі. Сонымен қатар, халыққа қажетті нысандарды жөндеуден өткізіп, баспана салудың, таза ауыз сумен қамтып, жолдарды жөндеудің, тұрғындар үшін басқа да жайлы жағдайларды жасаудың маңызы зор.

Осы орайда алдағы жылда ел тұрмысын түзетуге бағытталған жобалардың бәріне жіті мән беріп, оның қажеттілігін салмақтаған өңір басшысы қаржы талап ететін, кезегін күттірмес мәселелердің шешімін табуына, сапалы жүзеге асуына айрықша көңіл бөлді. Есеп берген аудан әкімдерінің жұмысына да көңілі толатындығын білдірді.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы